(МЕН – ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІМІН!
МЕН – ҰЛТЫМНЫҢ ҮНІМІН!)
Тіл – ұлттың жай ғана сөйлесу құралы емес, ол – халықтың жүрек соғысы, ары мен намысы, арманы мен үміті, тұтас ұлттық болмысы. Әр буынның үні, әр ғасырдың ізі, әр тағдырдың таңбасы тілде сақталады.
Таңдайға біткен уызым, маңдайға біткен жұлдызым, жүрекке біткен шынарым.
Сағынышқа толы – сағым, мұңға толы – мұнар.
Ұлттың рухы көрінбейді, бірақ естіледі – ол тіл арқылы сөйлейді.
Көңілдің күміс тақтасы, көмейге біткен қоңырау, қобызға біткен қыл ішек, қара шанақ домбыра.
Қазақтың тілі – тек сөз емес, ол – сана. Ол – тарихтың жадын сақтаған тірі кеңістік. Ана әлдиінен басталып, ел тағдырын айқындайтын ұлы ұғымға дейін көтерілетін киелі арна. Ұлы дала, өзен мен көл, сыңсыған сұңғыла орман, ант пен серт.
Тіл әлсіресе – ұлттың үні бәсеңдейді.
Тіл күшейсе – халықтың рухы асқақтайды.
Сондықтан тілге қызмет ету – өзіңе, ұрпағыңа, болашаққа қызмет ету.
***
1. «Ресми тілдің» сыртында «олар» тұр дедіңіздер. Ал билік пен Мәжілісте жүрген, өз тілін білмейтін «қазақтардың» сыртында кім тұр?
2. Тіл – адам капиталының тек мәдени бөлігі емес, оның қоғамдық айналымға енуінің негізгі арнасы.
Адам капиталы және мемлекеттік тіл – егіз ұғым.
***
ТІЛ ТРАГЕДИЯСЫ:
ҚАЗАҚ ҮШІН ҚАҺАРМАНДЫҚ ПЕН ТҰТАСТЫҚТЫҢ МЕКТЕБІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС!
***
ӘР ҚАЗАҚ – ҰЛТТЫҢ НАМЫСЫ!
САНАҢДЫ ОЯТ, САПҚА ТҰР!
Әр қазақ – ұлттың намысы, әр жүрек – оның тірегі.
Сана оянса, рух биіктейді; рух биіктесе, халық тіктеледі.
Намыс – сөзде емес, ісімізде. Ол бізді қорғайды.
Жоғалтпайық, ұмытпайық, жүрегіміздің төрінен орын берейік. Ұл мен қыздың бесігі – ұлттық намыс! Уақыт ұлтты оянғанша сабайды.
***
Ботасы өлген түйе тұлыпты иіскеп боздайды, сосын ызаланып, төске салып шайнап тастайды.
Уақыт та сондай екен:
ұлттың ояу кезін аңсап, ұйқыдағы сананы аяусыз езгіге салады екен.
Бұрынғылардың «Оян, қазақ!» деп жүргені содан екен ғой…
Е… бүгін түсініп, кешегі күнімнің босқа өткеніне өкініп отырмын. Ал сен ояусың ба?!













