Бірнеше бағытты қамтыған ауқымды семинар

Бірнеше бағытты қамтыған ауқымды семинар

Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов ауданында «Өсу векторы» жобасы аясында облыстық семинар өтті. Бұл туралы аудандық білім беру бөлімі хабарлады. 

Білім беру ұйымдарындағы білім сапасын арттыруға бағытталған облыстық семинар А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектеп пен Казталов мектеп-лицейі базасында өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, семинар жұмысының мақсаты – озық тәжірибелерді тарату, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, тиімді оқыту әдістері мен инновациялық жобаларды насихаттау, білім беру процесіндегі нәтижелілікті арттыру жолдарын айқындау. Кейс-сессия форматында өткен шараға аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары, әдістемелік кабинет меңгерушілері, мектеп директорлары қатысты. 

Бірнеше бағытты қамтыған семинар аясында «Жетістіктер аллеясы» ұйымдастырылып, Казталов ауданының білім саласындағы ерекшеліктері мен республикалық деңгейдегі жетістіктері таныстырылды. Сонымен қатар аудан мектептері мен қосымша білім беру ұйымдары да өз көрмелерін жасақтап, үздік тәжірибелері мен шығармашылық жобаларын ұсынды. Іс-шара барысында педагогтер мен шәкірттердің бірлескен жұмысы арқылы ұйымдастырылған шеберлік сыныптары көрсетілді. 

«Адал азамат тәрбиелеу: мектептер тәжірибесі» бөлімінде қатысушылар мектептердегі тәрбие жұмыстарының нақты тәжірибелерімен, құндылыққа негізделген жобалармен және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған үйірме жұмыстарымен танысты. Бұл бөлім мазмұнды алаңға, әсерлі көріністерге толы болды. «Тәрбие әлеміне саяхат» бағыты бойынша аудан мектептерінің тәрбие бағытындағы жобалары таныстырылды. Қонақтар үшін ұлттық нақыштағы дәм тату рәсімі ұйымдастырылып, бейресми ортада пікір алмасу өтті. 

«Салауатты рух – адал азамат» бағытында салауатты өмір салты мен спорттық тәрбие насихатталып, түрлі көрсетілімдермен айшықталды. Семинардың бұл бөлімі қатысушыларға тәрбиенің тек сөзбен емес, нақты әрекетпен, жобамен, үйірмемен, үлгімен жүзеге асатынын айқын көрсетті. «Адал азамат» тәрбиелеу – ортақ мақсат, ортақ жауапкершілік екені тағы бір мәрте дәлелденді. «Ұстаз үні – шәкірт жыры» атты әдеби-рухани бөлімде қатысушылар ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты, ұлттық құндылық пен өнерді ұштастырған әсерлі көріністерге куә болды. Бұл бөлім – сөз бен саздың, тағылым мен тағдырдың үндескен ерекше алаңы болды. 

Семинар жұмысы «Ұлттық әуен – ұрпаққа аманат», «Шәкірт сөзі – шынайы ой», «Ұстаз бен шәкірт диалогы», «Абай сөзі – рухани темірқазық», «Жетістік – жүйелі еңбектің жемісі», «Идеядан – іске, істен – нәтижеге» сынды бөлімдермен жалғасты. Сондай-ақ «Самғау» жас мамандар клубының қызметі, Leadership көшбасшылар қауымдастығының қызметі таныстырылып, ұстаздарды қолдау бағытындағы бастамаларға назар аударылды. 

Бұдан әрі ауданның білім беру саласында атқарылған жүйелі жұмыстары мен жетістіктері қамтылған бейнеролик ұсынылды. Семинар жұмысына қатысқан Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов білім беру саласында соңғы жылдары жүзеге асқан жүйелі жұмыстарға тоқталып, білім сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы нақты қадамдарды саралады. Сондай-ақ оқушылардың облыстық, республикалық деңгейдегі жетістіктері – ұстаздардың кәсіби еңбегінің нәтижесі екеніне басымдық беріп, педагогтер қауымына алғысын білдірді. Ал облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин өңірдегі білім беру жүйесінің басым бағыттары туралы сөз қозғап, сапалы білім мен саналы тәрбие ел болашағының кепілі екенін жеткізді. Семинардың қорытындысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева семинар жұмысының мазмұндылығын атап өтіп, кәсіби бағдар беру мен шығармашылық бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырудың маңыздылығына назар аударды. Семинар өз мақсатына жетіп, тәжірибе алмасуға, жаңа идеялардың туындауына және болашаққа нық қадам жасауға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

Батыс Қазақстан облысы

 

19.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509