«Егер бақташы заңды бұзса, онда табынның заңға бағынуын талап ету мүмкін емес»
(Э.Дюркгейм)
Алдыңғы апта полиция қызметкерін соққыға жығумен мәшһүр болды. Әрине, бұл – өте сорақы жағдай. Заң мен тәртіпке қол жұмсаумен бірдей әрекет. Сондай-ақ мәселенің екінші ұшын да теңдей қарау қажет.
Мұның алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі, жалпы идеология бағушы азаматтар көп ойлануы тиіс.
Ең бірінші мәселе – елдің сенімі. Қазір оны халық жиі шоғырланған немесе криминогенді ахуалы ауырлау аумаққа барып полициямен (прокурормен) бірге футбол ойнаса да түзеу қиын. Бірақ эффект болатыны анық. Керек болса бірге көкпар тартсын (бұл жерде енді ойланатын детельдер көп...). Тіпті қоғамдық кеңестер мен жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарына сұранып қатыссын (біз сұратып жатып әрең алдырамыз...).
Екінші, әділет адамы өздері үлгі болуы тиіс. Жүріс-тұрысымен, әділ іс-әрекетімен, керек болса түр-сымбатымен. Бастысы коррупцияға төзбейтін мәдениет керек.
Бір қызық айтайын: ауылда Жанғазы деген учаскелік инспектор жұмыс істеді. Мотоциклін мініп алып жүретін. Ел құрмет тұтатын. Ауысып кете беретін әкімді онша білмеуіміз мүмкін, бірақ Жанғазы ағаны бәрі танитын. 90 жж. тоқырауында сол учаскелік инспектор тұрақтылықтың символы болды. Қылмыстылық бүгінгіден бірнеше есе көп болған шығар, бірақ ел өзін қауіпсіздеу сезінді. Тіпті жиеніміз тұңғыш ұлының атын Жанғазы деп қойды. Ол бүгін де балалы-шағалы азамат.
Қазір кейбір ауылдарда учаскелік инспекторлар жылына 2-3 рет ауысады. Сосын ол қалай ауылды, оның тыныс-тіршілігін таниды. Жапониядағыдай отбасының досы болмаса да, жанашырына қайтып айнала алады? Осы бір тұрақсыздықты жою мақсатында Ұлттық құрылттайда учаскелік инспекторларды кемінде 4 жылдан 2 мерзімге сайлау қажет деген ұсыныс айтқан болатынмын. Осы тұсқа да назар аударған жөн.
Жалпы біз өте күрделі һәм, Э.Дюркгеймнің тілімен айтсақ, аномалды қоғам жағдайында өмір сүрудеміз. Дамушы елдің тағдыры үнемі осылай болатын секілді.
Құқық қорғау жүйесі, соның ішінде күштік және айыптаушы құрылымдар фундаменталды реформа жүргізуді қажет етеді. Бұл алдыда тұрған өзекті мәселелердің бірегейі деп санаймын.
Қазыбек ДӘУІТӘЛІ















