Қантай Оразбайқызы орталау мектептен кейін Жаркент қаласындағы педагогикалық училищені үздік бітіріп, сол жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне түседі. Институтты үздік тамамдап, арнайы жолдамамен Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Жаңаталап орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Жас ұстаз көптен армандаған шәкірттерге білім, тәрбие беру ісіне бар ынта-шынтымен кіріседі.
«Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады», – деген К.Д. Ушинскийдің сөзін басшылыққа алған Қантай әр сабағына терең дайындықпен келетін. Еңбек ету барысында мұғалімдік мамандықтың басқа мамандықтардан өзгешелігін бағамдады. Есепші т.б. мамандық иелері үйіне келгенде демалуға, басқа да істермен айналысуға мүмкіндігі бар. Ал мұғалім кешке қарай да ертеңгі өтетін сабақтарына жоспар жасау, оқушыларының диктант, шығарма сияқты жазба жұмыстарын, күнделік дәптерлерін тексеруден қолы бір босамайды екен. Адам өзінен-өзі қашып құтыла алмайтыны сияқты өзі таңдаған мамандығының қиындығына да төтеп беруге ой түйді. Аз уақыт ішінде мектеп ұжымына білімділігін, қабілетін таныта білді. Еткен еңбек, төккен тер босқа кеткен жоқ. Қантай аудандық мәслихат депутаттығына сайланып, даңқ тақтасына суреті ілінеді. Сарыөзектегі №49 орта мектепте өз іс-тәжірибесімен бөлісіп, жас мұғалімдерге ашық сабақтар өткізді. Еңбек жолында Сарыөзек орта мектебіндегі жылдарын жемісті кезеңге санайды. Еңбегі «Еңбек екпіндісі» төсбелгісімен бағаланды. Ұстаздық іс-тәжірибесі облыстық, республикалық баспасөзде талай мәрте жарияланды. Талдықорғандағы №1 мектеп-интернатта еңбек еткен жылдарда әр баланың жас ерекшеліктері мен мінез-құлқына қарай қарым-қатынас жасау талабын түсіне білген ұстаз шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналды.
Қ.Оразбайқызының еңбегін бағалаған педагогикалық ұжым оны директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына жоғарылатты. Қ. Оразбайқызы жаңа міндетіне де құлшына кірісті. Мұғалімдердің сабақтарына да қатысып, жетістіктері мен кемшіліктерін саралады. Ұстаздар меңгеруші көрсеткен кемшіліктерін түзетуге тырысатын. Қ. Оразбайқызы педагогикалық ұжыммен де, оқушылармен де тіл табыса білді. Балаларға ата-ананың міндетін атқарды. Қ. Оразбайқызы бұл білім ордасында да жемісті еңбек етті. Қантай туралы қалалық, облыстық баспасөз беттерінде жазылды. Күш-жігерін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге жұмсаған ұстаз іс-тәжірибесін баспасөз беттерінде жариялап, әріптестерімен бөлісуді жөн көрді. Мәселен, «Үйірменің үйретері көп», «Дидактикалық материалдарды қолдану әдістерім», «Әдебиет сабақтарында жазу жұмыстарын жүргізу тәжірибем», «С. Дөнентаевтың мысал өлеңдерін сатылап оқыту әдістері» т.б. көптеген методикалық мақалаларын жариялады. Бұдан кейін Қ. Оразбайқызы Алматыдағы №45 аралас мектепте еңбек етті. №45 мектептің ішінен №145 қазақ мектебі ашылады. Республикадағы алғаш рет қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің олимпиадасы өтетін болды. «Бөркімізді аспанға ата қуандық», – дейді Қ. Оразбайқызы. Бірден оқушыларды даярлай бастадым. Көбісі орыс сыныбынан келген оқушылар. Мектепте балаларды даярлайтын орын жоқ болғандықтан, үйге ертіп келіп әзірлейтінмін. 10-сынып оқушысы Артықова Айдын Тараз қаласында өткен олимпиададан екінші орын алып келді. Бұл менің құлшынысымды арттыра түсті. Арқалық қаласында республикалық олимпиада өтетін болды. 9, 10, 11-сыныптарындағы үш оқушының үшеуі де қалалық олимпиада жүлдегерлері болды. Атап айтқанда, Сәрсенов Нұрлыбек 10-сынып, Бектасова Жанат 11-сынып, Жұмабеков Қайрат 9-сынып оқушылары. Үшеуі де менің оқушыларым. Қаланың білім жетілдіру институтындағы қазақ бөлімінің жетекшісі, әдіскер Б. Б. Аманбаева мені Арқалық қаласындағы өтетін республикалық олимпиадаға іссапарға жіберді. Бұл сіздің балаларыңыздың талантты, қабілетті болғанына біздің ризашылығымыз, – деп еді абзал ұстаз Б. Б. Аманбаева. Бірнеше күн Арқалықтағы озат мұғалімдері бар мектеп-гимназияларды көріп, танысып, бір марқайып келіп едім. Арқалықтан екі оқушым жүлделі орын алып келді. Келесі оқу жылында Сәрсенов Нұрлыбек Шымкентте өткен республикалық олимпиададан бірінші орын иеленді. Қантай Оразбайқызы ата-аналардың да, шәкірттерінің де алғысына бөленген білікті ұстаз. Бұл айтқанымызға «Ұлан» газетінде жарық көрген оқушылардың мақалалары куә.
