Атырау қаласында аулаларды абаттандыруға бағытталған арнайы бағдарламадан атыраулықтардың үміті зор еді. Себебі, ескірген әткеншек пен сұрқы қашқан сырғанау құралдары, тақыршақ футбол алаңқайларынан әбден мезі болған тұрғындарға жайлы аулалар қол жетпес армандай көрінетін. Оның үстіне кейбір шағынаудандарда балалар ойнайтын орындар жауапсыздықтың салдарынан ескіріп, қауіпті нысанға айналған. Былтыр облыс әкімі Серік Шәпкенов атыраулықтармен кездесу барысында да осынау проблеманы ортаға салған еді.
Облыс әкімінің нұсқауы орындалды ма?
Жұртшылықпен кездесу кезінде облыс басшысы Нұрсая шағынауданындағы №95 үйдің ауласына балалар ойын алаңын салу мәселесін қала әкіміне шешуді тапсырған болатын. Білгеніміздей, бүгінде тұрғындардың өздерінің ұсынысы негізінде аталған мекенжай ауласындағы тозығы жеткен балалар ойын алаңдары құрылғылары бұзылып, жиналып алыныпты. Сондай-ақ Нұрсая шағынауданы №95 тұрғын үйдің ауласын ағымдық жөндеу жұмыстары аясында абаттандыру жұмыстарының эскиздік жобасы дайындалып жатқан көрінеді. Биыл ақпан айының ішінде эскиздік жобаны толықтай аяқтап, жобаға сай абаттандыру жұмыстарын ауа-райының қолайлы мезгілінде бастау жоспарланыпты. Бұл жұмыстар аясында аулаға балалар ойын және кіші аяқ доп алаңдары, түнгі аулаішілік жарық шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылатын болады.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, қазір «Атырау қаласындағы тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру (150 аула)» жобасы аясында Нұрсая ықшам ауданының №46-54 тұрғын үйлерінің аулаішілік аумақтарын абаттандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр екен. Жобалау жұмыстары аяқталу сатысында. Құжаттар толық дайын болған соң, жоба сараптамаға жолданып, оң қорытынды алынған жағдайда ғана келесі кезең – қаржыландыру мәселесі қаралатын көрінеді. Содан кейін жергілікті бюджеттен қаражат сұратылып, нақты абаттандыру жұмыстары басталмақ. Яғни, мәселе қағаз жүзінде қозғалыс тапқанымен, балалар үшін нақты нәтиже әлі алда. Ал бұл – тағы да уақыт, тағы да күту.
Өткен жылы осы шағынаудандағы №52 тұрғын үйдің ауласына спорттық-жаттығу алаңы салынып, пайдалануға берілген. Бұл – белгілі бір аумақтарда мәселенің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын көрсетеді. Алайда бір үйдің ауласы абаттандырылып, көршілес аула қараусыз қалуы – тұрғындар арасындағы әлеуметтік теңсіздік сезімін күшейтпей қоймайды.
Мәселенің тағы бір қыры бар. Аулаларды күтіп ұстау тек әкімдік пен мердігерлердің ғана емес, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі екені жасырын емес. Көп жағдайда балалар ойын алаңдарының бұзылуына сол ауланың өз балалары себеп болатынын да білеміз. Осы орайда «мұндай фактілер бейнебақылау арқылы тіркеліп, жауапкершілікке тарту шаралары қолданылды ма?» деген заңды сұрақ туындайды.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, бүгінде пайдалануға берілген көптеген ойын алаңдары бейнекамералармен толық жабдықталмаған аулаларда орналасқан. Сондықтан ұқыпсыз немесе қасақана бүлдірілген ойын құрылғылары көбіне кепілдік мерзімі аясында мердігер мекемелердің өз қаражаты есебінен немесе «Күтіп-ұстау жұмыстары» шеңберінде жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы арқылы қалпына келтіріледі.

«100 аула»: келешегі нешік?
Жалпы өңірде балалар ойын алаңы мәселесін шешу мақсатында осыдан 2-3 жыл бұрын қалада «100 аула» жобасы қолға алынған еді. Өйткені, дәулеті мен сәулеті келіскен мұнайлы өлке орталығында балалар ойын алаңдары кейінге ысырылып келген болатын. Қаланың орталығында тозығы жеткен әткеншектер «самсап» тұрса, ауылдық округтерде балалар ойнайтын алаңдар мүлде орнатылмаған-ды. Осылайша жоба шеңберінде шағынаудандардағы ескірген балалар ойын алаңдарын жаңарту, ал мүлде жоқ аумақтарға жаңа алаңдар салу жоспарланды. Бастама тұрғындар тарапынан үлкен үмітпен қабылданғанымен, арада уақыт өте келе бұл бағдарламаның тағдыры сиырқұйымшақтанып кеткендей әсер қалдырады. Қанша аулада жаңа ойын алаңы салынды? Нешеуі әлі күнге дейін аяқсыз қалды? Жауапсыз мердігерлерге қандай шара қолданылды? Бұл сұрақтар бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінен алған мәліметке сүйенсек, аталған жоба бойынша жоспарланған 100 ауланың 76 ауласына (179 тұрғын үй – автор) қатысты мердігер мекемелерді анықтау және келісімшарт жасау жұмыстары 2022 жылдың соңында жүргізілген. Ал нақты құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың наурыз айынан бастап қарқын алған. 76 ауланың барлығында дерлік балалар ойын алаңдарын орнату қарастырылған.
