Алтай мен Қалба тауды Ертіс бөлген.
Қалбаның алқабы бай, аңға өрген.
Бұл аймақ Өр Алтайдың жалғасындай,
Сұлу жер, жанды арбар бір көргеннен.
Жаз жайлы, жасыл кілем гүл оранған,
Қысы қат, аязы мен қарлы боран.
Орман, тау, шүйгін жөбі, жұпар ауа,
Жаныңа қуат қосып, шипа болған.
Қалбаның жануар мен адамында
Өзіндік ерекшелік бар қанында.
Төзімді, қиындыққа мойымайтын,
Қасиет, туып өскен топырағында.
Шертемін дастан етіп, хикая сыр.
Мадақтап жылқы малын төгемін жыр.
Қалбаның табиғатын еміп өскен
Ерлігіне адам сенбес айғырдың бір.
Қазақтың жаны бірге жылқыменен,
Ерекше мінез ғой бұл басқа елден.
Қанаты – сапар шексе, серіктесі,
Батырдың күш, қуаты – жауды жеңген.
Қазақ пен жылқыларда мінез ұқсас.
Оларға көрсете алмас ешкім қысас.
Момақан көрінгенмен, шапқа түртсе,
Тулайды асаулықпен, болмай жуас.
Жылқының дүлей күші, қазақта бар,
Аттандап жау келгенде, қарсы шабар.
Тайынбай, жауларын да жеңіп жүрген,
Серігі тұлпарымен, ер бабалар.
Ер қазақ көрген талай тауқыметті.
Бодандық, аштық, қырғын бастан өтті.
Қазақтың жанын қорғап, болып құрбан,
Жылқылар қасіретті бірге шекті.
Бүгінде бізге қымбат жылқы заты,
Сақталған ел жадында аңыз аты.
Қазақпен бірге жасап, өмір сүрген,
Әлі бар, асылтұқым – Қазанаты.
Тұяғы Қазанаттың қалғаны рас,
Жерінде Қалба таудың жақпарлы тас.
Көргенде сұлу мүсін – торы айғырды,
Келеді, тебіреніп көзіңе жас.
2
Жаныңды сұлулығы жаулап алар,
Сүйсініп сымбатына, көзің жанар.
Дүрсілі жүрегінің құлаққа ұрып,
Балқыған ыстық қаның басқа шабар.
Қарасаң қанша уақыт, тоймас көзің,
Тұлғасын суреттеуге жетпес сөзің,
Елжіреп, тылсым сезім бойды билеп,
Түсесің мас болғандай күйге өзің.
Құлан бас, алып дене, ұзын тұрқы,
Қалың жал, бұлан мойын, асыл ұрқы,
Аршын төс, кең омырау, жазық жая,
Бура сан, бұты алшақ, жауырынды.
Кең танау, жарау қарын, қамыс құлақ,
Тік бақай, бөкен сауыр, болат тұяқ,
Аларып екі көзі оттай жанып,
Тарпыса, жерді ойған жуан аяқ.
Торы айғыр – үйір қорып, жүрер желіп.
Жылқылар бағынады, соңына еріп.
Иесі дүлей күштің аңыз болып,
Көрсеткен таңданарлық талай ерлік.
Айтқанда торы айғырдың хикаясын,
Ұмытар алдындағы ішер асын,
Таңғалып, таңдай қағып, басын шайқап,
Кейбірі сығып алар көздің жасын.
Жылқышы Оспанбайдың Әлібегі,
Белгілі төңірекке ол атбегі,
Үйретіп дөненінен торы айғырды,
Жұптары жазылмаған сонан бері.
Естіген Әлібектің әңгімесін,
Білмейді не сенерін, не сенбесін,
Шындыққа көзі жетіп, ұққаннан соң,
Артынан таңғалады жинап есін.
Бір жылы қыс аязды, қар көп болды,
Боран да жиі соғып, басты жолды.
Жылқылар қарлы сайға түсе алмай,
Таңдады жайылымға қыр мен жонды.
Ақпанның аяқ кезі, сан құбылған.
Түн аяз, таң атқанда күн жылынған.
Арылып жота, қырат қардан біраз,
Тебіндеп тау жонында мал жайылған.
3
Жайылып күнгей жонда жылқы жатқан.
Тобымен аш қасқырлар малға шапқан.
Алпауыт торы айғыр қарсы тұрып,
Үйірін шығын бермей қорғап қалған.
