Референдум

Бесшатыр қорғандары: тарихи құндылық

Бесшатыр қорғандары: тарихи құндылық

Қазақ халқының тарихы құпия сырларға толы. Қазіргі біз тұрып жатқан жерлерде, бір кездері бізге орасан зор мәдени тарихи мұра қалдырған, көне өркениет болғанын сезінген шақта, тұла бойың толғанып, ерекше сезімге бөленесің. Қазақстан жері дүниежүзілік мәні бар тарихи және археологиялық ескерткіштерге бай. Сондай ескерткіштердің бірі, «Бесшатыр қорғандары» – сақ билеушілерінің құрметіне салынған хан қорғандары. Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында, «Алтынемел» ұлттық  табиғи саябағының территориясында орналасқан бұл қорғандар, саябақтың ең көрнекті жерлерінің бірі. 

ХІХ ғасырдың соңында Ресей империясының құзырында болған Қазақ жеріндегі археологиялық қазбалар көптеген зерттеушілерді қызықтырғаны сөзсіз. Солардың бірі орыс дәрігері, әрі жазушысы Флоринский Василий Маркович болған. Ол 1924 жылы тарихшы Городецскийдің экспедициясын жабдықтап, қазақ жеріндегі жол-жөнекей кездескен барлық дерлік қорғандар туралы мәліметтерді картаға түсіріп келуді тапсырған. Негізі Городецский экспедициясының мақсаты, жартылай тас немесе таза тастан жасалған қабір түрлері Верный қаласынан әрі қарай, Пишпек және Қаракөл жолдарымен жалғасқан,  Жетісудың батысындағы қарапайым жер қорғандарының түрлерін білу мақсатында жүргізілген. Жылдар өте келе белгілі археолог, қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышев басқарған Жетісу археологиялық экспедициясы  1957 жылы және 1959-1961 жылдары қорғандарды зерттеуге кіріседі. Экспедиция барысында 18 обаға қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттелінеді. Қазба жұмыстары барысында көптеген тарихи жәдігерлер табылады: темір қару-жарақтар, алтын әшекейлер, зергерлік бұйымдар, киімге арналған алтын қапсырмалар, қола бұйымдар және тұрмыстық заттар. Бұл заттар б.з.б.V-IV ғасырларға жатады.  Қорым шамамен 2 шаршы шақырым аумақты алып жатыр және онда жалпы саны 31 қорған бар. Оның 21-і үлкен тастармен қаланған, ал қалған 10-ы топырақ пен ұсақ қиыршық таспен жабылған. Қорғандардың диаметрі 8 метрден 105 метрге дейін, биіктігі 2 метрден 20 метрге дейін жетеді. Ең үлкен обалардың бірі диаметрі 105 метр, биіктігі 17-20 метрге дейін жетеді. Орташа обалар 25-38 метр, кіші обалар 6-18 метр аралығында. Бұл құрылымдар қоғамдағы әлеуметтік жіктелісті көрсетеді: үлкен обалар – патшалар мен ақсүйектерге, орташа обалар – батырлар мен қолбасшыларға, ал кішілері – қарапайым адамдарға тиесілі екені айқын көрінген. Қорғандардың астынан жерасты дәліздері, таспен қапталған жерлеу камералары мен ерекше архитектуралық құрылымдар анықталған. Жерасты өткелдерінің ұзындығы 55 метрге дейін жетеді, ал биіктігі 1,5 метр шамасында. Бұл күрделі құрылымдар сақтардың құрылыс техникасын меңгергенін және діни-ритуалдық рәсімдерге ерекше мән бергенін көрсетеді. Көне заманда адамдар қайтыс болғандарды тірілер әлеміне, тірілерді өлілер әлемінен сенімді оқшалап қоюға ұмтылған. Сондықтан да  жерлеу рәсімдерінің мәні жоғары және терең қасиетті маңызға ие. Сақтардың нанымдарына сүйенсек, қорғандардың айналасында бұралаңдар орналасқан тас бағандар мен қой тастар екі әлемнің адамдар әлемімен, құдайлар әлемінің шекарасында тұрған көрінеді. 

«Бесшатыр» атауы қазақ тілінде «бес шатыр» деген мағына береді, яғни үлкен қорғандардың сыртқы пішіні киіз үй тәрізді, биік күмбезді құрылымдарды елестетеді. Ең көне ескерткіш – темір ғасырына жататын, б.д.д II ғасырда сақтарды үйсіндер ығыстырып, қазіргі парк аумағында әртүрлі кезеңдерді қамтитын тарихи ескерткіштер осылай пайда болған. «Бесшатыр» зиратының үлкен обалары көне дәуір архитектурасының сирек кездесетін айрықша ескерткіштері қатарына жатады және бүгінгі күні тарихи-мәдени мұра ретінде, Республикалық дәрежеде қорғалған. Қазақ жеріндегі ежелгі көшпелі мәдениетінің аса құнды жәдігері,  ашық аспан астындағы музей ретінде сақталып отыр. 2000 жылдардың соңында кейбір ірі қорғандарға қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, кейбір обалар табиғи және адам әсерінен мүжіліп, тозып кеткен. 

«Бесшатыр» қорғандары тек археологиялық ескерткіш емес, сонымен қатар қазақ елінің тамыры тереңде екендігін дәлелдейтін тарихтың үнсіз шежіресі, киелі мекен.

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық 

табиғи саябағының туризм бөлімі

12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23836
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23506
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40576
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36948
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41184