Алайда жоспар мен шындықтың арасы алшақ болып шықты. Қазір 7 келісімшарт бойынша жұмыстардың толық аяқталмауына байланысты бірде-бір нысан ресми түрде пайдалануға берілмеген. Бұл дегеніміз – қағаз жүзінде бар, ал іс жүзінде толық іске қосылмаған алаңдар. Кейбір аумақтарда орнатылған құрылғылардың өзі аяқталмаған нысан күйінде тұр.
Сондай-ақ кейбір шағынаудандарда кішкентай балаларға арналған ойын құрылғыларының ересек балалар тарапынан ұқыпсыз пайдаланылуы салдарынан бұзылу жағдайлары да тіркелген. Дегенмен жауапты мекемелер мұндай ақаулар нысан толықтай пайдалануға берілмегендіктен, мердігерлердің өз қаражаты есебінен қалпына келтіріліп жатқанын алға тартады. Алайда бұл уәде ата-аналардың алаңдаушылығын сейілте ала ма?
Ең алаңдатарлығы – басталған жұмыстардың нақты қашан толық аяқталатыны. Ресми ақпаратта жобаны кезең-кезеңімен 2026 жылдың екінші жартыжылдығына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырғаны айтылған. Демек, балалар қауіпсіз әрі заманауи ойын алаңына қол жеткізу үшін тағы бірнеше жыл күтуге мәжбүр.
– Ойын алаңы – балалардың денсаулығы, дамуы, қауіпсіздігі. Сондықтан бұл мәселе статистикамен немесе мерзім созумен шектелмеуі тиіс. «100 аула» жобасы шынайы нәтижеге жұмыс істеп, қаланың ең кішкентай тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолжетімді орта қалыптастырғанда ғана өз миссиясын орындады деуге болады.
Әрине, атқарылған істі түгелдей жоққа шығару әділетсіз болар еді. Соңғы жылдары Атырау қаласында бірқатар балалар ойын және спорт алаңы бой көтергені рас. Бұл – мәселенің мүлде қозғалыссыз қалмағанын көрсететін оң қадам. Дегенмен, «қала» ұғымы тек орталықпен шектелмейтіні белгілі. Жеке сектор мен ауылдық округтердегі жағдай әлі де нақты жауапты талап етеді, – дейді қала тұрғыны Нұргүл Мұқанғалиева.
Ауылдық округтердегі ахуал қандай?
Өткен жылы қала аумағында бірқатар ірі қоғамдық кеңістіктерде спорттық-жаттығу алаңдары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Балықшы саябағы, Тұрғындар қалашығындағы және Ретро саябақтар, Жеңіс саябағы маңындағы «Отбасы» саябағы, Смағұлов алаңы, Ғұмаров көшесі бойы және Жайық өзені жағалауында спорттық бағыттағы алаңдар салынған. Сонымен қатар Исатай – Махамбет және С.Мұқашев алаңы маңында көлемі 25х45 метрді құрайтын екі ірі балалар ойын алаңы жиынтығы орнатылып, ел игілігіне берілген.
Сонымен қатар, Көкарна, Құрсай, Жұмыскер ауылдарында, сондай-ақ «Авангард-3», «Геолог», «Береке», «Өркен», «Нұрсая» шағынаудандарында, Каженбаев пен Ахмедьяров көшелерінде жалпы саны 27 жерде балалар ойын алаңдары салынған. Бұл – жеке сектор мен шеткері аудандарды қамту бағытындағы нақты жұмыстардың жүргізілгенін көрсетеді.
– «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында да бірқатар нысандар іске асырылған. Атырау қаласы мен оған қарасты елді мекендердегі 27 аумақта кіші аяқ доп алаңдары, спорттық-жаттығу және балалар ойын алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қосымша 40 аумаққа жаңа балалар ойын алаңдары қойылып, 3 аумақта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-жаттығу алаңдары салынған.
Ал «Күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстары» шеңберінде 11 жаңа балалар ойын алаңының құрылысы басталып, тағы 5 ойын алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.
Десек те сандар мен тізімдер мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Ата-аналарды алаңдататыны – алаңдардың сапасы, қауіпсіздігі және ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығы. Бір жерде жаңа алаң салынса, екінші жерде ескірген құрылғылар әлі де бала өміріне қауіп төндіріп тұр. Ал кей аумақтарда ойын алаңы атымен жоқ.
Тобықтай түйін:
Сондықтан балалар ойын алаңдары мәселесі тек «салынды» деген есеппен емес, «қауіпсіз бе, қолжетімді ме, барлық аудан қамтылды ма?» деген сұрақтармен бағалануы тиіс. Қаланың дамуы – ең алдымен баланың қауіпсіз күлкісінен басталуы керек. Ал ол күлкі әр аулада естілуі үшін атқарылған жұмыстан бөлек, жүйелі бақылау мен нақты жауапкершілік ауадай қажет. Камера жоқ жерде бақылау жоқ, бақылау жоқ жерде жауапкершілік те әлсірейді. Ал жауапкершілік әлсіреген сайын, жаңадан салынған алаңдар да тез тозады. Сол себепті өзекті мәселе инфрақұрылыммен қатар қоғамдық сана, тәрбие және ортақ мүдде тұрғысынан да қарастырылуы тиіс. Әйтпесе, бір аула жөнделіп, екіншісі қайтадан тақырға айнала бермек...
А. ХАМИТТЕГІ, Атырау облысы
Суреттерді түсірген – Е. СӘКЕМБАЙҰЛЫ













