Келешек бағасын беретін референдум қолдау мен қорғауға зәру ме?

Келешек бағасын беретін референдум  қолдау мен қорғауға зәру ме?

Жасыратын ештеңесі жоқ, тәуелсіздік алғалы халықтың көріп келе жатқаны Жолдауды қолдау. Сайлауда сайрау! Әйтеуір бітпейтін форум мен жиын-тойда жайнау! Ақыр аяғында қымбатшылық қазанында қайнау.

Ол аз десеңіз, кезектен тыс референдум. Кезектен тыс Президенттік сайлау. Сөйтіп бәрін уақытынан бұрын тындырып, бір тыныстап, тыныштық қазанында қайнау!

Ескі сүрлеуден қашып, жаңа соқпаққа ұмтылады деген жастардың өзі көргенінен жазар емес. Жаңа Конституция жобасын қазірден-ақ қолдап, қорғап жатқандар баршылық. Сынап-мінеп жатқандар да төбе көрсетуде.

Жақсылық пен жамандықтың бірге жүретіні тәрізді, қолдау мен сынау да тамырлас екен-ау. Халықтың көңіліне жағу да, ұнамай, құр босқа лағу да қатар жүретіні қызық.

Біреулер жаңа Конституция жобасын өзгертудің астарына үңіліп, билікті сынап, мінеп жатса, анау-мынау емес, кейбір халық сенім артқан депутаттардың өзі бұл жолғы референдумды «Президенттің көрегендігі» деп, енді бірі Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» теңестіріп, айды аспанға шығаруы түрлі ойға итермелейді. Жағымпаздықты, жалтақтықты жек көретін, адал жүріп, адал тұратын Президентіміз олардың мақтауына, ақтауына зәру ме?

 

 

«Оянған халық» ескі сүрлеумен жүргісі келмейді

Демократиялық жолды қалап, елдің үнін естігісі келетін Президент көпшіліктің сынынан қорытынды шығарып, жаңа Конституция жобасын халықтың талқысына шығарып отыр. Бұл – халықпен санасқаны. Әпербақандыққа салынбай, істің ақырын күткені.

Ел ішінде дау-дамай тудырған, әлеуметтік желіде дүмпу жасаған жаңа Конституция жобасын комиссия мүшелері мен депутаттар қанша мақтағанымен «жолы болмады». Қырсық шалды. Үкілеп бәйгеге қосқанымен, бағы жанбады. Әр тараптан «ақысын төлесең, боқысын шығаратын» кейбір блогерлер мен жазғыш журналистер аттан салғанымен, мәреге жете алмады. Себебі халық оянған. Өткен-кеткеннен хабарлары бар. Ескі мен жаңаны сараптай алады. Әсіресе әлеуметтік желіде бұрынғы Конституцияның жетістігі мен кемшілігін білетін, бұрынғы Президенттің Ата Заңды бұра тартып, бұрмалағанына куә болғандар енді қателесуге болмайды деп өре түрегелді. Ащы сындар да айтылды. Тұшымды пікірлер де ортаға тасталды.

Ақыр аяғында қалың елдің ақ батасын ала алмаған жаңа Конституция жобасы «жетім баладай жәутеңдеп» Мемлекет басшысының алдына барды. Президентіміз «маңдайынан» сипап, «арқасынан» қағып, «жұбатып», иығына үлкен жүк артып, арнайы жарлық шығарып, халықтың талқылауына ұсынды. Бұл да болса Президенттің елмен санаса білетінін көрсетсе керек.

 

Сонымен 15 наурыз – референдум. Бағы жанса, жаңа Конституция жобасы Құлагердей топты жарып келеді. Бабы келіспесе, Батыраштан қиянат көргендей күйге түседі.

Қалай десек те, Ата Заң ойыншық емес. Жыл сайын өзгерте беретін. Қолайына жақпаса, қонышынан басып, ойына келгенін жасай беретін. Бұл жерде ел тағдыры, жер тағдыры тұр. Сондықтан болашағына алаңдаған, өз құқығына немқұрайлы қарамайтын азаматтар референдум күні өз таңдауын жасарына сенім зор.

 

Өткенге көз жүгіртсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік дәуірінде (1990-2019) Қазақстанда жалпыұлттық деңгейде 2 рет референдум өтіпті. Екі референдум да 1995 жылы өткізіліп, оның билігін нығайтуға және Конституцияны өзгертуге бағытталған. Нақтыласақ, 1995 жылы 29 сәуірде Президент өкілеттігін ұзарту, 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституцияны қабылдау үшін.

Ал бүгінгі Президентіміз тұсында 2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтті.

Республикалық референдумға «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы, «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауал шығарылды.

