АӨК-ке серпін берер Ұлттық санақ сәтті аяқталды

АӨК-ке серпін берер Ұлттық санақ сәтті аяқталды

Қазақстанда биылғы жылдың 1 тамызында басталған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өз мәресіне жетті. Бұл ауқымды шара БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) ауыл шаруашылығы санақтарының оныншы Дүниежүзілік бағдарламасы аясында өткізілді. Науқан еліміздің барлық өңірін қамтып, шамамен 1,6 миллион үй шаруашылығы мен 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы субъектісін қамтыды.

Санақ барысында ауыл шаруашылығының даму деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіштер жиналды. Олардың қатарында жер және техника пайдалануы, егіс көлемі, тыңайтқыш қолдану, мал басы мен жұмыспен қамту жағдайы сияқты маңызды бағыттар бар. Деректер тек ірі агрохолдингтерден ғана емес, сондай-ақ шағын фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтардан да алынды. Бұл агросаланы барынша кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев санаққа қатысқан барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, оның маңыздылығын атап өтті.

«Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына қатысқан, қолдау көрсеткен және көмектескен барлық азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Айта кету керек, бұл тек деректерді жинау бойынша негізгі кезеңнің аяқталуы. Алда бізді осы деректерді өңдеу, салыстыру және әртүрлі деңгейде біріктіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Жиналған мәліметтер аграрлық саланың жай-күйі туралы объективті көрініс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан және осы маңызды істі қолдаған әр адамға алғыс айтамын», деді ол.

Санақ жұмыстары екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең 1–31 тамыз аралығында онлайн форматта өтті. Азаматтар sanaq.gov.kz сайты мен eGovMobile қосымшасы арқылы ЭЦҚ немесе SMS-код көмегімен тіркеліп, сауалнама толтырды. Бұл цифрлық мүмкіндік 600 мыңнан астам адамның қатысуына жағдай жасады.

Ал екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін офлайн форматта жүргізілді. Ел бойынша 3 200-ден астам интервьюер планшеттермен сауалнама алып, деректердің дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз етті. Бұл кезеңге пошта қызметкерлері, әлеуметтік сала мамандары және жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылған азаматтар да атсалысты.

Мақсат Тұрлыбаев интервьюерлердің еңбегін ерекше атап өтті.

«Бұл жұмыста интервьюерлердің еңбегі орасан зор. Олар күн сайын азаматтармен тікелей байланыста болып, санақтың мақсатын түсіндіріп, маңызды деректерді жинады. Сонымен қатар, негізгі жұмыстарында халықпен жұмыс істейтін пошташылар, әлеуметтік қызметкерлер, коммуналдық қызмет бақылаушылары да қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, біз халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы келген жұмыссыз азаматтарды санаққа тарттық», деді Бюро басшысы.

Санақ барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да кең көлемде жүргізілді. Азаматтар әлеуметтік желілер мен өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етілді. Сондай-ақ, SANAQ мырза атты арнайы чат-бот іске қосылып, тұрғындардың сұрақтарына нақты уақыт режимінде жауап беріп отырды. Бұдан бөлек, 2 600-ден астам өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ашылып, 1446 бірыңғай байланыс орталығы арқылы 22 мыңнан астам өтініш қабылданды.

Мамандардың пікірінше, бұл санақтың нәтижесі ауылдық аумақтардың даму әлеуетін бағалауға және агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлеуге негіз болады. Жиналған мәліметтерді алдын ала өңдеу мен талдау жұмыстары алдағы айларда аяқталып, қорытынды нәтижелер келер жылы Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жарияланбақ.

Сағадат Бақытбек

 

21.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20001
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19819
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34968
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33529
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37343