«Әділет» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен дәстүрлі «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі: Жасанды интеллект, Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», Инновациялық даму, Ұлттық жад, Ұлттық рух – елді көркейту жолындағы Президентіміздің салиқалы саясаты – дәстүрлі экспедицияның алтын арқауы» атты экспедициясы Батыс Қазақстан облысында
«Qazaqstan dauiri» газетінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі» республикалық дәстүрлі экспедициясы – ауыл өмірін тереңірек зерделеп, елді мекендердің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың талап-тілегін, жетістіктері мен түйткілді мәселелерін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды жоба. Бұл жоба жиырма жылдан астам уақыт бойы жалғасып келеді. Осы уақыт ішінде елдің мұңын билікке жеткізіп, екі ортада алтын көпір бола білді. Дәстүрлі экспедицияның басты мақсаты – цифрлық жаңғыру мен ұлттық руханиятты қатар өрбітіп, ауылдың әлеуетін ел назарына ұсыну.
Жоба аясында Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал шаһарына жұмыс сапарымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің және «Мөлдір бұлақ» балалар журналының бас директоры Сәуле Мешітбайқызы келді.

Әкіммен әсерлі басқосу
Өңірге келген қазақ баспасөзінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық руханият пен ұрпақ тәрбиесін өмірлік мұратына айналдырған қалам иесін БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлы қабылдап, елімізде үлкен қолдауға ие болған экспедиция барысын сөз қылды.
Кездесу аясында «Qazaqstan dauiri» басылымының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі» атты республикалық экспедицияның мақсаты мен маңызы кеңінен сөз болды. Аталған жоба ауыл өмірін тереңірек зерделеп, елді мекендердегі өзекті мәселелерді көтеруге, цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен насихаттауға және ауылдың рухани әлеуетін танытуға бағытталған.
– Президентіміз «Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді» деп атап өтті. Сондықтан технологиялық жаңғыру, ең алдымен, халықтың игілігіне қызмет етуі керек. Цифрлық мүмкіндіктер ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, рухани өмірінің жаңғыруына да жол ашуға тиіс, – деді Нариман Төреғалиев.
Сонымен қатар аймақ басшысы Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобалар мен ауылдық елді мекендердегі оң өзгерістерді халыққа жеткізуде республикалық басылымдардың орны ерекше екенін айтты. Осы ретте өңір тынысын танытып, ауыл тұрғындарының жетістіктері мен өзекті мәселелерін жариялап жүрген «Qazaqstan dauiri» газетінің жұмысына ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Сәуле Мешітбаева өңірге сапары барысында көрген оң өзгерістерге, жүзеге асырылып жатқан игі бастамаларға тоқталып, ауылды дамытуға бағытталған жұмыстарға жоғары бағасын берді. Сондай-ақ Президент Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда ақпарат құралдарының жауапкершілігі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, республикалық экспедиция ауылдың бүгінгі тынысын танытып қана қоймай, елді мекендердің әлеуетін ашуға, тұрғындардың үнін жеткізуге және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.
Кездесуде ұлттық баспасөздің қоғам алдындағы жауапкершілігі, жас ұрпақ тәрбиесі, ауыл руханиятын дамыту және елдік мүддені ұлықтау мәселелері де талқыланды. Саналы ғұмырын сөз өнері мен журналистикаға, елдік мүдде мен ұлт тәрбиесіне арнаған Сәуле Мешітбайқызы үшін 80 жас мерейтойы да – ұзақ жылғы еңбектің ел алдындағы бағасы. Кездесу соңында облыс әкімі мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетті. Деніне саулық, ғұмырына ұзақтық, шығармашылық қызметіне толағай табыс тіледі.
Айта кету керек, БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлымен кең көлемдегі сұхбат газетіміздің алдағы санында жарық көретін болады.

«Әділет» партиясы – баспасөз жанашыры
Сәуле Мешітбайқызы сапар барысында «Әділет» партиясы облыстық филиалының ұжымымен кездесті. Кездесудің негізгі арқауына қоғамдағы өзекті мәселелер, ел дамуының бүгінгі бағыттары, ұлттық құндылықтарды сақтау және ауылдың әлеуметтік-рухани әлеуетін арттыру тақырыптары өзек болды.
Партияның облыстық филиал төрағасы Бауыржан Бектұрған ұлттық баспасөздің міндеті тек жаңалық тарату емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, елдің сөзін сөйлеп, халық пен билік арасындағы байланысты нығайту екенін атап өтті.