Сақ айғыр байқап қалып бөрілерді,
Кісінеп жылқыларға белгі берді.
Жеткенше аш қасқырлар малға тақап,
Үйірін дөң басына иіреді.
Тай, құлын, жабағыны ішке алып,
Биелер тұрып алды құрсау салып.
Арқырап, айбат жасап торы айғыр,
Үйірін айналумен жүрді шауып.
Мойын, жал күдірейіп, тарпып жерді,
Қасқырды жақын келген теуіп берді.
Қанталап, екі көзі оттай жанып,
Үйірге қасқырларды жібермеді.
Алысып бөрілермен арпалысты,
Көкжалға қарсы келген салып тісті,
Кейбірін кеудесімен соғып өтсе,
Тепкені қос аяқтап, арман ұшты.
Айғырды қасқырдың жоқ аяғаны,
Өткір тіс, азуын сап, таяғаны.
Жаралап, қанын судай ағызса да,
Ширықты тек білінбей талағаны.
Қасқырлар оңай олжа болған алмақ,
Осылай тақыр жерді қалды қармап.
Көрсетіп торы айғыр ерен ерлік,
Көтерді бұл күресте ауыр салмақ.
Жылқылар келді ауылға есен-аман,
Айғыр да жетті әзер жараланған.
Жануар етқызумен жүрген екен,
Әл кетіп, ат қораға кеп құлаған.
Қасқырлар оң жамбасын талап кеткен.
Саутамтық қалмағандай бұлшық еттен.
Шаршаған, ауыр жара қансыратып,
Қозғалмай жатыр тыныш, есі кеткен.
Бас шайқап, кейбіреулер кеңес берді,
Бұл айғыр мал болмайды – деді енді.
Жылқышы, жұрт сөзіне құлақ аспай,
Тездетіп мал емшісін алып келді.
4
Қасымқан – мал емшісі Тәңір берген,
Жанашыр жануарға, көпті көрген.
Санына тор айғырдың жасап ота,
Ұқыппен ет, терісін тігіп берген.
Тағы да қосып берді дәрі-дәрмек,
Жазатын тән жарасын қуат бермек.
Соңынан емші біраз кеңес берген,
«Күтіңдер жылы жерде, дұрыс жемдеп».
Айғырға ем мен күту болып жәрдем,
Түледі, қуат беріп келген көктем.
Атады «Жамбас айғыр» жұрты оны,
Ерлігін мадақтаумен, жасап өткен.
Өмірі жылқышының болар қиын,
Көбіне түзде жүрер, көрмей үйін.
Күшіне жаратылыс бағынған соң,
Кездейсоқ, табиғаттан алар сыйын.
Қалбаның таулы өңірі тым ыңғайлы.
«Сандық тас» жазғы жайлау, малға жайлы,
Суы мол, шөбі шүйгін, шыбыны аз,
Ол жаққа жаз шығарда мал айдайды.
Кешігіп бір жылдары көктем келді.
Қинады бұл ауыр жай, малшы елді.
Жайлауға көшу біраз кешіккені,
Қанайдың өткел бермес, суы еді.
Көктемде Қанай өзен тентек болар,
Құятын оған келіп, төрт өзен бар,
Қызыл су, Ұзын Бұлақ, сонсоң Дүбір,
Тасөткел қосылғанда су молаяр.
Асады арнасынан Қанай тасып,
Жатады сай, саланы суы басып,
Жаз кезі су тартылып, өтсе жаяу,
Көктемде өту қиын, көңіл жасып.
Ертіске құяр суын Қанай келіп,
Ағысы баяулаған, арна кеңіп.
Жазықтау өткел болар бір жеріне
Жылқыны айдап келді, соған сеніп.
Жылқыға кетті толып су жағасы,
Алдында «Жамбас айғыр» көштің басы.
Өткізу бес жүз жылқы, оңай емес,
Ешкімнің болмас оған еш таласы.
5
Тықсырды жылқыларды суға айдап,
Қиқулап, желіктіре және айғайлап.
Секірді «Жамбас айғыр» бастап алға,
Артынан басқалары түсті жайлап.
Лайлы су, толқын қатты, асау ағын,
Ызғар жел, суық су мен жауған жауын,
Өзенде, күшпен жүзіп бара жатқан,
Ширатып, есін жиды жылқылардың.
