Ауылнай сәбилерге сыйақы таратты

Ауылнай сәбилерге  сыйақы таратты

Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов ауданындағы елді мекендердегі халық арасынан шыққан ауылнайлар ауылдастарының игілігі үшін сүбелі жұмыстар атқаруда. Солардың бірі – Руслан Сарбаев есімді азамат осы жылы дүниеге келген сәбилерге қаржылай сыйақы табыстады. Бұл сүйінші жаңалықты бізге аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Аталмыш аудандағы Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды ауылының ауылнайы Руслан Сарбаев жыл басынан бері өмірге келген төрт сәбидің анасына (Нұрлы Қайырғалиқызы, Гүлдана Әділбекқызы, Аяжан Русланқызы, Әсел Бейбітқызы) 200 мың теңге қаржылай сыйақының сертификатын табыс етті. 

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жас отбасыларды құттықтап, Руслан Самиғоллаұлына ризашылығын білдірді. 

– Президентіміз «Шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын  мемлекет» пен әділетті қоғам құру жолында өзара ынтымақтастық маңызды рөл атқарады» деген болатын. Ауылнайлар жергілікті әкімдікпен, депутаттармен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарымен және ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оның қызметі ауылдық жерлердің өркендеуіне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ал бүгінгі шара қадірлі аналарға, жас отбасыларға деген шынайы құрмет пен жанашырлықтың жарқын көрінісі деуге болады. Бұл өмірге келген сәбилерге деген ақ тілектің, аналарға деген құрметтің, ауыл болашағына деген сенімнің белгісі. Мемлекет басшысы «Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық» деп атап өткен болатын. Ел жанашыры Руслан Самиғоллаұлының игі ісі – осы сөздің өміршеңдігін дәлелдейтін нақты қадам, – деді аудан басшысы. 

Жалпы бұл елді мекенде 253 тұрғын қоныстанған. Әлі де он шақты отбасы нәрестелі болады деген үміт бар. Ауылнайдың бұл сауапты ісін ауыл тұрғындары да жылы қабылдап, жас отбасыларға қолдау көрсеткен азаматқа алғыстарын білдірді. 

– Руслан ағамыздың бұл бастамасы жас отбасыларға үлкен демеу болды. «Берсең балаға бер» дейді халқымыз. Біз мұны баламыздың несібесі деп білеміз, – деген жас ана Нұрлы Қайырғалиқызы елдегі саяси өзгерістер жайында да пікірімен бөлісті: «Елімізде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды реформалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде конституциялық реформаның маңызы зор. Сондықтан алдағы референдумға қатысып, өз таңдауымды жасауға ниеттімін».

Сонымен қатар Сатыбалды ауылына «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында 2024-2025 жылдары екі отбасы көшіп келген. Алдағы уақытта тағы бір отбасының қоныс аударуы жоспарланып отыр. Аудандағы ауылнайлар институтына келер болсақ, округ орталықтарынан бөлек 31 елді мекенде белгіленген ауылнайлар өздерінің жұмыстарын атқаруда. Жалпы Казталовта 47 елді мекен, 16 округ оталығы бар. Өткен жылы аудан орталығында «Ауыл – береке мен бірліктің қайнар көзі» атты І ауылнайлар форумы өтті. Ауылдық округтердегі және елді мекендегі қауымдастық жиналыстарының хаттамалары негізінде әр ауылдан ұсынылған ауылнайларға куәліктері салтанатты түрде табысталды. 

Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы

 

19.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509