Азамат Байтілеуұлы: Ел мен жердің қазынасына немқұрайлы қарау – қылмыс

Азамат Байтілеуұлы: Ел мен жердің  қазынасына  немқұрайлы  қарау –  қылмыс

Бірінші әңгіме: Батыстағы су қоры жайында

 

Атырау облысы мен Маңғыстау облысында тұщы сулардың қорлары өте мардымсыз.

Ал Батыс Қазақстанда бар. Мысалы; Нарын құмындағы тұщы су қоры қазір 3 ауданды қамтамасыз етіп отыр. Мен сол жерде жас кезімде жұмыс жасадым. Орда және Жәнібек пен Сайхынды, Шығырлау ауданында тұщы су қоры бар. Сусыз адамзатқа өмір жоқ.

Мұнайсыз күнелтіуге болады, ал сусыз күнелту мүмкін емес. Мысалы; Иранды алып қарайтын болсақ, астанасы Тегеранда су тапшылығы сезіледі. Қаншама млн халқы бар қалаға суды сағатпен беріп, әрең ұстап отыр. Бізде, Құдайға шүкір, әзірге бар ғой, бірақ та, қазіргідей немқұрайлылық пен ысырапшылдыққа жол беріле берсе, ертең не боларын кім білсін? Еститін құлақ болса, мен айтатынымды айттым.

Қазір мұнайшылар Құдай болып кетті ғой... ештеңе істей алмаймыз...

Шындықты айтсаң да, кейде дауысың жетпейді...

Көкжиде су қоймасы барханды бос құмдардан тұрады. Қыста барсаңыз, қалың қар жатады. Құмында саз балшықтар болмағандықтан, су бірден жерге сіңіп кетеді.

Жаңбыр да сөйтіп сіңіп кетеді. Бұны бір деңіз.

Екіншіден, Жем мен Темір өзендері арқылы толығып отырады. Мұғалжар тауының да әсері бар – бәрі бір-бірімен байланысып жатады. Сол жақтан аққан сулардың басым бөлігі Көкжиде құмдарына келеді. Көкжиденің бірегей тұщы су қоймасы екендігі – осында, соны ел біледі. Мысалы, жоғары да айтқан Құндақтықыр су қоймасының суларын 40 жылдан бері алып келеміз. Ол ыдыстың ішінде тұрған су сияқты – бір күні таусылатынын білеміз.

Ертең уақыты келгенде таусылып қалады. Неге десеңіз? Сырттан құйылатын сулар жоқ деуге болады. Сарбұлақ та солай, Қандыағаш та солай... Қазір бюджетте қаржы жоқ – бәрі де солай...

Әлемдік тәжірибе де мынадай да тәсілдер бар. Мысалы, тостағанның ішінде тұрған тұщы суларды сақтап қалу үшін сол сулардың көлемінде жатқан құмды алқаптарға қыста қар тоқтату жұмыстарын жүргізу керек. Егерде бет жағында саз балшық болса, олардан тазартып, құмдарды ғана қалдыру керек. Бұл тәсіл бізде әзірге қолданылмай отыр.

Мен бір-екі рет осы мәселелерді көтеріп едім, бірақ сөзім жетпей отыр. Су жетіп жатыр. Оны қайтесің дейді... Былай ойлап, қарасаңыз, кез келген Водозаборға 40-50 млрд қаржы салынады. Суды тарту үшін, бұрғылау жұмыстары бар, энергиясы бар, резервуар салу керек. Күшті сорғыш насостар қою керек. Осының барлығын есептесеңіз, бюджетке салмақ түседі анық. Ал, мына жұмысқа, яғни қар тоқтатуға үлкен қаржы кетпейді.  Бар болғаны млрд теңге көлемінде қаржы кетер. Ол бір жылға емес қой, бірнеше жылға созылып, пайдасын берер.

Әзірге бұл әдістемелерге қаржы берілмейді. Жоба жасалуы керек, сметасы көрсетілуі тиіс. 

Болашақта осы әдістерге келуіміз мүмкін. Ақтөбе облысын Батыстың басқа көршілес облыстарымен салыстыратын болсақ, тұщы сулардың 90 пайызы Ақтөбе облысында. Бұл да үлкен байлық. Атырау Жайықтан, Маңғыстау да Еділдің саласы Қиғаштан алып отыр.

Теңіздің сулары бар – бірақ Каспий алыстап бара жатыр, су тарту қиын болып отыр.

Батыс Қазақстан облысында да тұщы су қорлары әзірге бар.