Расында, партия жұмысының да, бұқаралық ақпарат құралдарының да түпкі мәні – қоғам мүддесіне қызмет ету. Халықтың үнін есту, оның талап-тілегіне назар аудару, елдің ертеңіне қатысты бастамаларды қолдау – ортақ жауапкершілік.
Кездесу барысында өзара пікір алмасып, қоғамдық маңызы бар мәселелер төңірегінде ой қозғалды. Мұндай жүздесулер түрлі сала өкілдерінің өзара тәжірибе бөлісуіне, ортақ міндеттерді саралауына мүмкіндік береді.

Цифрлық басқарманың әлеуеті
Одан кейінгі кездесу БҚО Цифрлық басқармасында болды. Басқарма басшысы Нұрғиса Мәлікұлы өңірде атқарылып жатқан бірқатар ілкімді жұмыстарды жіпке тізді.
Расымен, Батыс Қазақстанда цифрлық даму бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер өте көп. Мысалы, тұрғындардың өтініштерін жедел қарау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «iKomek 109» call-орталығы қызмет көрсетуде. 2026 жылдың басынан бері 61,2 мыңнан астам қоңырау қабылданған. Орталыққа жасанды интеллект функцияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жастарға тұрғын үй бөлуге арналған «Жайық жастары» өңірлік бағдарламасын цифрландыру үшін арнайы портал жасақталыпты. Бұл өз кезегінде тұрғын үйді бөлу процесін ашық түрде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Жер қатынастары саласында геоақпараттық портал іске қосылған. Оның басты мақсаттарының бірі – ауылшаруашылығы жерлерінің дұрыс пайдаланылуына бақылау жүргізу.
Қоғамдық көлікті диспетчерлеу жүйесі толығымен цифрландырылып, электронды жолақы төлеу жүйесі енгізілген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ауызсуды тұтынуды есепке алу және су беру қызметтерінің құнын субсидиялауды автоматтандыруға арналған «E-sep.su» жобасы жұмыс істейді. Бұл бағдарламалық кешен су тұтынудың ашықтығын алуға, субсидиялау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету қағидаларын сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, негізгі капиталға тартылған инвестициялардың 2026 жылға арналған нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында «Aimaq07» ақпараттық жүйесіне инвестициялық жобаларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өңіріміздегі инвестициялық жобаларға мониторинг жасауға және олардың уақытылы қолданысқа енгізілуін қадағалауға мүмкіндік беріп отыр.
«Batys Hub» алаңында 2026 жылы 85 іс-шара өткізіліп, 55 стартап іске қосылған. ІТ саласындағы адами капиталды қалыптастыру мақсатында «Tomorrow School» жобасы іске асты. Жобаның бірінші кезеңіне 700-ден астам өтінім түскен. Оқу процесі М.Өтемісіов атында Батыс Қазақстан университінде жүргізілуде.
Облыстағы 405 ауылдың 372-сі, яғни 92%-ыинтернетпен қамтылған. Үстіміздегі жылы 7 ауылға жаңа базалық станция орнатылып, 16 ауылдың базалық станциялары жаңартылған екен. Орал қаласында 5G технологиясымен 97 базалық станция орнатылған. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 220 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарлануда.
Осы жұмыстарды тізбелеген басқарма басшысы өңірде цифрлық бағытты дамытуда орасан зор еңбек атқарып жатқан әріптестерін де ұмытпады. Соның бірі TORUS.KZ компаниясының негізін қалаушы – Дәурен Габдуллаев.
TORUS.KZ-тің тарихы – өңірлік IT-бизнес құрудан бастап, күрделі цифрлық жүйелер, интерактивті технологиялар мен инновациялық шешімдер әзірлеуге дейінгі даму жолынан тұрады. Алғашқы жобалардың бірі Батыс Қазақстан облысының туристік интернет-порталын әзірлеу болды. Бұл жоба компанияның өңірлік цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған алғашқы қадамдарының бірі саналады.
2014 жылдың қараша айында компанияның TORUS атауы қалыптасты. Атаудың таңдалуы кездейсоқ емес: оның мағынасы мен дыбысталуы, сондай-ақ интернеттегі доменнің қолжетімді болуы жаңа IT-брендтің пайда болуына негіз болды. Содан бері TORUS.KZ интернет-сайттар әзірлеумен ғана шектелмей, мәдениет, білім беру, туризм, медицина, спорт және өнеркәсіп салаларына арналған цифрлық шешімдер ұсынатын компанияға айналды.
Компанияның негізгі мақсаты – заманауи технологияларды пайдалана отырып, Қазақстандағы ұйымдардың жұмысын жеңілдету, ақпараттық жүйелерді жетілдіру және жаңа цифрлық мүмкіндіктер қалыптастыру екен.
Кездесу барысында Дәурен Ғарипұлы TORUS.KZ жұмысының алғашқы кезеңінде интернет-сайттар мен мобильді қосымшаларды әзірлеу маңызды бағыттардың бірі болғанын айтып, уақыт өте келе компания өз қызметін кеңейтіп, виртуалды және толықтырылған шындық, 3D-модельдеу, интерактивті музейлер, голографиялық кешендер мен мультимедиялық жобаларды жүзеге асыруға кіріскенін тілге тиек қылды.
Кездесу аясында «Batys Hub» басшысы Нұрбол Қырықбаев осы салада өңір жастарының АҚШ, Канада мемлекеттерінде жеткен жетістіктерін тізбелесе, «Кәсіби Такси» қосымшасын ойлап шығарған Ақеділ Асқаров 200 таксидің басын біріктірудегі құпиясымен бөлісті.

