Ақтөбе облысында Туристік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Былтыр Ақтөбе облысына 233 мың турист келген. Оның 14 мыңы – шетелдік туристер.
– Өңір туристерге көптеген көрікті жерлерді ұсына алады: барлығы 46 туристік нысан бар. Оның ішінде сауықтыру туризміне арналған 3 санаторий-профилактикалық орталық және 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Атап айтқанда: Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты, «Эбита», «Орқаш», «Көкжиде-Құмжарған», «Мәртөк», «Қобда», «Озерный», «Ойыл» қорықтары мен қорықшалары және басқа да нысандар, – дейді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов. Оның айтуынша, аймақта халықаралық туристік әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта «Досжан ишан Әзірет» мемориалдық кешеніне, «Қасқыр сарқырамасына» және «Абат-Байтақ» кесенесіне апаратын автомобиль жолдарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстарды 2026 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.
Байғанин ауданындағы «Ақтолағай» бор таулары аумағында шағын авиациялық пункт салу жобасы пысықталуда. Туристік нысан облыс орталығынан 446 шақырым қашықтықта орналасқан. Осындай жобаларды Шалқар және Ырғыз аудандарында да жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл туристік нысандардың көлік қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров туризмді дамыту өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі екенін айтады. Облыс әкімі шетелдік туристерді тарту жұмыстарын жандандыруды, басым туристік нысандарды республикалық деңгейде ілгерілетуді күшейтуді, инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ автомобиль жолдары бойындағы сервистік нысандар санын арттыруды тапсырды.
– Өңірдің туристік әлеуетін толық ашу үшін экотуризмді, мәдени-танымдық және сауықтыру туризмін дамыту қажет. «Ақтолағай» бор таулары, Ырғыз-Торғай табиғи резерваты және Абат-Байтақ кесенесі сияқты бірегей туристік нысандарды республикалық және халықаралық деңгейде ілгерілету үшін нақты маркетингтік жоспар әзірлеуге ерекше назар аудару керек. Жеке инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлерді туристік бизнеске белсенді қатысуға ынталандыру қажет, – деді өңір басшысы аппарат отырысында.
Асхат Шахаров туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға, кадрлар даярлауға, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.