 «Ойыл ауыз суды қайдан алып отыр?» – деген сұрағымызға,  «Ойылдың құмдарында су бар. Өздеріне әзірге жетеді. Кішкентай қала ғой», – деп жауап берді. Одан әрі әңгімесін жалғастырды: «Су әзірге жетіп жатыр. Тек қана суға деген көзқарастар өзгеру керек. Кеңес өкіметі кезінде, біздің мекеменің, ол кезде Актөбе гидрогеологиялық экспедициясы деп аталатын – бәрі басқаша болатын, заң қатал, талап жоғары тұратын. Бір жерде зауыт саламыз деп жатса, біздерге жүгінетін еді. Мына жерден зауыт салайық деп едік, келісім бересіздер ме деп сұрайтын еді. Біздер қарап, бұл жерде жер астында тұщы судың қоры бар дейміз. Егер де зауыт салынса, сулар ластанады, сондықтан басқа жерге салу керек дейміз.

Мынадай мысал келтіре кетейін, бір салауатты белгілі мекеме басшысы маған келіп,

Қарғалы тұщы су қоймасының үстінен санаторий саламыз деген ниетін білдірді.

Менен санаторий салуға рұқсат бер дейді, мен «ол жерде тұщы су қоймасы бар, құрылыс салуға болмайды» дедім. «Сен кімсің, сенің рұқсатыңсыз-ақ саламыз!» – деп біраз сөз айтты. Ол кезде Мәскеуден рұқсат алу керек – іс сол жаққа жетті.

Хат сонда кеткен, олар хатты мұқият тексеріп «неге Ақтөбе облыстық гидрогеологиялық зерттеулер мекемесінің келісімі жоқ?» деп, келісімі бермеген. Осылайша жобаны толық тоқтатуға мәжбүр болды – әділдік солай жеңді. Қазір ондай заман жоқ, бәрі өзгерді, бәрі өтті. Қай жерге саламыз десе – салады. Сосын мен «Мені комиссияларға қоспай-ақ қойыңдар» дедім... Сөздерің өтпегесін – не керегі бар деп... Бәрібір қолымды қоймаймын...

 

Екінші әңгіме: КАЛИЙ ТҰЗЫ АЛТЫНМЕН ТЕҢ

«Ақтөбе Ситидің» астында тұщы су көздері, калий тұзының үлкен қоры бар – бағасы алтынмен тең. Қай әкім екені есімде жоқ, «осы жерге қала саламыз» деп шешті. Енді қала салынып жатыр. Ал астында қаншама байлық жатыр. Инвесторлар келді, көрді – бәрін бағалады. Калий тұзын ала бастаса, іргетастарға қауіп төнеді деп тоқтады.

– Қазір біздер Атырау облысына қарасты Сәтімола деген жерде жұмыс жасап жатырмыз.

Индер кентінен 50-60 шақырым жерде. Батыс Қазақстан облысымен шекаралас. Қазір ірі инвесторлар келіп жатыр – бәрінің назары сол жақта.

Теміржол, асфальт, көпір салайын деп жатыр. Сәтімолада калий тұзының үлкен қоры бар.  Егер калий тұзын игерсе, қаншама адамға жұмыс табылар еді. Ертең шахтаны іске қосады – қозғалыс күшейеді. Темір жол келеді, байыту зауыты салынады – өндіріс өрлейді.

Естіген шығарсыздар, Ресейдегі Урал Калий Пермь облысында және Белорусияда кен өндіріледі.

Пермьдегінің қожайыны қазір миллиардер, калий тұзын шетелге сатып, байлыққа кенеліп отыр. Белорусияда калий – мемлекеттікі, бюджетіне қаншама қаржы құйып жатыр.

Сәтімолада енді басталып, қолға алынып жатыр.  Мұнда неміс компаниясы жұмыс жасап жатыр. Біздің мекеме солардың қосалқы жұмыстарымен айналысады. Ертең іске қосылса,  Қытай мемлекеті бірінші болып, вагондап алатын болады. Өйткені калий тұзы  алдымен соларға керек, жерді тыңайтуға болады.

Еуропа мемлекеттері де ыңғай танытып отыр – қызығушылық бар.

Сәтімола кеніші де, Ақтөбе Ситидің астындағы қорлар да 50 жыл бұрын табылып, зерттелген.

Совет өкіметіне калий тұзы аса қажет болған жоқ, Пермьдегі кен орындары бүкіл одақтың сұранысын өтеп тұрды. Ал қазір тыңайтқыш ретінде бағасы өсіп тұр. Жерді баптау үшін керек ресурс – маңызы артты, мәні өзгерді.

 

Тағы да су жайлы толғам

Біздер күніне 10 мың текше метр су алынады деп есептеп отырмыз. Жылдар өткен сайын деңгейі қандай – түсті ме, көтерілді ме – бәрін қадағалаймыз.

 Жалпы Ақтөбе облысында шамамен қанша текше метр су бар екенін біз кәсіби мамандар болғандықтан, нақты сан айтпаймыз. Өйткені су алтын емес, бір орында тұрмайды.

Кейде жоғарылайды, кейде төмендейді. Теорик ғалымдар карта бойынша айта береді,

Бірақ су бір жерде бар, екінші жерде жоқ болуы да мүмкін. Біз ондай алып қашпа істермен айналыспаймыз.