Біздің сынып жетекшіміз Қ. Оразбайқызы өз мамандығын терең білетін білімді ұстаз. 6 «а» сыныбына екінші жыл жетекшілік етеді. Сынып сағаттарында оқушылардың үлгерімі сөз болғанда, үлгерімі төмен оқушыларға көмек көрсету керектігін үнемі есімізге салып отырады. Мәселен, бірінші тоқсанда үлгермей қалған Бақтияр Бекежанов туралы мәселе қаралды. Оқушы алдағы тоқсандарда үлгерушілер қатарына қосылатынын айтып, уәде берді. Ол сөзінде тұрып, келесі тоқсанда да үлгерушілер қатарына қосылды. Сыныбымызда 28 оқушы бар. Бәрі үлгереді. Тоғыз оқушы оқу озаты. Қантайдың ерен еңбегінің арқасында сыныбымызда нашар оқитындар жоқ. Қантай оқушылардың пәндік үйірмелерге қатысуын бақылауда ұстайды. Жетекшіміз қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Әр сабағы қызықты да тартымды өтеді. Қ. Оразбайқызының ерен еңбегін оқушылар бағалайды әрі жақсы көреді. Оның сөзі мен ісі бізге үлгі.
6 «а» сынып оқушылары: Қанықова Жанар, Танабекова Гүлнар, Шалшықбаева Қатира, Ниязова Балжан.
Қаладағы №70 орыс мектебінің ішінен қазақ сыныптары ашылды. Аралас мектеп. Орыс сыныптарында оқитын қазақ балалары көп. Қазақ сыныптары аздау. Қалалық білім басқармасының басшысы Н. Қасымов 1992 жылы қазақ мектептерін ашу туралы бұйрыққа қол қойды. Мектепке бөлінген сол кездегі сов.миннің бақшасының ғимараты. Ғимарат басшысы Ю. К. Нан деген корей ұлтының өкілі, Нан десе Нән. Соның әсерінен қол жеткізе алмай, әуре-сарсаңда жүріп, әйтеуір жарты жылдан соң қол жеткіздік. Бірақ ғимаратта электрөткізгіш жабдықтар т.б. ұсақ-түйек нәрселерден түк жоқ. Бұл 1995 жылдың қаңтары еді. Парта, тақта, орындық атымен жоқ. Ата-аналар, мектеп ұжымы көбісі жалындап тұрған жастар. Әйтеуір әр жерден жинастырып, кабинет жабдықтап жүрміз. Біздің ұжым адамдары алыс-жақын мектептердің бүкіл жертөлелерін (подвалдарын) араладық десек, өтірік емес. Әр мектептен 2-3 парта, тақта, әйтеуір керек нәрсені тауып, мәз болатынбыз. Әлі есімде, Дильбар Ашимовна, ұмытпасам, №162 мектеп басшысы, бір қорап бор, дермантинмен қапталған бір тақта беріп жіберген еді, қолдағы бары ғой. Міне, сөйтіп Бостандық ауданында №88 қазақ мектебі осындай қиыншылықтармен құрылған еді. Ата-аналардың аудандық, қалалық оқу бөлімдерінің басшыларынан сұрауы бойынша мен мектеп директоры болып тағайындалдым. Мектеп заман талабына сай болмаса да, талай шәкірттерді ұшырып шығардық қой, – дейді ұлағатты ұстаз өткенін еске алып.
