Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыстық мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен әкімдік мәжілісінде 2025 жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қорытындылап, 2026 жылға жоспарланған жобалар бойынша есеп берді.
Есепті жиынға облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісті облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов ашып, конституциялық реформаға қысқаша тоқталып, наурыз айында өтетін референдум жөнінде мағлұмат берді. Тақырып бойынша баяндама жасаған облыс әкімі алғы сөзінің басында елімізде жүргізіліп жатқан реформа – жаңа Конституцияның маңыздылығын атап өтті.
Негізгі баяндаманың өзегіне қысқаша тоқталсақ. 2025 жылы облыста шығарылған жалпы өнім көлемі 5,1 триллион теңгеге жетіп, 2024 жылғы көрсеткіштерден біршама ұлғайған. Облыс бойынша орташа айлық жалақы 13%-ға өсіп, 372 мың теңгеге жетсе, жекелеген салаларда өсім: өнеркәсіпте – 12%, ауылшаруашылығы мен саудада – 22%, құрылыста – 41% болыпты. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 2023 жылдан бері 2 еседен астам өсіп, 692 млрд теңгеге жетіпті. Жетістік неде... Өндірген өнім мен қызмет көрсетудің сан, сапасының ұлғаюы, құрылыс нысандарының жедел өсуі, тұрғындар жұмыспен қамтылып, еңбектің өнімділігі жоғарылап, жалақының артуымен қатар технологиялық жетістіктердің игерілуінің нәтижесінде экономикалық өсімге жетті дейді баяндамашы.
Елдің де, өңірдің өркенін айғақтайтын басты өлшем халықтың әлеуметтік жағдайы қалай, осы жайлы.













