Әзербайжандағы хиджаб дауы

Әзербайжандағы  хиджаб дауы

Бауырлас Әзербайжан елінде біраз адамның наразылық акцияларына шыққан бейнекөріністері таралып жатыр. «Бақсам, бақа екен» демекші, шу-шұрқанның шығу себебі мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты екен. Бізге түсінікті тілмен айтсақ, «хиджап дауы» Әзербайжандарда да туындапты. Әзірге ресми ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, «Әл-Жазира» арнасы біршама толық ақпарат таратты. Біз өз оқырмандарымызға сол материалмен қатар Әзербайжан сайттарындағы хабарларды біріктіре отырып, баяндап беруді жөн көрдік.

12 қазан күні «Әл-Жазира» арнасының сайтында «Әзербайжан мектептеріндегі хиджабқа тыйым салу: Мұның артында не тұр және келесі қадам қандай?» (Azerbaijan’s school hijab ban: What’s behind it, and what’s next? Protests have broken out as some schools begin preventing students and teachers from attending classes) атты мақала жарық көрді. Онда кейбір мектептерде белгіленген өлшемге сай киінбеген мұғалімдер мен оқушыларды кіргізбей жатқандықтан, наразылық акциялары басталғаны айтылған. Яғни Әзербайжан үкіметінің оқушылар мен мектеп қызметкерлеріне хиджаб киюге жанама түрде тыйым салу туралы шешімі наразылық тудырған. Өткен айда мақұлданған түзету мұсылман орамалына тікелей тыйым салмағанымен, мектеп қабырғасында үкімет «зайырлылық қағидатына» қайшы келеді деп санайтын киімдерге шектеу қойды. Кейбір мектептер оқушылар мен мұғалімдерді сабаққа жібермей жатқандықтан, бұл шешім наразылық толқынын тудырды.

Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігінің (APA) хабарлауынша, мемлекеттік жалпы білім беру мекемелері оқушыларының киім үлгісі сипаттамасына енгізілген түзету елдің «зайырлы қағидатын» көрсететін бірыңғай киім кодексін қамтамасыз етуге бағытталған. Әзербайжан халқының шамамен 96 пайызы өзін мұсылман деп санайды. Оның Конституциясы елді зайырлы мемлекет деп анықтайды, сонымен бірге діни бостандыққа кепілдік береді.

APA агенттігі Әзербайжан Ғылым және білім министрлігі жанынан жұмыс істейтін Педагогикалық кеңестің мақұлдауымен мерекелік іс-шараларда «Әзербайжан халқының тарихын, мәдениетін, ұлттық және адамгершілік құндылықтарын» көрсететін киімдерді киюге болатынын қосып өтті. Мұндай киім мұғалімдердің «кәсіби стандарттарға» сай болуын қамтамасыз етеді және «мектептің қоғамдағы беделіне» оң әсерін тигізеді делінген хабарламада.

Бұл шара Әзербайжанда наразылықтар мен әлеуметтік желілердегі науқанға түрткі болды. Желіде оқушылардың мұғалімдерін құшақтап, мектепке кіргізілмей қалғандықтан жылап жатқан сәттері бейнеленген видеолар тарады.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Әзербайжандағы кем дегенде екі мектептің оқушылары енгізілген шектеулерге наразылық ретінде сабақтарға бойкот жариялағанын хабарлады.

2020 жылы мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 13 жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеде отырған журналист Полад Асланов жаңа талаптарға байланысты аштық акциясын бастады.

«Түрмеде отырғаныма қарамастан, мен өзім қолдана алатын жалғыз күрес құралы – аштық акциясын пайдалана отырып, конституциялық құқықтарымыздың аяққа тапталуына қарсы дауысымды көтеремін!» – деп жазды Асланов әйелі Гүлмира Асланованың Facebook желісінде жариялаған жолдауында.

Елдегі наразылыққа байланысты интернет бұғаттала қоймаған. Әлеуметтік желідегі науқан мен содан кейін басталған наразылық шараларын Түркия арналары да таратып жатыр. Кейбіреулер Әзербайжандағы жағдай мен Түркиядағы 1997 жылғы «постмодерндік төңкеріс» арасында ұқсастықтар бар екенін алға тартты. Ол кезде орамал таққан әйелдерге университетте оқуға тыйым салынып, мемлекеттік қызметтен босатылған немесе жұмыстан кетуге мәжбүр болған еді.

Әзербайжанның бұл шешімі Түркияның исламшыл және консервативті топтарының наразылығын тудырып, Ыстамбұлдағы Әзербайжан консулдығының алдында наразылық акциялары өтті. Наразылық білдірушілер «Мұндай мемлекет бізге бауыр бола алмайды» деген ұрандар көтерді. Өткен аптада шерушілер Ыстамбұлдағы Әзербайжан консулдығының алдына жиналып, мұсылман әйелдеріне қатысты шектеулерге наразылық білдіріп, Баку билігін бұл шешімді қайта қарауға шақырды. Түркиядағы кейбір топтар бұған дейін Бакудің Израильмен тығыз әскери және дипломатиялық байланыстарын да ашық сынаған болатын.

9 қазан күні BBC-дің орыс тілді сайтында Магеррам Зейналовтың «Әлиев: «Бізге ешкім көмектескен жоқ». Израиль Баку мен Анкараның арасын алшақтата ала ма?» атты мақаласы басылыпты. Онда Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің 2 қазанда өзінің билік басындағы «Йени Әзербайжан» партиясының мүшелерімен кездесуінде айтқан сөздері мысалға келтіріліпті.

«Бізге ешкімнің көмегі де, ешкімнің қамқорлығы (жебеушілігі) да керек емес. Бізге көмек қажет болған кезде ешкім жәрдем берген жоқ. Бізде бір млн босқын болғанда, ешкім бізге көмек қолын созбады. Алған нәрсеміздің бәрін ақшаға сатып алдық. Соның ішінде бүкіл қару-жарақты соңғы патронына дейін әлемдік бағамен, өз ақшамызға сатып алдық», – деген көрінеді Әлиев. Ол Түркияның атын тура атамағанымен, былайғы жұрт Анкараны меңзеп тұрғанын бірден түсінген. Мақала авторы бауырлас екі елдің арасына сызат түсетін болса, оған Әзербайжанның Израильмен ынтымақтастығы себеп болатынын айтады.

Аталмыш мақалада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде «кейбір елдердегі» мектептерде хиджабқа тыйым салуды әйелдер құқығына шабуыл деп атағаны жазылыпты. Ол Әзербайжанның атын тура атамаса да, бұл Бакуде ішкі саясатқа араласу әрекеті ретінде қабылданды деп жазылыпты.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Түркиядағы наразылықтар мен сыни мәлімдемелерге жауап ретінде: «Әркім өз орнын білсін, біздің ісімізге араласпасын, өмір сүру салтымызға мұрнын сұқпасын және бізге не істеу керектігін үйретпесін. Әркім өз халқына, өз мемлекетіне қарасын», – деп мәлімдеді.

Илхам Әлиев өз сөзінде Түркияның немесе Ердоғанның атын тікелей атамағанымен, сарапшылар мен түрік шенеуніктері бұл сөзді Анкараға бағытталған тікелей соққы деп бағалады. Дегенмен, Түркияның билеуші партиясының (AKP) ресми өкілдері екі ел арасындағы байланыстың «шынайы бауырластық» деңгейінде қала беретінін және бұл жағдайдың ушығуына жол бермейтінін мәлімдеді.

Бетті дайындаған – 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

14.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28608
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28119
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45437
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41089
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45747