Маңдайдағы із

Маңдайдағы із

Генетиктер ескі сүйектерді, сүйек қалдықтарын зерттеген кезде маңдай сүйегі мен құйымшақтың соңғы бөлігін алып зерттеп, оның ғасырын, жынысын, нәсілін табады. Себебі, осы екі сүйекте ақпарат жазылып, ұзақ жолғы жолдар қалады екен. Ал, дінімізде адам тағдыры маңдайына жазылады екен десе, аңыздарда адамның маңдай сүйегінде шимақталған сызықтар болады деседі. Оны тек сондай бір әулие адамдар ғана оқиды екен. Мұндайда қазақ маңдайыңа жазылғаны демей ме. Ақын Бейбітбек Бүркітбаевтың «Маңдайдағы із» атты жарық көріп отырған кітабы сондай тереңнен сыр тартатын сынды. Өйткені бұл кітаптағы топтасқан өлеңдерде тағдырдың түрлі іздері, өмірдің өткелдері, жазмыштың  жолдары шебер суреттелген. 

 Көнекөздер «көп өмір сүргеннен емес, көпті көргеннен жөн сұра» деп жатпай ма, сол секілді өмірдің ащысы мен тұщысын қатар тартып келе жатқан белгілі журналист өмір мектебінің академиясын тамамдаған десек болады. Өйткені ол жастайынан ауыл өмірін көрді, қилы тағдырларды бастан өткерді, саясатпен шұғылданатын журналистиканың қазанында қайнады. Баспахананы басқарып басшылық қызметтің де дәмі татты. Оның да уын ішкен кездері аз болған жоқ. Одан кейінгі республикалық, халықаралық газеттердің тілшілігін атқарып жүргендегі сынақтар айтсаңшы. Биліктің құйтырқылығы, халықтың шырылы, әділетсіздік пен жапа шеккендердің арасында жүріп шыңдалды. Қазірде зейнетке шыққан ардагеріміз ағамыз өзін ақындыққа қарай бұрып, өмірден көрген түйгендерін сырлы өлеңмен суреттеуде. Кітапқа арқау болып отырған «Маңдайдағы із» атты өлеңінде:

Тағдырымның дәмі қалған таңдайда,

Өмірімнің ізі қалған маңдайда.

Қуаныштың әні көкте қалықтап,

Қиындықтың мұңлы сазы сарнайды-ә?.. – десе, «Жүрегімді лаулатады бір ұшқын» атты өлеңінде:

Жебеп жүрсің, шықпай әлі санадан,

Ұрпақ едің тектілерден тараған.

Жасыл бақта кезің еді құлпырған,

Шашты өріп, шар айнаға қараған.

 

«Қайың – ару ақ балтырлы сол күнде,

Десем саған, мақпал мінез сілкінбе»

Жүрегімді лаулатады бір ұшқын

Сыңғырлаған сырнай сазды күлкің де? деп сырлы сезімді сыбызғыша сарнатады. Өткен күндердің үзік сырларын сөйлетеді. Ал, «Әркім өзі күлшесіне күл тартып» атты өлеңінде:

Жалған осы сан құлпырып, түрленер,

Кеужіресек сұрағанды кім берер?

Әркім өзі күлшесіне күл тартып

Кеудір шалға бұйырмай жүр жүлделер? – деп, қоғамның беталысын бағамдайды. Бұл теңсіздік, әділетсіздік, таныс тамырлықты қалайда балталау керек деген ұстанымда өрілген шумақтар ойлы адамды ойға батырары анық. Сол секілді «Ақын мен әкім», «Назым сөздер, өңшең дүрге діл тірек» сынды өлеңдері пәлсапалық жағынан терең, тілге жатық, ойға жүрдек жазылған. Хан базардай сапырылысқан өмірде қу тірліктің тұзағына матала бермей, осындай ордалы ойлы кітаптарды оқып отырған жөн дейміз. Өйткені руханиятсыз өмір тұл. Ал, өлең руханияттың туын тіккен мұнарасы емес пе? Олай болса әлі сиясы кеппеген «Маңдайдағы із» атты мына кітап сусаған елдің шәрбаты болар дейміз.

Сәкен АЛДАШБАЕВ,

«Сыр Дидары» газетінің бас редакторы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

Қызылорда облысы

12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509