Еуропа мен Американы тамсандырған сәнбике – қазақ қызы

Еуропа мен Американы тамсандырған сәнбике – қазақ қызы

Сіз әлемнің 5 құрлығын еркін аралап, Еуропаның 5 тілін еркін меңгерген қазақ қызы туралы не білесіз? Биік сән әлемін нәсілшілдік билеген заманда Еуропа мен Американы таңдай қақтырып, бағындырып, табындырған алғаш азиялық сәнбикені танисыз ба? Өнеріне консервативті Ағылшын елінің ханшайымы Маргарет тік тұрып қол соғып, көркіне, салтанатына, бар болмысына қошамет көрсеткен қиғаш қас, қыпша бел сұлу туралы хабардарсыз ба? ХХ ғасырда Голливудтың ең әйгілі кино актрисалары  иығына ілген сән киімін қалаған модель туралы не білесіз? Өзінен өзгені төмен санаған ақ нәсілді Американы шулатып, ағылшынтілді газет-журналдар жарыса «Үздік сәнбике»,  «Шыңғыстың інжу-маржаны», «Диордың Музасы»  деп атаған сәнбике жайлы естуіңіз бар ма?

Екінші дүниежүзі соғысынан соң қалжыраған Еуропаны дүр сілкінтіп, есеңгіреген халықтың жаңа  өмірге құлшынысын оятқан француз кутюрьесі-сән шебері Кристиан Диордың NewLook – Жаңа бағыт атты киім үлгісінің революциялық жаңа стилінің бет-бейнесі болып, танымал Dior, YSL-Yves Saint Laurent сән үйлерінің жиырма жылдай үздік сәнбикесі атанған Алла Елшін туралы не білесіз?

Қызығы мен шыжығы мол жеке өмірі туралы тіс жармай, сырт көзге қашанда жұмбақ, жан-дүниесі сыр сандық, ұлтына дейін сан-саққа жүгіртіп, бірде қытай, бірде орыс, кейде манжұр атанған Алла өмірден өтерден сәл бұрын жылдар бойы сақтаған құпиясын ашық жариялап, әкесінің қазақ екенін, өзі  жетісулық байдың тұқымы Қуантханның қызы екенін, әкесінен қиын-қыстау заманда көз жазып қалғанын жария еткен. 

Осынау аты аңызға айналған қандасымыздың есімі уақыт өте көмескі тартып, сән мінберіндегі ерен еңбегі ұмытылып, ел жадынан өше бастаған кезде Құдіреттің күші, қан тартылысы  сол ұмытылудан Алла есімін арашалап, мәңгілікке ұмтылуға ұйытқы болуына меценат, қаржыгер, дипломат, Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының президенті Берлин Кенжетайұлы Иришевтің еңбегі. 

«Алла Елшін – мәдени мұра» атты кітап Харбинде дүниеге келіп, бар ғұмырын Францияда өткізген, сүйегі Париж маңында қалса да, өзінің 100 жылдығы қарсаңында атажұртына тас мүсін болып оралуға дайындалған қазақ қызы туралы. Алланың есімінің еліне, әлемдік жадқа салтанатты түрде оралуына адам айтса сенгісіз қыруар еңбек еткен Берлин Иришев пен оның командасы – Франциядағы қазақстандықтардың қауымдастығының – AKF том-том детективке арқау боларлық істері туралы.

«Монсо саябағында кездейсоқ табылған портрет»... осы айта-айта таптаурын болған сөз тіркесі сайып келгенде ақиқатқа жанаспайды дер едім. Өйткені... өйткені өмірде кездейсоқ дүние некен-саяқ. Аңызға айналған әйгілі Диордың Музасы атанған Алла Елшіннің көзі тірісінде салынған бірегей портреті сексеннің сеңгіріне аяқ басқан азаматтың өмірлік миссиясына айналды десек те болады.