Жалпы алғанда, ҚР Конституциясының 31, 33-бабына түзетулер енгізу жоспарланды. Конституцияға енгізілетін түзетулермен қозғалатын негізгі мәселелер мыналар болып табылды:

- ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың айтуынша, Конституциялық түзетулер жобасы бойынша референдум елдің демократиялық қағидаттарға берік ұстанымын көрсетіп, «бұл әрбір азаматқа Қазақстанның болашағын айқындайтын тарихи оқиғаға тікелей қатысуға мүмкіндік береді».

- Мемлекет басшысы Конституциялық реформа «суперПрезиденттік» басқару нысанынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар Президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтитын мемлекеттің бүкіл моделін жан-жақты трансформациялауға бағытталғанын және бұл Президент өкілеттігін шектеуге әкеп соғатынын атап өтті.

- Бұдан басқа, Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтеді және мәслихаттардың (жергілікті өкілді органдардың) тәуелсіздігін арттырады.

- Сонымен қатар, Мәжіліс пен өңірлік мәслихаттар депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлық-тепе-тең үлгісін енгізу сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерінің барлық спектрін неғұрлым толық қамтуға мүмкіндік береді.

- Түзетулердің бір бөлімі Конституциялық сот құру, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін Конституциялық деңгейде бекіту және өлім жазасына толық тыйым салу арқылы адам құқықтарын қорғауды одан әрі күшейтуге ықпал ететін болады.

2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумдағы дауыс беру қорытындыларына көз жүгіртелік.

«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 31 және 33-баптарына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық референдум комиссияларының дауыс беру нәтижелері мынадай:

референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 11 734 642;

дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 7 985 769 немесе 68,05 процент;

референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 6 163 516 немесе дауыс беруге қатысқандардың 77,18 проценті;

референдумға қойылған мәселенің теріс шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 1 490 470;

жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны – 205 924;

17 облыста, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада дауыс беруге қатысқан азаматтар мәселенің оң шешімін жақтап дауыс беріпті.

Жә, делік. Бүгінгі Президентіміздің алғашқы референдумының нәтижесі жаман емес. Бұл жолы да сол биіктен көріне алар ма екен?

 

Мәжіліс депутаттары жаңа Конституцияны қолдайды

«Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт» демекші, жаңа Конституция жобасын Мәжіліс депутаттары ерекше қолдауда.

Депутат Айдос Сарым «жаңа Конституция қабылдау мемлекет басшысының көрегендігінің белгісі» екенін айта келіп, «Украина мен Ресей соғысып жатыр. Көрші елдердің бәрінде әртүрлі өзгеріс басталып жатыр. Тіпті мынау көрші елдегі тандем де тарап жатыр. Бүкіл аймақ, бүкіл әлем қозғалысқа түсті. Дәл осындай кезде жұрттан бұрын қамданып, Конституцияны жұрттан бұрын қабылдау – көрегендіктің белгісі, мемлекет басшысының көрегендігінің белгісі», – деді ол.

Ол аздай, депутат жиында референдумға адам әкелуге шақырды. «Әр қазақтың азаматы кем дегенде 10 азаматтың тірлігін жасау керек. 15 күні референдум болады. Осы референдумға әрқайсысымыз 10 адамнан алып келсек, ол да аз емес. Бірақ біз жүздеп алып келуіміз керек», – дегенін ерсі көріп жатқандар жетерлік.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін депутат Айдарбек Қожаназаров «жаңа Конституция елмен ақылдасып жазылды» деп, жобаны Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» салыстырған еді.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңа Конституция жобасын біртұтас, теңдестірілген әрі жан-жақты пысықталған құжат деп бағалап, оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға толық дайын екенін айтқан болатын.

Депутаттың сөзінше, оның жаңа Ата Заң жобасын қолдаудағы ұстанымы Қазақстан қоғамының бүгінгі өмір сүру ахуалын және азаматтардың нақты сұраныстарын түсінуге негізделген.

 

 «Қоғамдық және парламенттік жұмыста адамдар мемлекеттен түсінікті ережелер, бәріне бірдей қарым-қатынас пен ертеңгі күнге деген сенімділікті күтеді. Бұл үміт Ата Заңда қандай құндылықтар мен қағидаттар бекітілгеніне тікелей байланысты», – деді ол.

 

Сергей Пономарев ұсынылған түзетулердің өзегінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тұрғанын атап өтті. «Жаңа Конституцияның жобасы дәл осы логикаға құрылған. Ол адам құқықтары кепілдіктерінің біртұтас жүйесін қалыптастырады және декларациялармен шектелмей, оларды қорғаудың нақты тетіктерін жасайды», – деді депутат.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қоғамнан келіп түскен сан мыңдаған ұсыныс-пікірлер негізінде әзірленген жаңа Конституция жобасына қатысты көзқарасын білдірді.

Серік Егізбаев бұл құжаттың елдегі өзекті қоғамдық сұраныстарға толық жауап беретінін, азаматтардың талап-тілегі ескерілгенін айтты. «Талқылау барысында қоғамнан келіп түскен мыңдаған ұсыныс ескерілген, еліміздің болашақтағы даму барысын, азамат пен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының жаңа моделін, мемлекеттік басқарудың бағыт-бағдарын айқындайтын жаңа Конституциямызды халықтың шешіміне ұсынғалы отырмыз», – деді ол.

Оның сөзінше, құжаттың негізінде адам және адами құндылықтар, билік тармақтарының теңгерімі, заң үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттары жатыр. Мұнымен қоса, спикер «Ауыл» партиясының тарапынан республика өңірлерінде Конституция жобасын түсіндіру бойынша кең ауқымды жұмыстардың жүргізілгенін жеткізді.

«Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Көкшетау, Шымкент және өзге де өңірлерде халықпен кездесулер ұйымдастырылып, елдің пікірі толық ескерілді», – деді «Ауыл» партиясының төрағасы.

Оның айтуынша, ауыл тұрғындары ұсынылып отырған өзгерістерді құр заңнамалық түзетулер ретінде емес, өздерінің тұрмыс-тіршілігіне нақты ықпал ететін өмірлік маңызы бар қадамдар деп қабылдап жатыр. Кездесулер барысында азаматтар бұл бастаманың тағдырын халықтың өзі айқындауы қажет деген ортақ ұстаным білдіріп, құжатты жалпыхалықтық шешім арқылы бекітудің маңызы ерекше екенін атап өткен.

«Осы орайда кездесулерде барлық азамат бір ауыздан бұл құжатты халықтың шешімімен бекітетін уақыт жеткенін жиі айтты. Сондықтан Конституция жобасын жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынамын. Отандастарымызды жаңа Конституциямызды қолдауға шақырамын», – деді Серік Егізбаев.

Жаңа Конституциялық жобаны қолдаушылар арасында журналист Мөлдір Нұрман да жүр. Ол әлеуметтік желіде «Халықтық сипатқа ие жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын!» деп пост жазды.

«Жаңа Конституция неге халықтық десеңіз:

Біріншіден, ол бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданады. Яғни Конституцияға өзгерістер енгізуге халықтың өзі бастама көтеріп, он мыңнан аса ұсыныс жолдап, жарты жылдай талқыланып, Конституциялық комиссия отырыстарында нақтыланды.

Екіншіден, саяси реформаларды 2022 жылдан бастаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтуді ұсынды. Соның нәтижесінде Парламенттің рөлі артып, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Енді халық үніне құлақ асатын мемлекеттің міндеттемелерін дұрыстап орындамайтын министрлерге шара көріледі.

Үшіншіден, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері нығайтылды. Конституциялық Сот қайта құрылып, әр азамат өз құқығын тікелей қорғау мүмкіндігіне ие болды.

Төртіншіден, жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені нақты бекітілді. Бұл аз болса Егемендік егесі де халық деп алғаш рет аталды. Енді жер жер қадірін білетін, нақты шаруашылықпен айналысатындарға және кәсіпкерлік мақсатта беріледі. Бұл саланың алға жылжуына әрі азаматтардың табысты болуына септігін тигізеді.  Жаңа Конституция – халықтың еркімен мақұлданып жатқан, халық мүддесіне бағытталған басты құжат. 

Мемлекет әлеуметтік осал топтарды қорғауды, әділдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді басты міндет ретінде жүктеме алып отыр.  Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – әділетті, жауапты және халық үніне құлақ асатын мемлекет құру. Әсіре демократтардың дақпырттарына ермеуге де шақырамын. Желіде күнде тартысып жүрміз, мен Конституцияны жақтаймын, олар даттайды. Себебі халықтық сипатқа ие Ата Заңымызды танымасын дейді. Сондықтан оларға ермей, ел игілігі үшін Конституцияны қабылдап алайық та, алға жылжиық, жыр қылмай. Уақыт жоқ, жұмыс көп, себебі».

 

Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ па?

Кейбір Мәжіліс депутаттары жан-тәнімен қолдап жатқан жаңа Конституция жобасына жазушы-публицист Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев):

«Конституциялық процедура сақталмаса, қабылданбақ Конституцияда легитимділік болмайды!» – деп қарсылық танытты. Бұл пікірді тарих үшін керек болар деп мақалаға кіргізіп отырмыз.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Заң мен Тәртіпке» қатаң басымдық беріп отырған шақта жаңа Конституция жобасында Конституциялық процедура сақталмауы Назарбаев режимінің әлі де билікке ықпалы зор екендігін көрсетеді. Жобаны бұл қалпында референдумға жіберуге болмайды. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация мен 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының 18-бабының талаптары сақталмағандықтан, бұл жоба заңсыз! Осы қалпында референдумда қабылданса да, Конституциялық процедура сақталмағандықтан, ол легитимді болып табылмайды!

