Қазақстанда ана мен баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекетіміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. «Мемлекеттің ең басты қазынасы – адам және оның өмірі» деп Ата Заңда көрсетілген. Қазақстан Республикасы Азаматтық-процестік кодексін, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексін, «Бала құқықтары туралы» заңы бойынша Қазақстан аумағында балаларды тәрбиелеудегі қатынастарды реттеуді басшылыққа алады.
Балалардың әлеуметтік және материалдық құқықтары аталған нормативтік құқықтық актілерде белгіленген. Осы заңда балалар мүддесіндегі мемлекеттік саясат мақсаттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері жайында айтылады. Отбасындағы баланың қарым-қатынасына, бала мен қоғамға, мүгедек баланың құқықтарына және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарына арналған бөлек тараулар бар.
Аналардың құқықтарын қорғау да заңнамада қарастырылған. Еліміздегі гендерлік стратегия, жүктілік пен босану, еңбек демалысына әлеуметтік қолдау, құқықтық және медициналық көмек, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, отбасын қолдау және дағдарыс орталықтары жұмыс істеуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қос заңға қол қойды. Негізінен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтармен байланысты өзгерістер мен толықтырулар құқық бұзушылықтар, қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатайту мақсатында енгізілген.
Соңғы кезде қоғамда жиі естіп, көріп жатқан түрлі келеңсіздік, жан түршігерлік оқиғалар осындай қатаң шаралар қабылдауға себеп болды. Отбасылардағы өршіп тұрған ұрыс-керіс, дау-жанжал, әйел-аналарды аяусыз ұрып-соғу, кемсіту, қорлау, балалардың аянышты халы қоғамды бей-жай қалдырмады. Бүкіл жан біткенді ашындырған, халық болып айыптаған күлбілтелі тақырыпқа айналды. Бұл жағдайға бұқаралық ақпарат құралдары, халық болып бәрі қарсылықтарын білдіріп, теледидар, радио, түрлі әлеуметтік желілерге салды. Басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің дәстүрлі Жолдауларында әйел құқығына, бала қауіпсіздігіне жіті көңіл бөліп, назарда ұстауда. «Мен заң және тәртіп қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» деген болатын ол.
Жаңа заң бойынша тұрмыстық жанжал шығарғандарға енді жаза қатайды. Жаңа заң бойынша ендігі жерде олар заңмен жазаланады. Ал әйелдер мен балаларға дене жарақатын салғандар қылмыстық жазаға тартылмақ. Егер жағдай тағы қайталанса, сот жәбірлеушіге қатысты шараны одан әрі күшейтпек. Балалардың қауіпсіздігі – заң жобасының тағы бір бағыты. Педофильдер мен бала өмірін қиғандар енді өмір бойы бас бостандығынан айырылмақ. Сонымен қатар кәмелетке толмаған немесе мүгедектігі бар балаларды орналастыратын арнайы мекемелерді мемлекеттік орган өкілдері ескертусіз тексеруге мүмкіндік беріліп отыр.