КЖП жауынгерлері қарусыздану рәсімін жасап жатыр

КЖП жауынгерлері қарусыздану рәсімін жасап жатыр

Түркияның бас ауруына айналған Күрдстан жұмысшылар партиясы (қысқаша КЖП) биыл мамырдың басында бұдан былай қарулы қақтығыстан бас тартып, партияны тарататындықтарын мәлімдеген болатын. Бұл жаңалыққа өз көзқарасын білдірген Ердоған партия құрылған 47 жылдан бергі уақытта 40 мыңнан астам адамның қаза тауып, қыруар экономикалық шығындар болғанын атап өткен еді.

КЖП сол уәделерін орындауға кіріскен сияқты. 11 шілде күні Түркия БАҚ-тарында Ирактың солтүстігіндегі Күрдістан автономиясы аумағында шағын рәсім өткендігін хабарлап жатыр. Онда КЖП-ның 30-дай жауынгері қолдарындағы қаруларын өз еріктерімен жойғандығы айтылған. 

«Символдық процесс жоғары қауіпсіздік шаралары аясында жүргізілуде және жаз бойы жалғасады деп күтілуде», – дейді түрік сайттары.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл жаңалыққа қарата жылы лебізін білдіріп, қару жою рәсімін «елімізді байлап тұрған қанды бұғауларды толығымен жыртып тастады» деп сипаттады. Әрі мұндай қадамның бүкіл аймаққа пайда әкелетінін айтты.

Осы аптаның басында КЖП-мен байланысы бар Firat ақпарат агенттігі маусым айында түсірген бейнежазбада топтың түрмедегі жетекшісі Абдулла Ожаланның пікірін таратқан. Партия жетекшісі өз сөзінде КЖП-ны тарату ісін маңызды жаңалық ретінде қарастыра келіп, «бұл қарулы қақтығыстар кезеңінен демократиялық саясат пен заң үстемдігі кезеңіне ерікті түрде өтуі» деп атап, оны «тарихи жетістік» ретінде атаған.

Абдулла Ожалан 1999 жылы қамауға алынғаннан бері Түркияның Имрали аралында жалғыз адамдық камерада отыр. Түрмеде отырғанына қарамастан, ол топтың және оның аймақтағы бөлімшелерінің маңызды символына айналған еді.

Қарусыздану процесін Түркияның күрд Демократиялық теңдік партиясы (DEM) мүшелері мен түрік БАҚ өкілдері мұқият бақылап отыр. Келесі кезең белгіленген орындарда өтеді және Түркия, Ирак және Ирактың солтүстігіндегі күрд аймақтық үкіметі арасындағы үйлестіруді қамтиды дейді олар.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
16.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15501
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15385
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30534
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29165
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32734