Елімізде ауыл шаруашылығы саласында өсімдік өндіру құрылымын оңтайландыру және тиімділікті арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, биыл бидай алқабы 884,6 мың гектарға азайып, 12,3 млн гектарды құрады. Ал майлы дақылдар егілетін жер көлемі 1 млн гектарға ұлғайып, жалпы 4 млн гектарға жеткен. Сонымен қатар қант қызылшасының егіс құрылымы да жаңаша тәсілдермен реттеліп, өнім сапасы мен тұрақтылығын арттыру шаралары қолға алынған.
Саладағы басты бағыт – егіс алқаптарын әртараптандыру мен су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға және өнімділікті тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияларды енгізу міндеттелген болатын.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл жоспар күткеннен де жоғары нәтижемен орындалған:
«Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияларды енгізуді тапсырған болатын. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл жоспар артығымен орындалып, 158 мың гектарды құрады. Ал биыл су үнемдейтін технологияларға қазірдің өзінде 109,8 мың гектар алқапқа енгізілді. Жалпы су үнемдейтін технологиялар қолданылатын жер көлемі 580 мың гектарға ұлғайды», – деді министр.
2024 жылы фермерлер 25,2 млн тонна астық жинап, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жеткен. Оның 18,6 млн тоннасы – бидай өнімі. Орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерді құрап отыр. Бұл табысқа тыңайтқыштар көлемінің екі есеге артуы үлкен әсер еткен. 2023 жылы 1,3 млн тонна тыңайтқыш пайдаланылса, биыл бұл көрсеткішті 1,9 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
Мамандардың айтуынша, тұқым шаруашылығын жетілдіру мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да басты назарда. 2025 жылы элиталық тұқым үлесін жалпы егіс көлемінің 10,5 пайызына, ал техника жаңарту деңгейін 6,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Тек өткен жылы шаруалар 22 мыңнан астам жаңа техника сатып алған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп.
Фермерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері де кеңейіп келеді. Мемлекет элиталық тұқым құнының 70 пайызына дейін, отандық минералды тыңайтқыштардың 60 пайызына дейін өтемақы төлейді. Сондай-ақ, пестицид шығынының 50 пайызы, биопрепараттардың 40 пайызы субсидия арқылы өтеледі. Ал 2025 жылы басым дақылдарды субсидиялауға 25,8 млрд теңге бөлінбек. Бұл фермерлер үшін өнімділікті арттыру мен материалдық базаны нығайтуда үлкен мүмкіндік болмақ.
Ауыл шаруашылығын әртараптандыру және тиімділікті арттыру бағытындағы бұл кешенді шаралар 2024–2028 жылдарға арналған Жол картасында бекітілген. Құжат аясында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі еселеу міндеті қойылған. Негізгі басымдық – бидайдың монокультурасынан бас тартып, суармалы жерді көп қажет ететін күріш пен мақта алқаптарын қысқарту.
Сонымен қатар майлы, көкөніс-бақша және малазықтық дақылдар егісін арттыру көзделіп отыр. Мұндай бағыт мал шаруашылығы үшін берік жем-шөп қорын қалыптастырып, өндірістің табыстылығын арттыруға сеп болады.
Бұдан бөлек, жаңа селекциялық сорттар мен будандарды шығару жұмыстары да қарқын алмақ. 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы дақылдарының кемінде 109 жаңа сорты мен буданын шығару жоспарланған. 2024 жылы отандық селекция тұқымдарымен егілетін алқап үлесі 52,3 пайызды құраса, алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті 78,2 пайызға дейін жеткізу көзделуде.
Осы бағытта ұлттық генетикалық банк пен Мемлекеттік тұқым тізілімі қалыптастырылып жатыр. Бұл бастама отандық селекцияның ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, қазақстандық өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорттық мүмкіндігін кеңейтеді.
Сағадат Бақытбек













