Батыс халқының сізге ықыласы бөлек

Батыс халқының   сізге ықыласы бөлек

Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!

Сіздің 80 жылдық ғұмырыңыз – тағылымы мол, мағынасы терең өнегелі өмір жолы. Сіздің қайраткерлік болмысыңыз, елдік мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымыңыз, еңбекке деген жауапкершілігіңіз бен табандылығыңыз – кейінгі буынға үлгі.

Сіздің еңбек жолыңыздың әр кезеңінен елге қызмет етудің биік үлгісі көрінеді. Қай ортада жүрсеңіз де, сөздің салмағын сезініп, қоғамның өзекті мәселелеріне үн қосып, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келесіз.

Ел мен қоғам алдындағы жауапты міндеттерді абыроймен атқарып, талай жылдық тәжірибеңізді жас буынның қалыптасуына арнадыңыз. Сіздің парасат-пайымыңыз бен өмірден жинаған мол тәжірибеңіз, ұлттың рухани мұрасына деген жанашыр көзқарасыңыз кейінгі ұрпаққа өнеге болып, ел игілігіне бағытталған ізгі істеріңізден көрініс табуда. 

«Qazaqstan dauiri» газетінің және республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас директоры ретінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына, жас ұрпақтың рухани тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесіңіз айрықша. Халық арасында зор құрметке ие болып, «Ел анасы» атануыңыз да осындай көп жылғы еңбегіңіз бен елге деген шынайы жанашырлығыңыздың жемісі деп білемін. 

Батыс Қазақстанға жасаған сапарларыңыздың мәні де бөлек. Өңірдің елді мекендерін аралап, әсіресе алыстағы ауылдарға арнайы ат басын бұрып, жұртшылықпен жүздесіп, қарапайым халықтың көкейіндегі мәселелерге көңіл аудардыңыз. Алыстағы ауылдардың да назардан тыс қалмауына мән беріп, халықтың айтқан өтініш-тілектерін жеткізуге атсалысқаныңыз өңір жұртшылығының есінде. Осындай кездесулер арқылы ауылдағы ағайынның үніне назар аударып, ел мен елдің арасын жақындата түстіңіз. Мұндай ықылас пен ілтипат біздің облыс жұртшылығының да Сізге деген сыйластығын арттырғаны анық.

Сізді елге қызмет етумен қатар, адамға деген құрметі мен үлкенге ізеті, кішіге қамқорлығы жарасқан жан ретінде де жақсы білеміз. Өмір жолыңызда талай адамға ақыл айтып, бағыт көрсетіп, қолдау білдіріп келесіз. Сізбен жүздескен әр жанның көңілінде жылы әсер қалдыратын осы қарапайым да қадірлі қасиеттеріңіз өзіңізге деген ел ықыласын еселей түседі.

Айтулы мерейтойыңызда Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Өмірден көргеніңіз бен көңілге түйгеніңіз кейінгі буынға өнеге болып, ел-жұртпен арадағы ақжолтай байланысыңыз жалғаса берсін!

 Ізгі ниетпен Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,

 Батыс Қазақстан облысының әкімі 

 

24.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28026
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27508
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44885
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40536
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45196