«Басқаларды оқытып үйретуі нәтижелі болсын десе, ең әуелі педагогтың өзі оқуы керек. Оқығанда да әбден қартайғанша оқуы тиіс», – дейді Е. О. Патон, украиналық ғалым, академик, Еңбек Ері. Сол айтқандай, Қ. Оразбайқызы оқу, ізденуден еш жалыққан емес. Сондықтан да ол шәкірттерінің сүйікті ұстазы, жас мұғалімдерге сабақ берудің әдіс-тәсілін үйретуші тәлімгер, қазіргі заман талабына сай терең білім беріп жүрген тағылымы мол ұстаз, іскер басшы. «Сенім», «Алтын жұлдыз» төсбелгілерінің иегері Құнапина Қайыркен Құдайбергенқызы «Тұлға тағылымы» аталған кітабына Қантай Оразбайқызымен сұхбатын ендіріпті. «Басшы адамда қандай қасиет басым болу керек деп ойлайсың?» – деген сұраққа Қантай Оразбайқызы төмендегіше жауап беріпті.
– Басшы болу, ұжымның, ата-ананың, баланың тілін таба білу, әр істен нәтиже шығару, еңбекті бағалай білу керек деп ойлаймын. Мектептегі мұғалімдердің көбісі – жастар. Әр мұғалім сынып жетекшісі, пән кабинеті бар, сонымен қатар аулада әр сыныптың жауап беретін жер телімі (учаскесі) бар. Ол жерге ағаш, гүл өсіреміз. Тіпті бір-екі жылдан кейін біздің мектепті жекеменшік мектеп екен деп те айтып жүріпті. Айнала ағаш, гүл, бір керемет ұядай әдемі мектеп болды. Студенттік кезде құрмет тақтасынан түспейтін едім. Курстастарым белсенді Қантай дейтін. Сол тал бесіктегі тәрбие есейе келе өзіңнің көрген-білгеніңді жүрегіңе жылы қабылдап, түйсігіңе түйіп алу, үлгі алу деген қасиеттер ұстаз болған соң әдетке айналады ғой. Міне, сондай бір басшыға тән қасиеттерді мен айналамдағы білікті басшылардан, әріптестерден, ұстаздардан, тіпті кейде балалардан, шәкірттерімнен үйрендім десем, артық емес.
Жаркентте педагогикалық училищеде оқып жүргенде ұстаз басшы Ж. Шегебаевтың өз ісіне жауапкершілігі, білімділігі, Абай атындағы педагогикалық институттағы К. Абылхановтың адамгершілігі, өз балаларым оқыған Республикалық физика-математика мектебінің директоры А. Чернобейдің әр оқушыны есік алдында қарсы алып, киіміне, әсіресе аяқ киімінің тазалығына көңіл бөлуі бұл да маған үлгі-сабақ болды. Сол адамдарды ұстаздық жолда үлгі тұттым. Жалпы ұстаз қай жаста да тәрбиеші де, тәрбиеленуші, яғни үйренуші ғой деп ойлаймын. Мұғалім де пенде.
Біз де ет пен сүйектен жаралғанбыз. Дегенмен біз ең бастысы – балаға тәрбие берушіміз, үлгі адамымыз. Мұғалім білімді болуы және сол білімді жеткізе білетін дауыс ырғағы, өзінің сөйлеу мәдениеті болуы керек. Мұғалімнің бойындағы ең ұнатпайтын нәрсем: шаңқылдап ұрысып, жекіп сөйлеу, баланың жеке басын сыйламау деп ойлаймын.
Қантай Оразбайқызы ҚР білім беру ісінің үздігі, мұғалім – методист, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, бірнеше мәрте мақтау қағаздарымен марапатталған, оның ішінде ғылым және білім министрлігінің мақтау қағазын алған білікті басшы. Оның жары Саржан – әскери қызметкер. Ұлы Қанат ҚазМУ-ды және халық шаруашылығы (Нархоз) университетін бітірген. Қазір жеке шаруасы бар. Мәдина келін екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкені Мерей Италия университетінің магистратурасында оқиды. Айша, Аружан, Диана, Асылай – мектеп-гимназияның оқушылары. Қызы Шолпан халық шаруашылығы (Нархоз) университетін тамамдады. Қазір Кcell-дің бас маманы. Күйеу баласы Амангелді – кәсіпкер. Ұлы Алнұр – Еуразия университетінің студенті. Қызы Амира – Астанадағы мектеп-лицейдің оқушысы.
Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі















