Атырауда ұзындығы 33,4 шақырым ескі және тозығы жеткен кәріз желілері жаңғыртылуда. Қазір 31 учаске санация әдісімен жөнделуде. Бүгінде 12,8 шақырым кәріз желісі жаңартылған.
Қаланың оң жағалауындағы кәріз тазарту нысаны 80%-ға жаңартылған. Нысанды толық іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған. Сонымен қатар «Квадрат» булану алаңында 1,723 млн м³ тұңбаның 900 мыңнан астамы тазартылып, құрылыс жұмыстары 63%-ға орындалды.
– 2024 жылы 9 кәріздік сорғы станциясында жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде 7 нысан 2024-2025 жылдары аяқталды, ал 2 нысанды 2026 жылдың II тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 33 станция бойынша сараптама қорытындысы алынып, оның жетеуінде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталықтары – Құлсары, Құрманғазы, Махамбет және Доссор үшін кәріз тазарту нысандарының жобалары әзірленіп, биыл мемлекеттік сараптамадан өтеді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков.
Сондай-ақ шағынаудандарды орталық кәріз жүйесіне қосу мақсатында 24 учаскеде жобалау жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы құрылысы басталған Жұлдыз және Геолог (Мирас) аудандарында жалпы ұзындығы 92 шақырым болатын желінің 68 шақырымы салынды. Қалған аудандарда жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.