Нақты бақылап, нақты өлшеп – соған ғана сүйенеміз, жаңылмаймыз.

Классификация бойынша 10 мың тәулікке бағамдаймыз, одан кейін міндетті түрде қайта есептеп, жағдайды саралаймыз. Ластану бар ма, тұздану бар ма – бәрін қараймыз.

Қанша су алынды, қанша қалды – соның бәрін есепке аламыз.

Мысалы; Көкжиде суын алсақ, егер мұнай қалдықтарымен ластана берсе, 10-15 жылда ауызсуға жарамсыз болып қалуы мүмкін. Ультра пресный деп айтқанда, мысалы, Құндақтықыр суы, 1 граммнан төмен болса, 0,2-0,3 деп айтамыз, бұл өте таза су.

Тіпті аккумуляторға да құюға болады – тазалығы сондай. Мұндай судың қадірін білу керек – бұл да бір аманат. 1983 жылдары зерттеу жұмыстарын қорғаған болатынбыз.

Сонда 36 мың текше метрді бір тәулікке есептеген болатынбыз.

Оны өсіре берсең, пәлен млн текше метр болады, жылдар өткен соң қайта қарап, өзгерісін көруге болады. Отыз жыл өткесін қайта қарадық?

Тіпті 60 мың текше метрге дейін көтердік, тағы 10 мың тәулікке создық.

27 жылға дейін жоспарладық – бақылап отырдық. Егер су азайса – осынша қалды деп дереу айтамыз. Бұл да мұнай кен орындары сияқты – таусылуы мүмкін. 

Бірақ кейбір таусылмайтын сулар да болады. Мысалы; Ақтөбеде Жоғары Қарғалы деген жер асты тұщы су қоймасы бар, Желянкеден бастап Опытный станцияға дейін – кең аумақ, үлкен қор бар. Оның таусылмайтын себебі – үстінде Қарғалы су қоймасы жатыр,

Сол арқылы толығып тұрады – табиғат өзі толықтырып жатыр.

Қосалқы мөлшерін есептегенде аз сияқты көрінеді. Бірақ 5 метр құрғақ жер болса, тағы 5 метрден су шығады. Біз есеп бердік – секундына 2 текше метр су құйылып тұр, жер асты суының 93 пайызы өзеннен келіп тұр. Ол жерде 30 шақты ұңғыма жұмыс жасайды. Негізгі су көзі – өзен.

Мен екі-үш әкімге хат жазып, Қарғалы су қоймасындағы балық шаруашылығы туралы сөз қозғадым. Қазір балық өсіреміз деген сәнге айналып кетті. Бірақ мен оған қарсы болдым.  Өйткені бұл су – жер асты суын толықтыратын негізгі көз, ал балықтан бөлінетін нитраттар  сапаны төмендетеді. Жемдері төгіледі – желінгені желінеді, желінбегені қалады. Нәжістері суға араласып, ауызсудың сапасын бұзады.

Қарғалы – теңіз емес, шағын су ғана, сондықтан оған түсетін жүктеме қауіпті.

Голландия мен Швеция экологтары да «Теңіз бен мұхитта қолдан өсірілетін балық шаруашылығына тыйым салу керек» деп айтып жүр. Себебі теңізге тасталған жем қалдықтары ауызсуды ластайды. 

Бірақ менің хатыма жауап жоқ...

Мен басында Астрахан облысының тумасымын деп айттым ғой, геологиялық терминдер орысша, олардың толық қазақша баламасы жоқ. Сондықтан кейде жауап беру маған ауырлау болып тұр, – деп ағамыз сөзін тамамдады...

 

ТҮЙІН:

Біздің ұққанымыз – әлемде ауызсу тартылып барады. Ал біздің елде әлі бар – бірақ ол да мәңгі емес, уақыт таразылайды. Сол қасқалдақтың қанындай судың тағдырына алаңдау керек. Оны іздеп, қорғап жүрген мамандардың сөзін тыңдау керек. Су бар екен деп оңды-солды шашпай, ысырап қылмай, қадірін білу керек.

Азамат Байтлеуұлы Душекенов ағамыздың сұхбатынан көп нәрсе ұқтық, ой түйдік, сабақ алдық. Азекеңе рақмет, нағыз жанашыр жан. Нағыз маман. Шыншылдығы өз алдына бір төбе. Билік басындағы азаматтар мұндай мамандардың сөзіне құлақ асуы керек. Одан нәтиже шығарса, құба-құп. Ал нәтиже шығармаса, онда суымыз да, қаламыз да құрдымға кетеді. Қысқасы, бар байлығымыздан жұрдай боламыз.

 

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ, 

Алматы – Ақтөбе – Алматы

 

08.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24282
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23946
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41409
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37320
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41648