Әлқисса, осыдан жеті жыл бұрын Берлин мырзаның қолына түскен портрет үлкен бір істің бастамасына айналып, жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстарына; Алланың елеусіз қалған зиратын тауып, басына көк тас қоюға; бірнеше тілде: ағылшын, француз, қытай, орыс тілдерінде алты кітап жазып, жарыққа шығарып, Алла Елшіннің өмірі мен мансабын зерделеген деректі фильм түсірілуіне, оның  жүріп өткен жолыменен дүниені шарлап, кітаптары мен фильмнің таныстырылымдарын өткізуге түрткі болды.

Иришевтің ұйымдастырушылық қабілетінің, AKF командасының тынбай еңбектенуінің арқасында ел-елде жобаның жанкүйерлері топтасып, «Алламания» қозғалысы табиғи түрде туындап, жоба халықаралық деңгейге көтерілді.

Француз тарапына Алланың еңбегінің маңызын, қытай тарапына Алла Елшіннің қазақ қызы екенін мойындатып, әлемдік желіге шегелеп жаздырып, тізбелеп тауысу мүмкін емес, сан қилы, дала рухын дүр еткізген мәдени шараларды ұйымдастырған Берлин мырзамен бірлесіп жетінші кітапты жазып шығу бұйырғаны мен үшін үлкен дәреже.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, қазақ тілінде жарық көретін бұл кітаптың жазылуы да өзгеше болды. Берлин мырзамен Еуропа мен Азия, Париж бен Алматының ортасын көзге көрінбес көпірге айналдырып, уақыт белдеуінің айырмашылығына қарамастан, жұмысымыз ә дегеннен қызу жүріп кетті. Парижден электронды түрде де, қоңырау арқылы, дыбысты хабарламалар түрінде келіп тұрған ақпарат легі күні-түні толастамады.

Бір сәтте болмаса да, Берлин мырзамен ортақ мәміліге келіп, кітапты безендіру болсын, құрылымы болсын, бар шаруа бірте-бірте жүйеленіп, бас-аяғы екі ай шамасында кітабымыз баспаға берілді. 

Күндіз-түні тынбай еңбектенудің арқасында, сана мен бейсана қатар қызмет атқарып,  кітап түсіме де кіретін болып, кітапты бұрынғы басылымдарда қолданылмаған, заманауи талапқа сай кеңейтілген мазмұнмен толықтыруды ұсындым. Берлин Кенжетайұлы ұсынысымды қабыл алып, жедел түрде «компьютердің құлағында ойнайтын» жастардың арасынан Анель Казанованы жұмысқа тартты. Жұмыла атқарған жұмыстың арқасында QR код арқылы осы кітапта 90 жасын тойлап жатқан ғұлама ақынымыз Олжас Сүлейменовтың дыбыстауымен Аллаға арналған өлеңді естіп, шашауын шығармай жиналған, жеті жылда жобаға ықылас білдірген жандардың тізімімен танысып, айтылған пікірлермен таныс бола аласыздар. 

Кітап соңында англосаксондық баспадағы Аллаға қатысты материалдармен танысып, 7 жылда Иришевтің бастамасымен істелген қыруар жұмыстың есебі мен  Алматының Көктөбесіне Алла Елшіннің көтерілуі туралы хабардар боласыздар. 

Бір мақаланың аумағында кітаптың бар құндылығы туралы айтып тауысу мүмкін емес, сондықтан да 2026 жылдың 7 мамырында ҚазҰУ-де өтетін кітаптың тұсаукесеріне келіңіздер, 27 мамыр күні мүсіннің ашылуын 17:00-де Көктөбеде көріңіздер!

 Алла Қуантханқызына арналған 7-ші кітапты +7 708 164 6012 нөмеріне хабарласып ала аласыздар. 

                

Маруана ХАМЗАҚЫЗЫ, 

жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі,  

Мәдениет қайраткері 

 

22.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25175
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24694
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42115
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37977
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42449