Сақтаған Қарымсақұлы (1922-2005 жж.) – еліне өлшеусіз үлес қосқан тұлға
Ел аузында: «жеті жұрт қонып, көшкен жер» деп аталған, үзіліп түскен моншақтай, тоқсан көлі, арудың мойнындағы алқадай, төрт өзені төрт түлікке, тағы аң-құстарға араласып жататын ғажайып өлке, қасиетті мекен Ырғыз туралы желмаясымен желіп жүріп, халқына құт боларлық қоныс іздеген Асан қайғы бабамыз сонау ХV ғасырда суы арнасынан асып жатырған Ырғыздың жағасында тұрып:
Ақ балығың май татыған,
Қара суың бал татыған,
Балығың тайдай тулаған,
Көлбақаң қойдай шулаған,
Күндердің күні болғанда,
Жетім бала, жесір қатын,
Мыңғыртып мал айдаған,
Құтты қоныс боларсың-ау! – деп, тебіренген екен. Сондай тарихи шежіреге толы киелі өлкенің бір тармағы кең далаға көсіліп жатқан – Ырғыз өзені. Ырғыз елі талай жаңару белестерінен өткен. Бұл жылдардың ішінде тәуелсіз ел болудың қанды оқиғаларының да, елді шарпыған ашаршылық, жұт-зұлматтарының да, отаршылықтың жазалау шараларының да ел тағдырында өшпестей таңбасы қалды. Сол зұлмат шақтың куәгері болып, мұң мен мұқтаждықты басынан кешкен абзал жанның бірі – Қарымсақұлы Сақтаған еді.
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының солтүстік-шығысындағы Нұра ауылында дүниеге келген. Ауыл Торғай өзенінің бойында орналасқан. Тарихи деректерде белгілі жазушы Ә. Кекілбаев «Үркер» романында: «Әбілхайыр хан Нұра бойында жаз жайлады», – деп суреттейді. Кейінгі деректерде Кенесары ханның жайлауы болғандығы да айтылады. Ырғыз елінің, Нұра жерінің шұрайлылығы, байлығы, оттығы қашаннан төрт түлік малмен өркендеген қазақи тірлікте таптырмас құт-береке дарыған мекен. Ал өзен-көлдердің, су көздерінің табиғатқа да, адамға да, аң мен құсқа, төрт түлік малға да баға жетпес қазынасы болатын.
Дәуірдің ауыр сыны
Туған өлкесінен сан тарапқа жылжып ағып жатқан Ырғыз өзенінің ғасырлар бойы тоқтаусыз ағысы адам ғұмырына ұқсайды. Бір буын кетеді, оның орнын екінші буын басады. Сол буынның балалары ойынмен емес, еңбекпен ерте есейді. Иә, тағдыр оны осылайша ерте есейтті.