Күмәнмен қарап күннің райына,
Жылқышы жалбарынды құдайына.
«Жасаған, жолдай көр!» – деп ауыр жолда,
Атады «ақсары бас» ыңғайына.
Қалғанда өту судан, ыңғайланып,
Өсті толқын, суы бетер лайланып,
Өте тез, өзен асып арнасынан,
Жан-жаққа кете барды су жайылып.
Себебі болып тұр ма жауын жауған,
Көбейткен өзен суын одан арман.
Әлдебір таудың қары еріп кеткен,
Ағынға өзендегі күш жалғаған.
Ес шығып, жылқышылар қалды сасып,
Кеткен соң мына өзен қатты тасып.
Ар жақта қалған аздап, бие, құлын,
Опатқа қала ма деп, толқын басып.
Қарайды жылқышылар көзін сүзіп,
Қалған мал келе жатыр суда жүзіп.
Дүлей күш, көбік шашқан көп толқыннан,
Бастары анда-санда бір көрініп.
Жағаға шыққан әзер, бие байтал,
Бебеулеп суға қарап, күшке қатал,
Күтіп тұр екі көзден жас ағызып,
Шығуын жас құлынның құшпай ажал.
Құлынды кетті алып қатты ағыс.
Басталды өмір үшін жан арпалыс.
Аңырап, кісінесе байтал бие,
Жүректі тебірентті – зарлы дауыс.
Денені шымырлатты үн зарлаған.
Төгіліп, екі көзден жас парлаған,
Тағдыры құлынының, қан ағызып,
Ананың ет жүрегін жаралаған.
6
Сезім бар адам оған қалай шыдар,
Жүрегі тас болмаса, бірге жылар.
Мұндайда шалып жанын құрбандыққа,
Әрекет жасамай ма, қарсы тұрар.
Кісінеп, «Жамбас айғыр» арқыраған,
Секірді екпінімен суға, жардан,
Жүзеді суды жарып, оқыранып,
Құлынға жетті лезде, әлсіз – талған.
Құлынды тістеп жалдан, дем береді,
Толқынға ұрғызбайды, ең керегі.
Айғырдың ығы пана, құлын жүзіп,
Жағаға «Жамбас айғыр» жетеледі.
Құрғаққа шықты құлын, есен-аман.
Биенің көзінен жас тамшылаған.
Ес жиды Айғыр – байтал, бас түйісіп,
Екеуі оқыранып, шұрқыраған.
Адамды бұл көрініс таңдандырған,
Көңілін елжіретіп, ойландырған.
Мәрттігі адалдардың алға сүйреп,
Өмірдің мән, қызығын жандандырған.
Адамдар, ойланыңдар, терең ұғып.
Жақсының жүрсін саған ісі жұғып.
Бол дайын қол созуға дер кезінде,
Қиындық кездескенде қалма бұғып.
Көктаудың бір сайында малға жайлы,
Бар еді кең алаңқай бір ыңғайлы,
Жайылып жылқылар жүр таң бозынан,
Екі мың сегізінде, күздің айы.
Таң ата жылқышылар қосқа қайтты.
Тынығып бірер сағат, шай қайнатты.
Отырып, дастарқанға жайғасқанда
Естілді алыстан бір дүбір қатты.
Тым оқыс мына дыбыс, қосқа жеткен.
Тұяғы жылқылардың дүбірлеткен.
Көрінді көп жылқылар Көктау жақтан,
Дүркіреп, бір нәрседен шошып кеткен.
Тау жақтан түсіп жатыр, су – толқындай,
Ойпатқа қалың жылқы, аққан судай.
Артында «Жамбас айғыр» арқыраған,
Келеді айдап бәрін, саны – мыңдай.
7
Үйірлер, бағыныпты бір айғырға,
Бір жылқы бұрылмайды, жол айырға,
Үреймен келе жатқан қалың жылқы,
Тыңдаған, ырық беріп қайыруға.
Тездетіп жылқышылар атқа қонды.
Жылқыға қарсы шапты бойлап жонды.
Алдынан тосып алып, тежеп жатыр,
«Құр-құрлап», шапқылаумен оңды-солды.
Жиналып кең ойпаңға шұрқырасып,
Түйіскен, жабағы, тай жалын қасып.
Шетте тұр «Жамбас айғыр» басын изеп,
Ақ көбік денесінің терін басып.
Тыңдаңыз оқиғаны болған қалай,
Ерекше болатын бір, қайталанбай.
Өмірде бар ғой әлі, қара ниет,
Ұрлықпен тауып жүрген табыс оңай.
Кездесіп екі таныс, сайтан ұрған,
Табуға оңай олжа жоспар құрған.
Табысқа белшемізден батамыз – деп,
Мал алсақ үйірлерден, жақын тұрған.
Көп жылқы, Сібе көлдер жағасында,
Көктаудың орман, сайлар арасында.
Сол жақтан біраз жылқы алу оңай,
Аңдысақ екі кештің арасында.
Тығайық «Заемкадай» терең сайға.
Ешкімде бара қоймас ондай ойға.
Ну орман, ел жүрмейтін жерге қамап,
Шетінен сатып жүрсек, болар пайда.
Келісіп шықты жолға, тау аралап,
Жылқының жайылымын сырттан барлап.
Қай кезде жиналады жылқышылар,
Уағын мөлшерлейді ішер тамақ.
Сонымен біраз күндер жылжып өтті.
Бәрі де сәтті болар кез де жетті.
Жайылып алаңқайға көп жылқылар,
Көктаудан «Байшыға» өтер сайға кепті.
Алыстау байлап кетіп мінген атты.
Екеуі тау басында аңдып жатты.
Жусатқан жылқыларын кезекшінің,
Әнімен ұйқыашар, таң да атты.
8
Таң ата жылқышылар біраз жүрді.
Аралап жылқыларды, құлақ түрді.
Селт етер ешбір жайды көрмеген соң,
Аттарын қосқа қайтар жолға бұрды.
Ұрылар жетті ойға, таудан түсіп.
Аттарын шешіп алды, сасып-пісіп.
Бөгет жоқ алдарында, жолы ашық,
Жоспары орындалмақ алған пішіп.
Түзетіп ер-тұрманын, айыл-тартпа,
Жөнелді жылқыларға, мініп атқа.
Шетінен бір үйірді бөліп алып,
Тездетіп айдап кету «Байшы» жаққа.
Дәметіп оқшауланған бір үйірден,
Екеуі қыспақ болды қос бүйірден.
Бөліп ап біраз жылқы, қиқулатып,
Әкетпек, алға салып осы жерден.
Алдыңғы атты қузап тебінеді,
Ол өзін жеңімпаздай сезінеді.
Сол кезде жуан мойын алып торы,
Екпіндеп, оң жағынан кезігеді.
Келеді торы айғыр желден озып,
Жалдарын күдірейтіп, мойнын созып,
Көзінен от ұшқындап, айбат шегіп,
Көргендей аш қасқырды, жыны қозып.
Атының мойынынан қатты тістеп,
Әп сәтте артқы аяққа, тұрды тіктеп,
Алдыңғы екі аяқпен боксерлердей,
Адамды атқа мінген тұр пергілеп.
Атынан соққы жеген түсті ұшып,
Шыңғырды, есі шығып, жерді құшып.
Адамға жерде жатқан мойын бұрмай,
Бос атты торы айғыр кетті қуып.
Қосшысы арт жағында келе жатқан,
Көргенде мына жайды зәресі ұшқан.
Кеудемен алып торы қағып өтіп,
Оны да ат-матымен домалатқан.
Адамның ащы үні шыққан зарлап,
Жаңғырып, тау мен сайды кетті шарлап.
Табам деп оңай олжа, мертіккендер,
Бір сайда қалды жылап, жерді қармап.
9
Арқырап, «Жамбас айғыр» шығарып үн,
Жинап жүр жылқылардың бас-аяғын.
Қуалап үйірлерді жолға бұрды,
Айдады қосқа қарай, салып жанын.
Шаңдатып, тұяқтары жерді ұрды.
Шабыстан, тау жаңғырған дүрсіл туды
Кісінеп, оқыранып Дүлей торы,
Жылқыны шашыратпай, алға қуды.
Білгенде жылқышылар болған жайды,
Таңырқап, қағып таңдай, бас шайқайды.
Қорғаған мыңға таяу жылқыларды,
Бұл айғыр «Мың басы» ғой деп атайды.
Дін аман, Дүлей айғыр аңыз болған,
Қайратты, шымыр дене қуат толған.
Қазақтың қасиетті Қазанаты,
Мал тұр ғой адамдарға қорған болған.
Болат ДҮЙСЕМБІ













