ДОСТЫҚ ОРДЕНІ ТАПСЫРЫЛДЫ

ДОСТЫҚ ОРДЕНІ ТАПСЫРЫЛДЫ

 

Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан, Қазақстан  Халық әртісі, аты аңызға айналған “Ялла” ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закировты 80 жасқа толуына орай құттықтау хатын жолдап, II дәрежелі “Достық” орденімен марапаттаған болатын.

Бүгін Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы елшілігінде Фаррух Закировқа II дәрежелі “Достық” орденін салтанатты табыстау рәсімі өтті.

Екі ел, халық арасындағы достық пен бауырластықты, құрмет пен шынайы ілтипатты бейнелейтін орденді Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов табыстады.

Салтанатты шараға мәдениет және өнер саласының өкілдері, дипломаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты. Марапатты тапсыру рәсімінде Елші Б. Атамқұлов Қазақстан Президентінің құттықтау хаты мен марапатты табыстап, өнер иесінің қос халық арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы ерекше еңбегін атап өтті.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жеделхатында: “Тума талантыңыздың, сарқылмас күш-қуатыңыз бен ерекше еңбекқорлығыңыздың арқасында шығармашылығыңызға тәнті миллиондаған тыңдарманның ықыласына бөлендіңіз. Сіздің өнеріңіз жылдар бойы бірнеше буын ұрпақ пен халықтарды баурады. Қазақстанда қайталанбас дауысыңызды және тұтас дәуірдің мәдени феноменіне айналған әйгілі “Ялла” ансамблінің орындауындағы танымал әндерді жақсы көреді”, – деп жазылған.

Шара барысында Фаррух Закиров та өзінің жылы лебіздері мен алғысын білдіріп, биыл “Ялла” ансамблінің құрылғанына 55 жыл толуына орай бүкіл әлем бойынша турне ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, мерейтойлық турне Алматы қаласынан басталады.

Бұл айтулы оқиға Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп, өнер арқылы халықтар арасындағы достықтың нығайғанын айқындайды.

Айгүл ТЕШЕБАЕВА,

“Нұрлы жолдың” тілшісі.

 

 

23.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24570
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24232
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41685
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37575
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41954