Сақтаған әкей өмірге келген тұс қазақ даласының ең күрделі кезеңдерінің бірі болатын. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ел ашаршылықты да, қуғын-сүргінді де, соғыс сұрапылын да бастан өткерді. Ата-анадан ерте айырылғаннан соң, ағасы Шөрел Ырғыздағы балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болды. 1932-1933 жылдары елді жайлаған ашаршылық пен жұт салдарынан балалар үйінде жетім, ата-ананың қамқорынсыз қалған балалар өте көп болған. Өзі сияқты талай жәудіркөз жетімдердің аурудан, ас-судың кемдігінен қайтыс болып кеткенін көзімен көрген. Он-он бір жастағы өзінің қатарластарынан қалған 4-ақ түйір жетімек Шалқардағы балалар үйіне аттанарда, қолдарындағы бар жылы жұмсақтарымен, жылы киімдерін кигізіп, жолдық ас-дәмдерін қойны-қонышына салып, көз жастарын төгіп шығарып салған тәрбиеші апайларының өкініші: 200-ден астам балалардан тірі қалғаны осылар екен. Бұл төртеудің бірі – кейін халқымызға танымал қазақ жазушысы, Ырғыз ауданының құрметті азаматы Өтебай Қанахин (1923-1990), екіншісі – Ұлы Отан соғысының ардагері, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бастығы болған полковник-заңгер Жұмахмет Шалтақбаев (1920-1999), үшіншісі – екі рет Социалистік Еңбек Ері атағын алған Алтынбек Әкімжанов (1922-2000) және соңғысы – кейіпкеріміз Сақтаған Қарымсақұлы еді. Осындай қиын кезеңді бастан кешкен бұл азаматтар ерте есейіп, естерін жиып, білімге, еңбекке ұмтылып, туған өлкеге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Тағдырлары жұт пен ашаршылықтан аман өтіп, соғыс пен жоқшылықты бастан кешіп, кейін ел еңсесін көтеруге бар күш-жігерлерін жұмсаған тұтас бір буындардың тағдыры, өмір жолы – еңбектің, білімнің, табандылықтың және азаматтық жауапкершіліктің мектебі еді. Жергілікті халықтың ерекше құрметіне бөленген айтулы тұлғалар болып танылды. Ардагердің өмір жолынан бір адамның тағдырынан тұтас бір дәуірдің келбеті көрінетін. Жастайынан жетімдік тауқыметін тартса, тылдағы еңбек майданы да өз зардаптарын әкелді. Ел басына туған қиыншылықтан, денесіне түскен ауыр жарақаттан майданға барып, жаумен бетпе-бет күресу тағдырына жазбады. Сұрапыл соғыспен тұстас келген жастық шағы тылдағы еңбек майданына ұласты. Сақтаған әкей осы ортадан жоғары оқу орындарына аттанып бара жатқан сәтінде немере әпкесі Бәти жолдан бөгеп, елден жырақ кетіп, беймәлім жаққа аттанған бауырын машинадан түсіріп алып қалады. Сол сапар білім жолы сапары екенін ұққан Сақтаған Қарымсақұлы өкінішпен еске алып отыратын.
Орта мектепті бітірген соң, № 6 ауылдық кеңестің есепшісі, кейін хатшысы болған. Содан Мәскеу қаласынан бухгалтерлік-есепшілік курстарын бітірген. Балалар үйінде тәрбиеленген қарындасы Баймағамбетова Күнзағираны 1953 жылдары қолына алып, оқытып, Алматы қаласындағы педагогика институтын бітірткен. Күнзағира қарындасы Кеңес Одағының Ағарту саласының үздігі болды. Сақтаған Қарымсақұлының ұрпақтарының білімге, ғылымға бет бұруына мұрындық болған жан. 1943-1950 жылдар аралығында арнайы жоғары оқу орнын бітірмесе де, өзінің еңбекқор ыждағаттылығы мен зеректігімен ауданның бірқатар жауапты мекемелерінде қызмет атқарған. 1951-1954 жылдар аралығында Ырғыз аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін Ырғыз аудандық Тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарады. Еңбектегі толағай табыстары үшін мемлекеттік төсбелгілер мен марапаттарға, алғыс хаттарға ие болды. Өмірі тек қоғам өміріндегі жетістіктермен өлшенбеген азаматтың мұндай ұстанымының мәні – аштық, жоқшылық, еңбекке жегілген балалық шақ болашақ азаматтың мінезін қалыптастырған еді. Ол – отбасының тірегі, ұрпағына үлгі болған ардақты әке. Жан-жары Әбілғазықызы Жарқынаймен (1928-1974) үйленіп, шаңырақ құрып, 9 ұл-қыз өсіріп, оларды еңбекке, білімге, өнерге, адамгершілікке тәрбиеледі. Барлығына үлгі болған ардақты әке, немерелерге сүйікті ата болып, ата-аналық парызын өтеп кеткен абзал азамат күні бүгінге дейін ел аузында сақтаулы. Ұрпақтары да ата жолын қуып, биіктерден көрінуде.