Білім саласындағы жаңашылдықтар легі
Сәуле Мешітбайқызы өз сапарында батысқазақстандық ұстаздар қауымымен де жүздесуді ұмыт қалдырмады. Экспедиция тақырыбы – білім саласы өкілдері үшін де маңызға ие.
БҚО білім басқармасы басшысы Елдос Сафуллин бір министрліктің жүгіне татитындай жұмыстар атқаруда. Ол бағаны Сәуле Мешітбайқызы өзі берді. Ағымдағы жылдың қазан айындағы мәліметтер бойынша Батыс Қазақстан облысы білім беру саласының бірқатар бағыттары бойынша республикалық рейтингте жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Экспедиция тақырыбы аясында да өңірдің білім саласы айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Мәселен, халықаралық АҚШ-та өткен «USA International Drone Soccer Cup 2026» дрондарды басқару чемпионатында Оқушылар сарайының «Дрон» үйірмесінің тәрбиеленушілерінен құралған Қазақстан Ұлттық Құрамасы топтық кезеңде жүлделі ІІ орынға ие болып, жалпы есеп бойынша әлемдік үздік топ-5 құрамасының қатарына енген.

ҚР Президентінің тапсырмасы аясында және «OpenAI» компаниясымен жасалған меморандум негізінде өңірдің білім беру ұйымдары педагогтеріне 6740 «ChatGPT Edu» лицензиясы берілген. Бұл педагогтердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге, оқу процесін жетілдіруге, қысқа мерзімді жоспарлар мен бағалау материалдарын әзірлеуге, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруға және білім беру мазмұнын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «AI Mektep» жобасы жалпы орта білім беретін төрт мектеп пен екі колледж базасында енгізіліп, оң нәтижесін көрсетті. Жоба аясында оқу үдерістерін автоматтандырумен қатар, жасанды интеллектке негізделген бейнеаналитика арқылы білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллинг пен тәуекелді жағдайларды ерте анықтау мүмкіндігі қалыптастырылған. Алдағы кезеңде бұл тәжірибе «Қазақтелеком» АҚ-ның оптикалық желісі тартылған барлық білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

Өңірде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында «SmartNation» цифрлық платформасы енгізілуде. Пилоттық жоба облыстық жоғары аграрлық-техникалық колледжінде сәтті сынақтан өтіп, бүгінде барлық колледждерге кезең-кезеңімен таратылуда. Платформа оқу, әкімшілік, кадрлық және қаржылық үдерістерді бір жүйеге біріктіріп, жасанды интеллект көмегімен қатысу, үлгерім және қауіпсіздік көрсеткіштерін талдап, басқарушылық шешім қабылдауға арналған аналитикалық деректер ұсынады.
Осы жұмыстардың барлығы өңірдің білім беру жүйесін цифрлық экожүйеге көшіруге, педагогтердің кәсіби тиімділігін арттыруға, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және басқару сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Берекелі Бәйтеректе
Публицист, ҚР еңбек сіңірген қайраткерімен жүздесу облыстың аудандарында да жалғасын тапты. Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде өткен тағылымды кездесудің форматы да ерекше болды. Қаламгерді аудан жұртшылығы ерекше ықыласпен қарсы алды. Кездесудің алғы сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев мерейтой иесіне ақжарма тілегін білдіріп, мұндай жүздесулердің жас ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап өтті.
Бір адамның өмірінде бір ғана мамандық емес, бірнеше тағдыр тоғысуы мүмкін. Сәуле Мешітбайқызы үшін ұстаздық та, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жолындағы қызмет те, журналистика да бір-бірінен алшақ емес. Олардың бәрін біріктіретін ортақ мұрат – елге қызмет ету, ұлттың сөзін сөйлеу, қоғамға пайдасын тигізу.

