«Евразия» индустриялық аймағы салынады

«Евразия» индустриялық аймағы  салынады

Мұнайлы өлкеде іргелі жобалардың бірі қолға алынды. Мақат ауданында қытайлық инвесторлардың қатысуымен «Евразия» жеке индустриялық аймағының құрылысы басталды. Атырау – Доссор тасжолы бойында салынатын нысанның жалпы аумағы – 261 гектар. Жоба өнімдерді Ресейге, Орталық Азия және Таяу Шығысқа экспорттауға бағытталған. Оған нысанның географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы оң ықпал етпек. 

Жобаны іске асыру 2031 жылға дейін жоспарланған. Бірінші кезеңдегі инвестиция көлемі 120 млн АҚШ долларын құрайды. Индустриялық аймақ іске қосылған жағдайда шамамен 1300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жоба өңірде мұнай-химия кластерін қалыптастыруға негіз болмақ. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Карлығаш Бекбаеваның айтуынша, индустриялық аймақта бірнеше өндірістік бағыт, соның ішінде алты жоба бар.

– Мұнда өндірістің бірнеше бағытын қатарынан дамыту жоспарланған. Атап айтқанда, мұнай-химия саласына арналған жабдықтар, құбырлар мен құрылыс материалдары, лак-бояу өнімдері, энергия үнемдейтін технологиялар, темірбетон бұйымдары, натрий-ионды аккумуляторлар шығару және шөлейттенуге қарсы биомассаны қайта өңдеу жобаларын қамтиды, – деді К. Бекбаева.

«ЕвразияСтройКапитал» ЖШС директорының орынбасары Вейбо Ланның айтуынша, қазіргі уақытта темірбетон бұйымдарын өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Аймақтағы негізгі бағыттың бірі – шөлейттенуге қарсы бастамалар.

– Шөлейт жерлерді қалпына келтіру жобасы 500 гектар аумақта тәжірибелік негізде жүріп жатыр. Бұл Атырау облысындағы сортаң жерлерді көгалдандыруға мүмкіндік береді. Аймақ экологиясы жыл сайын қамыс өртінен зардап шегеді. Осы мәселені шешуге де оң әсерін тигізбек. Бастама сәтті болса, мұндағы технологияларды ауылшаруашылығында тыңайтқыш ретінде және керосин өндіруге де пайдалануға болады, – деді В. Лан.

Жоба тұйық өндірістік цикл түзуді және экологиялық шешімдер енгізуді көздейді. «Евразия» индустриялық аймағы өңірдің өнеркәсіптік дамуының драйверіне айналып, экономиканың өркендеуіне серпін береді деп күтілуде.

А.ХАМИТТЕГІ

30.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25174
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24692
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42114
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37975
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42448