Тұрар Рысқұлов ауданында кәсіпкерлік саласында адал еңбек етіп, тұтынушылардың сеніміне ие болған іскер азаматтарды қолдау дәстүрі жалғасуда. Бұл игі бастаманың басы-қасында «Тұрар Рысқұлов ауданының ауылшаруашылығы және салалас ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі тұр.
2023 жылы құрылған Мұрат Жайлыбаев төрағалық ететін бұл қоғамдық бірлестік құрылған сәттен бастап жергілікті еңбек адамдары мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді және олардың жетістіктерін насихаттауды мақсат етіп келеді. Олардың адал жұмысы мен белсенділігі көпшіліктің алғысына кенеліп отыр.
Осындай алғысқа лайық іскер азаматтардың бірі – аудан жұртшылығына жақсы таныс жеке кәсіпкер Гүлзат Ишанова. Ол бұрынғы аудан орталығындағы орталық сауда орны болған ғимаратты өз меншігіне алып, заман талабына сай, келісті әрі сәулетті «Ақ босаға» сауда үйін салып, іске қосты. Бұл нысан аудан халқына қызмет көрсетудің жаңа сапасын ұсынды.
Жуырда «Тұрар Рысқұлов ауданының ауылшаруашылығы және салалас ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен тұтынушылар арасында сауалнама жүргізілген болатын. Аталған сауалнаманың объективті қорытындысы бойынша, жеке кәсіпкер Гүлзат Ишанова басшылық ететін «Ақ босаға» сауда үйі сапалы қызметі мен тұтынушыларға қолайлы жағдай жасағаны үшін «Үлгілі сауда орталығы» құрметті атағына лайық деп танылды.
Осы жетістікті ресми түрде бекіту мақсатында, жақында аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің қолдауымен қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен салтанатты рәсім өтті. «Үлгілі сауда орталығы» сертификаты жеке кәсіпкер Гүлзат Ишановаға табысталды. Бұл құрметті сертификатты аудан әкімдігі өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сақтасын Тастанов және кәсіподақ төрағасы Мұрат Жайлыбаев арнайы табыс етті. Мұндай марапаттау аудандағы кәсіпкерлік мәдениетті дамытуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
А.ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы
Тұрар Рысқұлов ауданы