Тұңғышы Несібелі Сақтағанқызы бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан. Мамандығы – дәрігер. «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Еңбек ардагері» орденінің, «Пирогов» төсбелгісінің, «Денсаулық сақтау саласына қосқан елеулі еңбегі үшін», «Ардақты ардагер», «Әлемнің үздік әйелдері», «Қазақстан денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының құрметті ардагері» төсбелгілерінің иегері. «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» ҚБ мүшесі. Қоғамдық игілікті істердің бел ортасында жүріп, ұлтжандылығымен мемлекеттік тілінің жанашыры болып, облыс орталығында қазақ сыныптарын ашуға үлесін қосты. Жұбайы Ұзақберген Ташкент политехникалық институтының құрылыс бөлімін бітіріп, құрылыс саласында жобалау институты басшылығын басқарды. 43 жыл бір шаңырақта бақытты өмір сүрді. Балалары – Ғалым, Асқар. Ғалым Ұзақбергенұлы Батыс Қазақстан облысының сот сараптама институтының директоры болып, бүгінгі күні Ақтөбе облысы бойынша сот сараптама институтының бас сараптамашысы қызметінде. Асқар Қызылорда, Қостанай жылу энергетикасы саласының бас директоры болып, бүгінде Астана қаласында сол салада қызметкер. Астана қаласында тұрады. Жұбайы Лида – медицина саласының маманы. 5 бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Сақтаған
Қарымсақұлының кейінгі ұрпақтары
Бақытжан жұбайы Мәриямен жоғары білімді мамандар, Ағарту саласының үздіктері болса, Бақытжан – техника инженері. Сол мамандықтан ауданның коммуналдық шаруашылықтарында басшылық қызметтерді атқарды. Әсемхан – жоғары білімді маман. Сауда саласының ардагері. Жұбайы Қуандық Ахметұлы Санкт-Петербург қаласынан жоғары білім алып, Ырғыз ауданында жылу энергетикасы саласын басқарды. Отбасында алты бала өсіріп, парасатты, білімді ұрпақ тәрбиелеп, немере-шөбере көруде.
Орысбай суретші мамандығын меңгерді. Ауданның көркейіп өсуіне, құрылысына өз үлестерін қосқан. Жұбайы Несібелімен 4 бала өсіріп, өмірден өз жолдарын тапты. Ырғыз өңіріне танымал болу себебі – іс қағаздарына лайықты жеке құжаттамаға суреттер рәсімдеп, өз мерзімінде дайындап отырды. Халқының алғысын алды. Облыс пен аудан көлемінде құжаттама рәсімдеу саясатын жоғары орынға қоя білді.
Қонысбай – техника саласының маманы болды. Жұбайы Айман – медицина саласына еңбегі сіңген ардагер. Үш бала тәрбиелеп, жоғары білімді етіп шығарды.
Неля. Жұбайы Бақытжан техника саласын меңгерді. Үш бала тәрбиелеп, еліміздің айтулы оқу орындарын бітіріп, шетелде білімдерін жалғастырды.
Лена – медицина саласының ардагері. Қызы жоғары білімді маман. Талғат жұбайы Алтынмен жоғары білімді мамандар. Үш балалары жоғары білімді мамандар.
Света Алматы халық шаруашылығы институтының түлегі. Қызы заң саласында еңбек атқарады. Облыстық Казначей орталығында қызмет атқарған.
Ардақты әке Сақтаған Қарымсақұлы 2005 жылдың 28 қыркүйек күні Ақтөбе қаласында көз жұмды. Абзал азамат, ардақты әкені туған жеріне, Ырғызға жеткізіп, перзенттік парыздарын өтеді. Туған жеріне өлшеусіз еңбек сіңірген азаматтың есімі халық жадында мәңгі сақталады.
Жібек АБДУЛЛИНА,
өлкетанушы,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Руханият» танымдық-
патриоттық клуб төрағасы,
Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы














