Атырау облысы Исатай ауданында Аққыстау – Қызылүй бағытындағы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын автомобиль жолының жол құрылыс монтаж жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес нысан жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
Жобаның жүзеге асырылуы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, тұрғындардың қатынауын жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жол құрылыс жұмыстарын «Казкомсервис» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба аясында V санаттағы жолға ресайклинг әдісімен жол конструкциясы төселеді.
– Бүгінде бұл жерде 15 техника мен 21 жұмысшы жұмылдырылған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жүк көліктері мен кейбір арнайы техникалардың жұмысы уақытша тоқтатылған. Жол құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр, – дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұржау Маратов.















