Ұлыстың ұлы күнінде Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылына «Қаладан – ауылға» бағдарламасы аясында көшіп барған жас ұстаздың отбасына жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды.
Қуанышты жаңалықты жеткізген Казталов ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жас отбасыға баспана кілтін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов салтанатты түрде табыстаған.
Аудан басшысы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан аталмыш бағдарлама бұл аудандағы 16 елді мекеннің 47 отбасымен толығуына ұйытқы болғанын атап өтті. Шаһардан аядай ғана ауылға үлкен сеніммен көшіп барған азаматтардың 91-і ересектер болса, 155-і бала. Демек, ауылдағы тірлік жанданды деген сөз.
– Бүгінде еліміз Мемлекет басшысының бастамасымен жаңару жолына нық қадам басып келеді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, өңірлерді дамыту, ауылдың әлеуетін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Маңызы ерекше «Қаладан – ауылға» бағдарламасы шеңберінде Жалпақтал ауылына бұған дейін төрт дәрігер отбасы көшіп келген еді. Бұл – халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты қадам, ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның нығайып келе жатқанының айқын дәлелі, – деген аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жас маман Асылжан Бақытжанға жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстады. Орал қаласынан қоныс аударған жас отбасының отағасы – қазіргі уақытта Жалпақталдағы Ғ.Молдашев атындағы ЖОББМ-нің информатика пәні мұғалімі.
Асылжан Бақытжан да мереке қарсаңында қуанышының еселенгеніне риза екендігін айтып:
– Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен қолдау, әрі жаңа өмірдің бастауы. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне, сондай-ақ аудан басшылығына халықтың әл-ауқатын арттыру, жас мамандарды қолдау бағытында жасап жатқан жүйелі жұмыстары үшін шынайы алғысымды білдіремін. Ауылға келіп, еңбек етуге барлық жағдай жасалып отыр. Біз де өз кезегімізде ел сенімін ақтап, білім саласында аянбай қызмет етіп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуға бар күш-жігерімізді саламыз, – деді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы













