МИНИСТР ШАҚҚАЛИЕВ, БАЗАРДАҒЫ ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛЕРді ОЙЛАДЫҢЫЗ БА?

МИНИСТР ШАҚҚАЛИЕВ, БАЗАРДАҒЫ ШАҒЫН КӘСІПКЕРЛЕРді ОЙЛАДЫҢЫЗ БА?

 ҮЛКЕН САУДА ЖЕЛІСІ МЕН БАЗАРДАҒЫ  БІР 

САТУШЫНЫҢ 

МҮМКІНДІГІ БІРДЕЙ МЕ?

 

Ірі дүкенде бухгалтер, қоймашы, техникалық маман, есеп жүргізетін бағдарлама бар. Ал шағын сауда орнында бір адам тауар әкеледі, сатады, касса жүргізеді, есебін реттейді, салығын төлейді. Жаңа жүйенің талабын да сол адам орындауы керек.

Қосымша шығыннан кейін оның отбасына жеткілікті табыс қала ма? Саудасын жалғастыра алмай қалса, қайда барады?

Бұл жерде кәсіпкерлер міндетті түрде жаппай жабылады деп отырған жоқпын. Осындай тәуекелдің қаншалықты бағаланғанын сұрап отырмын. Оны адамдар табысынан айырылғаннан кейін емес, алдын ала есептеу қажет.

 

ТАҢБАЛАУ БАЗАРДАҒЫ КҮНДЕЛІКТІ САУДАДА 

ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

 

Киімді ұстап көреді, киіп көреді, қайта іледі. Жеке қаптамасыз сатылатын тауар да бар.

Код заттаңбаға түсірілгенімен, ол үзіліп қалса не болады? Код оқылмаса ше? Қалпына келтіру тәртібі қандай? Сатушы қанша уақыт жоғалтады, қанша шығынданады?

Мұның бәріне қарапайым әрі қолжетімді шешім керек. Әр бүлінген заттаңба кәсіпкердің жұмысын тоқтататын мәселеге айналмауға тиіс.

 

КОД ТҰТЫНУШЫҒА 

ҚАНДАЙ ПАЙДА БЕРЕДІ?

 

Тауардың шығу тегі мен айналымын бақылау қажет. Data Matrix коды тауарды сәйкестендіруге, оның жүйеде тіркелгенін тексеруге көмектеседі.

Бірақ кодтың болуы матаның сапасын, құрамының қауіпсіздігін, тігісінің беріктігін өздігінен дәлелдемейді. Киімнің жуғаннан кейін отырмайтынына немесе түсі оңбайтынына кепілдік бермейді.

Сондықтан тұтынушыға нақты түсіндіру керек: ол қандай қосымша ақпарат алады? Сапасыз тауар сатып алса, жүйе оның құқығын қорғауға қалай көмектеседі?

 

БАРЛЫҚ ШЫҒЫНДЫ

 КІМ ТӨЛЕЙДІ?

 

Бір кодтың бағасын айтумен шектелуге болмайды.

Жабдық, бағдарлама, жүйені меңгеру, есеп жүргізу, қателерді түзету, қосымша жұмыс уақыты. Кәсіпкерге қажет болатын шығынның бәрі есепке алынуға тиіс.

Сатушы оны өз мойнына алса, табысы азаяды. Бағаға қосса, сатып алушы төлейді.

Сонда бір киімнің бағасына қанша қосылуы мүмкін? Ал тұтынушы соның орнына қандай нақты пайда көреді?

Мен Мәжілісте жүргенде кәсіпкерлерге түсетін осындай артық ауыртпалықтарға қарсы шыққанмын. Бүгін де жаңа талаптың пайдасы мен толық шығынын ашық көрсетуді талап етемін.

Министр мырза, нақты есепті көрсетіңіздер.

Кәдімгі базардағы шағын сауда орындарында 500-1000 киіммен бір апталық сынақ өткізіп көрейік.

Бір тауарға қанша уақыт жұмсалады? Қанша код оқылмайды? Заттаңба жоғалса, мәселе қалай шешіледі? Сатушының толық шығыны қанша? Оның қаншасы бағаға қосылуы мүмкін?

Бұрын сынақ өткізілген болса, шағын базар саудасына қатысты нәтижесін жариялаңыздар. Жүргізілген реттеушілік әсерді талдауда осы мәселелер қалай есептелгенін көрсетіңіздер.

Сол деректерді кәсіпкерлермен ашық талқылап, артық ауыртпалықты азайтатын шешім қабылдау керек. Өтпелі кезеңде түсіндіру мен техникалық көмек қолжетімді болуға тиіс.

 

БАЗАРДА, ШАҒЫН 

ДҮКЕНДЕ ЖҰМЫС 

ІСТЕЙТІН АҒАЙЫН, 

СІЗДЕР НЕ ДЕЙСІЗДЕР?

 

Қай қалада, қандай тауар сатасыз? Таңбалауға дайындалу үшін қандай шығын есептедіңіз? Сізге талаптарды түсіндірді ме? Ең қиын тұсы қайсы?

Сатып алушылар, сіздер тауардағы кодты сканерлеп көрдіңіздер ме? Қандай пайдалы ақпарат алдыңыздар? Сапаға қатысты мәселені шешуге көмектесті ме?

Пікірлеріңізді, нақты тәжірибелеріңізді жазыңыздар. Шығын сомасы белгілі болса, көрсетіңіздер. Түсініксіз тұсы болса, сұрағыңызды жолдаңыздар.

Әр нақты мысал министрліктен нақты жауап талап етуге негіз болады.

 

АНЫҚТАМА РЕТІНДЕ:

Міндетті таңбалау үш кезеңмен енгізіледі:

- 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап: табиғи немесе композициялық былғарыдан жасалған киімдер мен керек-жарақтар, жасанды үлбір және одан жасалған бұйымдар, ерлер, әйелдер және балалар киімінің жекелеген түрлері, шаңғы костюмдері, төсек-орын, ас үй, үстел және жеке гигиенаға арналған тоқыма бұйымдары.

- 2027 жылғы 1 наурыздан бастап: сырт киімнің жекелеген түрлері, блузкалар, свитерлер, пуловерлер, кардигандар, көкірекшелер, ерлер жейделері, шәлілер, шарфтар, галстуктар және тізімдегі басқа тауарлар.

- 2027 жылғы 1 қазаннан бастап: қосымша санаттар, соның ішінде костюмдер, пиджактар, жакеттер, көйлектер, белдемшелер, шалбарлар, комбинезондар, спорттық костюмдер және трикотаж жейделер.

Тауар қозғалысы туралы мәліметтерді айналымға қатысушылар арасында міндетті түрде беру 2027 жылғы 1 қазаннан басталады. Тауар қалдықтарын таңбалау үшін 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін уақыт берілген.

Санаттар қысқаша көрсетілді. Нақты тауарға талаптың қолданылуы бекітілген тізімдегі тауар коды мен атауына қарай анықталады. «1 желтоқсаннан бастап базардағы барлық киімді таңбасыз сатуға тыйым салынады» деп түсінуге болмайды.

 

Құқықтық негіз:

Сауда және интеграция министрінің «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін және оны енгізу күнін айқындау туралы» бұйрығы, қолданыстағы өзгерістерімен. Мерзімдер мен өтпелі кезең туралы мәліметтер Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми түсіндірмесіне негізделген.

 

Мұрат ӘБЕНОВ, 

Халық Кеңесінің мүшесі 

ФБ парақшасынан алынды

 

11.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29477
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29033
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46286
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41886
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46613