– Жастарға айтарым – алдарыңа мақсат қоя біліңдер. Армансыз адам болмайды. Арманға жету үшін еңбек ету керек, алға ұмтылу керек. Қандай жағдайда да өз мамандығыңа деген сүйіспеншілікті жоғалтпаған жөн. Мен осы мамандыққа келгелі талай белесті бастан өткердім. Бір кездері газет басшылығында қазақ азаматтарының аз болғаны рас. Мен алғашқы қазақ директорларының бірі болдым. Сонда өзіме: «Мен не алдым? Мен не істедім? Еліме қандай пайдам тиді?» деген сұрақтарды жиі қоятынмын, – деді өз сөзінде қаламгер.
Сәуле Мешітбайқызы әңгімесінде бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері де кеңінен қозғалды. Ол жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндігін жоққа шығармай, оларды меңгерудің маңызын айтты. Алайда технология дамыған сайын адамның ойлау, талдау, іздену қабілеті әлсіреп қалмауы керектігін ескертті. Әсіресе, балалардың телефонға тәуелділігі, кітап оқуға деген қызығушылықтың төмендеуі алаңдататынын жеткізді.
Қалам иесінің айтуынша, газет пен журнал – тек жаңалық тарататын құрал емес. Олар ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін, ұлттық дүниетанымды қалыптастыратын, халық пен биліктің арасын жалғайтын рухани көпір. Сондықтан баспасөздің болашағы туралы сөз болғанда, мәселені тек цифрлық форматқа көшу немесе таралым көрсеткіші меншектеуге болмайды. Газеттің әр саны – белгілі бір кезеңнің шежіресі, ел өмірінің жазба куәлігі.
– Газет – тарих. Оның әрбір саны белгілі бір кезеңнің шежіресі. Біз халықтың мұңын, қуанышын, елдің тыныс-тіршілігін жазамыз. Сондықтан баспасөзді қолдау, оны оқырманға уақытында жеткізу маңызды. Газет пен журналға деген сүйіспеншілікті жоғалтпауымыз керек, – деді ол.

Кездесу барысында оқырмандар да көкейдегі сауалдарын қойды. «Qazaqstan dauiri» газетінің тұрақты оқырманы Мектепқали ҚУАНЫШЕВ (суретте) 10 жылдан бері халықаралық газетпен дос екенін атап өтті.
– «Qazaqstan dauiri» газетін он шақты жылдан бері тұрақты түрде оқып келе жатырмын. Немерелерім «Мөлдір бұлақтан» рухани нәр алып жүр. Маған газеттегі «Қамшыбасар» айдары қатты ұнайды. Онда сын, проблемалық мақалалар жарияланады. Сол себепті газетті қолға алған кезде бірінші кезекте осы бетті оқимын. Баспасөз бетінде көтеріліп жүрген мәселелерге орай мен де пікірімді білдіріп отырамын. Осы бағытта 2024 жылы «Qazaqstan dauiri» газетіне мақалам шықты. «Әскерге бару қауіпті ме?» деген тақырып аясында өзге де материалдармен топтастырып жақсылап берді. Жалпы басылымның батылдығы, өткірлігі ұнайды. Алдағы уақытта да газетпен бірге боламын, – деді өз сөзінде.
Оқырман көкейдегі мәселені де жасырып қалмады. Соның бірі мерзімді басылымдарды жазылған мекенжайға уақытылы жеткізу мәселесіне қатысты болды. Сәуле Мешітбайқызы бұл түйткілдің жеке бір басылымға ғана емес, тұтас баспасөз саласына ортақ екенін айтты. Газет-журналға жазылған оқырман өз басылымын уақытында алуы тиіс. Сондықтан пошта қызметіне байланысты қиындықтарды тиісті орындарға жеткізіп, шешу жолдарын қарастыру қажеттігін атап өтті.
Кеш соңында Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың Сәуле Мешітбайқызына деген құрметі табысталды.

