ЕЛ ІРГЕСІ БҮТІН БОЛСА, ТҮТІН ДЕ ТҮЗУ ШЫҒАДЫ

ЕЛ ІРГЕСІ БҮТІН БОЛСА, ТҮТІН ДЕ ТҮЗУ ШЫҒАДЫ

Бәріміз уақытқа қараймыз. Ал уақыт ешкімге де, ештеңеге де қарамайды! Алды-артына қарамай зымырайды...

Сөйтіп, Жылан жылын да артқа тастадық. Жыбырлағандардың ішіндегі ең уыттысының бірі болса да, қазаққа жайлы, майлы болғанға ұқсайды. Әйтеуір, қала мен ауылдағы мейрамханалар мен тойханалар қонақсыз қаңырап қалмады. Таңды таңға ұрып тойлаған қазақтардың масаң үні мен қасаң дауыстары көшелерді жаңғыртып жатты...

«Бұдан да жаманымда тойға барғанмын» дейтін қазақ, кедейлігімді ұмытайын, көңілімді көтерейін деп шапқылап жүрген секілді. Әйтпесе, не той? Баспанасы ипотекада, машинасы несиеде! Керек десең, тойдың өзін банктен қарыз алып жасап, қарызына қарыз жамап жатқандар аз ба? Әй, бұл қазаққа болмайды-ау, «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» деп қашанғы далақтайды енді? Иен байлықтың үстінде қашанғы жалаңбұт отыра бермек?!

Билікке де бұл жыл жаман болмаған секілді. Әйтеуір, жаңа жылды құшақ жая қарсы алып, аспанға салют атып, мәре-сәре болды. Бұл дегеніңіз, жеңіске жеткен адамның атап өтер мерекесі ғой... Иә, жоғары жақты да түсінуге болатын секілді. Қасыңда аюдай ақырған, айдаһардай атылған екеу отырса, не күйде болар едің? Әрине, сескенесің, үрейленесің! «Көп – қорқытады, терең – батырады».

Бәлкім, бірін алдап, бірін арбап, бірінің аузын тығындап, екіншісінің көмейін бітеп жүргенде, артына қарауға, халықты «баурауға» уақыт жетпей жатуы да мүмкін. Сол үшін де билікке кейде түсіністікпен де қарап, асылға балап қойған да дұрыс шығар. Ең бастысы, тыныштық емес пе!

Сыртқы саясатқа көз жүгіртсек, Президент Тоқаевқа ризашылығың оянады. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, алпауыт ел Президенттерінің көңілін тауып жүр. Қазақстанның әлемдік аренадағы орны да Президенттің тұлғасымен өлшенеді.

Мысалы, «Орталық Азия-АҚШ» саммитіне қатысу үшін былтыр 6 қарашада Тоқаев Трамппен кездесу үшін АҚШ-қа барды. Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен келіссөз жүргізді. Ақ үйдегі кездесу нәтижесінде екі ел басшылары құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойды. Бұл – үлкен жетістік!

Осылайша, екі тарап ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелерін жан-жақты талқылап, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын нақтылады. Сонымен қатар Президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Ал «Орталық Азия – Қытай» саммиті де біз ойлағаннан да нәтижелі аяқталды. Маусым айында Астанада «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті өтіп, оған қатысу үшін арнайы 16 маусымда Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елордаға келді. Сол күні екі ел басшысы кездесіп, келіссөз жүргізді.

Президент Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды. Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауылшаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты. Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар. Бұлар да ел болашағы үшін өте қажет дүниелер.

Президент Тоқаев 18-20 желтоқсан аралығында ресми іссапармен Жапонияға барды. Мемлекет басшысы бұл сапарында Жапония императоры Нарухито және премьер-министр Санаэ Такаичимен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, сапар аясында Президент «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысты.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту перспективасы егжей-тегжейлі талқыланды. Онымен қоса, екі ел арасында 3,7 млрд доллардан асатын 60-тан астам құжатқа қол қойылды. Нәтижесінде Қазақстан Жапонияға уран жеткізетін болды. Осылайша, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы мен жапониялық Kansai Electric Power Co. табиғи уран концентраттарын сату және сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Мәміле құны мен уран концентраттарын жеткізу көлемі құжатта көрсетілмеген. «Қазатомөнеркәсіп» басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов келісімге қол қойылғанын растады. Алайда, келісімнің құны құпия екенін жеткізді.

Пенде болғасын қауіптене береміз ғой. Кедей елдерге қарап қойып, бізде бәрі бар, онда неге кедейміз деп күңкілдейтініміз рас. Жоққа жүйрік жете ме, бірақ!

Жылан жылы жер бауырлап жеткен қымбатшылық, жылқы жылы жалына қол тигізбей кетпесе жарар еді. Себебі екпіні қатты. Қимылы әбжіл. Қазірдің өзінде қаңтардың сары аязымен қабаттасып, елдің жағасынан алуда. Адамдардың қасы мен қабағы да қатулы... жадырап, жайнап жүрген адам аз.

Әлем мазасыз. Күштінің құйрығы диірмен тартып тұр. Қырғи-қабақ мемлекеттер бір-бірінің осал тұсын аңдып, енді болмаса тарпа бас салуға дайын. Екі оттың ортасында шыр-шыр еткен бозторғай секілді Қазақстан да алпауыт елдерге жаутаңдап қарап қояды. Ақыры жақсы болғай!

Өткен жылға көз жүгіртсек, ойлы-қырлы белесті аралағандай күйге түсесің. Кейде қуанасың, кейде қуарасың! Жетістіктерге желпінесің, кемшіліктерден жиіркенесің! Алайда тәуелсіз елдің көк туының көкте желбірегенін көріп, тәубе дейсің!

Еліміздің заң шығарушы органы Парламент жараған аттай жарап тұр. Депутаттар белсенді, маңайларына маңғаздана қарап тұр.

2025 жылы Мәжіліс 100 заң қабылдапты, оның 24-іне депутаттар бастамашы болған көрінеді. Қабылданған заңдардың басым бөлігі лудомания, онлайн-алаяқтық, некеге тұруға мәжбүрлеу секілді қоғамдық кеселдермен күресуге бағытталған.

Ең есте қалған даулы заң жобасы – ЛГБТ. Сенат депутаттары архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеуге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қолдады. Құжат Еңбек кодексі мен 12 заңға өзгеріс енгізуді көздейді.

Негізгі өзгерістер: балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау нормалары күшейтіледі;

педофилия және дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттайтын контентті қоғамдық кеңістікте, БАҚ-та, интернет пен онлайн платформаларда тарату шектеледі.

Сенатор Амангелді Есебайдың айтуынша, бұл шаралар жас ұрпақты қорғауға, отбасы институтын нығайтуға және ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған.

Дауыс беру қорытындысы бойынша заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ насихатына қатысты заң нормаларын түсіндірді. Олардың мәліметінше, ЛГБТ өкілі болғаны үшін ешкім жазаланбайды.

 

Нағашыбай Қабылбек
15.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 59

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22225
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 21986
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 37700
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35570
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39627