АҚШ президенті Дональд Трамптың қырық құбылған мәлімдемелері мен көзқарасына жіп тағуға келмей қалды.
«Мен Президент болып сайланар болсам, Орыс-Украин соғысын 24 сағаттың ішінде тоқтатамын» деп кеудесін ұрған саясаткер енді соғыстың шоғын үрлеуге бел байлаған сияқты. Ол өткен айларда Украинаға қару-жарақ жеткізуді тоқтатуға шешім қабылдайтындығын айтып еді. Дегенмен оның Путинмен болған телефондағы әңгімелерінен соң орыстардан біржолата көңілі қалған сияқты. Енді Украинаға қару-жарақ жеткізу жұмысын қайтадан жандандыратынын ашық айтты. Өткен жексенбі күні Мэриленд штатындағы Эндрюс бірлескен базасында журналистер алдында сөйлеген АҚШ Президенті украиндарға үміт сыйлайтын шешімдерін жария етті. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеудің шабуылды тоқтату туралы келіссөздерден бас тартуына наразылығын білдірген кезде Украинаға «Патриот» әуе қорғаныс жүйелерін жіберетінін жеткізді.
«Біз оларға өте қажет «Патриоттарды» жібереміз. Путин көп адамды таңғалдырады. Ол жақсы сөйлейді, содан кейін түнде барлығын бомбалайды. Демек, бұл жерде бірдеңе дұрыс емес. Бұл маған ұнамайды», – деді Трамп.
Дегенмен Украинаға қанша дана «Патриот» жіберетіндіктерін әлі шешпегендерін де жасырған жоқ. «Олар қорғанысты қажет ететіндіктен біразын алады», – деді Ақ үй басшысы.
10 шілде күні АҚШ-тың NBC телеарнасы Трамппен өткен сұхбатын жариялаған болатын. Онда Дональд Трамп НАТО-ға мүше мемлекеттердің Украинананың мемлекет қорғанысын бекемдеу үшін АҚШ қаруын сатып алып, Киевке жөнелтуіне келісім бергендігі туралы айтып еді. Онда Трамп Америка Құрама Штаттары НАТО-ға қару-жарақ жіберіп, «олар үшін 100% төлеп жатыр» деп мәлімдеді.
Трамп: «...НАТО бұл қаруды (Украинаға) береді және НАТО олардың ақысын төлейді», – деді. НАТО Бас хатшысы Марк Рютте бейсенбі күні әлеуметтік медиа платформаларында Трамппен таңертең сөйлескенін және «қазір Украинаға қажетті көмек көрсету үшін НАТО одақтастарымен тығыз жұмыс істеп жатқанын» жариялады.
Әзірге Ақ үй мен НАТО мүшелерінің АҚШ-тан қандай қару түрлерін сатып алатыны және келісім бойынша Украинаға қашан берілетіні туралы басқа ақпаратты жариялаған жоқ.