Теректідегі тебіреніс
Сәуле Мешітбайқызының аудандарға сапары Теректіде жалғасты. Аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев мәртебелі қонақты қарсы алып, құрмет көрсетті.
Ол алдымен аудандық «Қазына» коворкинг орталығына барып, кітапхана кеңістігімен танысты. Құрметті қонақ балалар кітапханасының жабдықталуымен, кітап қорын көзбен көріп, Теректі өңірінен шыққан танымал тұлғалар мен тарихи орындар туралы мәлімет алды. Сәуле Мешітбайқызы қазақтілді балалар әдебиетін көбейту мәселесін шешу жөнінде өз ұсынысын білдіріп, лебіз-тілектер кітапшасына естелік қолтаңбасын қалдырды.

Жиын дөңгелек үстел аясындағы пікірталасқа ұласты. Теректі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Айгүл Кайрова аудандағы кітапхана саласында жасалған жобалар мен жаңартулар жайында баяндады. Атап өтсек, «Кітап оқитын ұлт», «Оқырман LIVE» жобалары және жасанды интеллект қолданылуымен өткізілген шаралар жайына тоқталды.

Кейін Сәуле Мешітбайқызы мәдениет үйіне бет алып, аудан жұртшылығымен кездесті. Жүздесуге білім саласының мамандары мен аудан жастары қатысты. Қоғам қайраткері өзінің өмірбаяны, ұстаздық жолы мен журналистика саласындағы тәжірибесі туралы айтып, газет-журналдың маңызына тоқталды. Сондай-ақ өмірден түйген ойларымен бөлісіп, бала тәрбиесіндегі кітап оқудың пайдасын баса айтты.

Спикердің сөзінше, жасанды интеллект адамның қызметін тартып алмас үшін ойлау қабілетін дамыту маңызды, ал оны қалыптастыратын – оқу дағдысы. Сондықтан сандық технологияны тек дұрыс бағытта пайдалану қажет екенін жеткізді.
Өз сөзінде ұстаз: «Кітап оқу мәдениеті, оның алғышарты газет-журналдан басталады. Газет-журнал оқымаған адам том-том кітапты да оқымайды», – деді.
Музей саласын дамыту маңызды
Қаламгердің экспедиция аясындағы өңірге сапары облыстық тарихи-өлкетану музейінде түйінделді. 1836 жылы құрылып, 190 жылдық тарихымен ең көне музей саналатын нысанның әр қабырғасы сөйлеп тұр.
20 ірілі-ұсақты музейді біріктіріп, 204 мыңнан астам жәдігерді жинақтаған облыстық тарихи- өлкетану музейінде атқарылған жұмыс қыруар. Ол жөнінде музей директоры Жантас Сафуллин баяндады.
Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде музейде экспозициялардағы жәдігерлерді алғаш рет жүйелі каталогтау, музей қорын кешенді түгендеу, қордағы 600-ге жуық картинаны түгендеу және каталогтау, Сәкен Ғұмаровтың шығармашылық мұрасын кешенді каталогтау, Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңінің теңгелерін зерттеу, тарихи фотосуреттер мен археологиялық коллекцияларды жүйелеу, Ишанғали Меңдіханұлының мұрасын зерттеу және есімін жаңғырту секілді жұмыстар атқарылған.
Экспедиция тақырыбы бойынша да облыстық музейдің айтары бар. Мысалы, «Балбал тас» – музей жәдігерін сөйлеткен жасанды интеллект жобасы да, облыстағы 20 музейдің орналасуын көрсететін цифрлық карталар да, өскелең ұрпақтың музейге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған комикстар байқауы да әлі елдің аузында жүрген жеңістер мен жұмыстар. Әрине, жүйелі жұмыспен қатар күрмеуі шешілуі тиіс жайттар да жеткілікті. Соның бірі – жаңа музей ғимаратын салу. 190 жылдық тарихы бар ғимараттың тозығы жеткені айтпаса да түсінікті. Сонымен бірге, музейдің кадрлық мәселесін қайта қарап, қызметтік көлік проблемасын шешу де күн тәртібінен түспей тұр.
Сәуле Мешітбайқызы музейді түгел аралап, қолда бармен айтарлықтай жұмыстар атқарған музей ұжымына, директоры Жантас Нәбиоллаұлына алғысын айтып, батасын берді.
Осымен, «Qazaqstan dauiri» газетінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Цифрлық Қазақстан ауылы – ұлт руханиятының қайнар көзі» республикалық экспедициясының Батыс Қазақстанға арналған бөлігі тәмамдалды. Мақалада көрсетілген жұмыстар газеттің алдағы сандарында кеңінен әрі нақты жарияланады.
Әділет ОРЫНБАСАРОВ,
БҚО, Орал қаласы
















