«Аңдар шаһары 2» қазақша сөйледі

«Аңдар шаһары 2» қазақша сөйледі

Disney студиясы мен «Қазақ тілі» қоғамының бірлескен жұмысының нәтижесінде қазақ тіліне дубляждалған «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмі Қазақстанда прокатқа шыққан алғашқы 10 күн ішінде 270 млн теңге жинап, жаңа рекордқа қол жеткізді. Фильмнің жалпы қазақстандық кассалық табысының 15,5%-ы қазақша нұсқасына тиесілі.

Көрермендер қызығушылығының жоғары болғаны соншалық – кинотеатр залдары толы болған. Disney-дің «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмінде детективтер Жуди Хоппс пен Ник Уайлд жұмбақ рептилияның ізіне түседі. Ол Аңдар шаһарының астаң-кестеңін шығарады. Бұл істі ашу үшін ақкөңіл қоян Жуди мен айлакер түлкі Ник бүркемеленіп жұмыс істеуге мәжбүр. Екеуі бұрын-соңды болмаған сынақтардан өтуге тиіс.

«Аңдар шаһары 2»  – биыл Disney-дің қазақ тілінде «сөйлеткен» төртінші фильмі. Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Компания жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-қа жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен былтырдан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында Disney студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырды. Биыл «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио» туындысы ұсынылды.

Шараға дубляж актерларының толық құрамы мен танымал тұлғалар келді. Олар актриса және әнші Сабира Жарасқызы Джуди Хоппстың, театр және кино актёры Бақытжан Әлпейіс Милтон Рыcевичтың, театр және кино актёры Асан Мәжит Бого Басекенің (Капитан Буйволсон), театр және кино актёры Еркебұлан Дайыров Дәу Мырзаның (Мистер Биг) дауысын дыбыстады.

«Енді «Аңдар шаһары» сынды танымал туындының екінші бөлімі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл біздің мәдени кеңістігіміздегі үлкен өзгерістерді көрсететін маңызды оқиға. Әлемдік деңгейдегі контентті қазақша тамашалау қалыпты әрі тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл анимациялық фильм әлемнің қырыққа жуық тіліне аударылды. Қазақ тілі осы ірі тілдермен бір қатарда тұр. Disney секілді әлемдік студиялардың өз туындысын қазақша сөйлетуі – біздің қоғамның мәдени талғамының және тілге деген жаңа ұстанымның нәтижесі. Дәл осындай жобалар тіліміздің табиғи ортасын кеңейтуге зор ықпал етеді», – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Әділет ҚАБИДЕНҰЛЫ

 

12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509