 

Құрметті  Президент мырза!

Конституциялық процедураның бұзылуына жол бермеуіңізді сұраймыз!» – деді ол.

Әлеуметтік желіде 90 мыңға жуық адам Жалпыұлттық коалиция бастамасын қолдады

Жалпыұлттық коалиция аясында әлеуметтік желілерде пайдаланушылардың аватарларына тақырыптық рамка орнату бастамасы жүзеге асырылуда. 15 наурызға белгіленген жалпыұлттық референдум қарсаңында өз азаматтық ұстанымын жария түрде білдірген 88 мыңнан астам адам акцияға қосылды.

Twibbonize.com ашық платформасында арнайы «referendum2026» твиббоны жүктелді. Бірнеше күн ішінде ол өсу қарқыны бойынша ТОП-1 қатарына еніп, сервистегі ең көп қолданылған твиббонға айналды.

Қазіргі уақытта бастаманы қолдаушылар саны 88 мың адамға жетті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жаңа Конституция жобасын қолдайтын азаматтар саны күн сайын артып келеді.

Онлайн-белсенділікке бірқатар танымал қазақстандықтар да қосылды. Атап айтқанда, блиц-шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, Сидней Олимпиадасының жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Василий Левит, еңбек сіңірген өнер қайраткері Қаракөз Сүлейменова, музыкант Абай Бегей, продюсер Ренат Басит, «Дервиши» тобының солисі Дільмұрат Бахаров, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов және актер Ерболат Төлеген бар.

Бастама Қазақстанның әр өңіріндегі пайдаланушыларды біріктіріп, азаматтардың ел болашағын талқылауға қатысуының жоғары деңгейін көрсетті.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл акция қоғамдағы цифрлық белсенділіктің жаңа форматына айналып отыр.

 

***

PS: Қоғамда жаңа Конституцияны қолдап жатқандармен қатар сын айтушылар да көп. Оны жоққа шығаруға болмайды. Сынап жатқандар Конституция жылдам жазылғанын, талқы болмағанын, жаңа Конституция Президент билігін күшейтетінін айтады. Қолдап жатқандардың уәжін жоғарыда жаздық. Сондай-ақ Конституциядағы тіл туралы бап та қоғамда қызу талқы тудырды. Желіде көпшілік заңнан орыс тілін алып тастауды талап етті. Бұл, әрине, абсурд. Сондықтан бұл талап орындалмады. 

Тек халықтың шуынан шошыды ма, әлде шынымен жаңашылдық жасағылары келді ме,  жаңа Конституциясының тіл туралы бабындағы орыс тіліне қатысты тармақта бір ғана сөз өзгерді. Ол орыс тілі қазақ тілімен «тең қолданылады» деген сөйлем. Осы «тең қолданылады» деген сөз, «қатар қолданылады» деп өңі өзгеріп шыға келді. Желіде бұл өзгеріс ештеңені өзгертпейді деп шулағандар мен сынағандар болды. 

Жаңа Конституция жобасында тіл туралы 9-баптың мемлекеттік тіл туралы бірінші тармағы өзгеріссіз қалады.

Билік жаңа Конституция жобасын «халықтық Конституция» деп бағалады. Егер шынымен халықтың Конституция болса, бағасын уақыт қазы бере жатар. Әйтеуір болашақ алдында жүзіміздің жарқын болғанына не жетсін!

Сөз соңында мына бір оқиғаны айта кеткіміз келеді.

Оңтүстік Африканың көсемі Нельсон Мандела апертеид кезінде 25 жыл түрмеде отырады. Абақтыдан шыққан күні бір журналист іздеп келіп «Сіз бостандық үшін отырдыңыз ғой» деп ризашылығын білдіріп, сөзге тартады. Сонда Нельсон  сәл ғана жымиып «Жоқ, мен бір адам – бір дауыс деген принципім үшін отырдым» деген екен.

«Бір адам – бір дауыс» – демократияның жалғыз көрінісі. Бізде де қазір өзекті талданып жатқан мәселе – Ата Заңға референдум. Референдум да сол үшін: бір адам – бір дауыс. Иә, пікір әрқашан бар. Бәлкім, іздегенің осы шығар қос қолдап қолдайтын. Мәселе онда емес. Мәселе сенің дауысыңда. Сайлау учаскесіне келіп дауыс беруіңде. Азаматтық позицияңда. Мемлекет болашағы ас үйдегі күңкіл, әлеуметтік желідегі кіжінумен шешілмейді. Болашақ саған ғана тиесілі бір дауысыңды таразының қай басына салуыңмен шешіледі.

Сондықтан 15 наурыз күні референдумға кел. Әр адам, әр дауыс маңызды!

 

Нағашыбай Қабылбек
26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23623
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23277
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39826
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36761
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40932