14 наурыз күні Отпан тау баурайында Амал мерекесі екінші күн тойланды. Мерекені ұйымдастырушылар таң атысымен бірі-бірімен төс қағысып көрісіп, ыстық лебіздерін білдіріп жатты. Мұнда «Амал – татулық пен бірліктің мерекесі» тақырыбы аясында бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Мерекенің негізгі идеясы – ынтымақ мен бірлікке үндеу.
Көрісу күні – татулық пен берекенің бастауы. Табиғаттың тылсым әлемімен біте қайнасқан бабаларымыздың бізге берген бағдары. Ұлыстың ұлы күніне бастар амал мерекесі бірнеше жыл бұрын өңірлік деңгейде тойланса, бүгінде өзге өңірлерден және шетелдерден бірқатар қонақтар келіп, мерекені халықтық, халықаралық деңгейге көтеріп отыр.
– Биыл Амал мерекесі ерекше өтуде. Кейінгі жылдары халықаралық деңгейге шықты. Бұл мерекеге өзге де түркітілдес елдерден қонақтар келіп, арнайы қатысты. Осы мереке үшін арнайы келген шетелдік туристер де бар. Польшадан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстаннан да туристер келді. Екі күндік бағдарлама бойынша көптеген іс-шара жоспарланды. Жоғары деңгейдегі концерттік бағдарламалармен қоса Ақсарай ғимаратында Ұлытау облыстық арнайы тарихи-мәдени кешеннің көрмесі ұйымдастырылды. Отпан тарихи-мәдени кешенінің арнайы көрмесі жасақталды. Облыстық мәдениет үйі ұжымдарынан құрылған аналар, әжелер ұжымдарының фестивалі өтті. Оған он ұжым қатысып, барлығы қаржылай, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Фестивальдың негізгі мақсаты – ұлттық тәрбие, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр, бала тәрбиесіне қатысты құндылықтарды насихаттау, халыққа жеткізу. Сонымен қатар жыршылар кеші де ұйымдастырылды. Жырды сағынған халық халық жырмен сусындап, өнерпаздарға ыстық ықыласын білдірді, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.
Амал тойының екінші күніндегі іс-шаралар легі киіз үйлер қалашығындағы «Сәлем – сөздің атасы» көрісу дәстүріне арналған концерттік бағдарламадан басталды. Мұнда әр ауданның өнерпаздары кезек-кезек мерекеге орай дайындаған концерттік бағдарламаларын қойды.
– Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылдық мәдениет үйі Амал мерекесіне орай концерттік бағдарлама қойды. Мұнда он бес шақты өнерпаз өнер көрсетті. Қазақтың халық әндері, Адайдың жеті қайқысының, Арқаның әндері шырқалды. Ал киіз үйлер қалашығында жиырмаға жуық номерді көрермен қауымның назарына ұсынамыз. Мұнда эстрадалық бағыттағы әндер де айтылады, – деді С.Шапағатов ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұратбек Қадірбаев.

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
«Қарашаңырақ» ғимаратында келушілерге арналған көрме мен жәрмеңке ұйымдастырылды. Мұнда жергілікті және өзге өңірлерден келген қолөнер шеберлері өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынған. Көрмеге ұлттық нақыштағы киім-кешектер мен өнерлі жандардың қолынан шыққан ерекше бұйымдар қойылған.
– Биыл сегіз арыс Адайдың Құдайкеден тараған тәзіке руы Отпан таудың басында көрісу ұйымдастырып жатыр. Мұндағы көрмеге біз жыл сайын келеміз. Кішкентайымыздан аналарымыздан көріп-өскен қолөнерді дамытып келеміз. Соның ішінде өзім шашақ жасау өнерімен айналысамын. Қазақ халқы өмірлерің шашақтай қызылды-жасылды, әдемі болсын деп ырымдаған. Сол себепті ертеректе әр киіз үйдің уығында, әрбір үйдің төрінде шашақ ілулі тұрған. Соған байланысты біздер де салт-дәстүрді жалғастырып келе жатырмыз. Әрбір шаңырақта ілініп тұрсын деген ниетте қолдан жасаған шашақтарымызды әкеліп, көрмеге қойдық. Бұл өнермен бірнеше жылдан бері айналысамын. Жуырда Димашқа шашақ сыйлаған маңғыстаулық әже менің апам болатын. Сол кісінің жолын жалғастырып жатырмыз. Өзімнің анам да шебер болған. Ол жыл сайын осы Отпан таудың басында мерекеге орай жеті қанат үй тігетін. Жалпы шеберлік қанымызда бар. Былтыр «Түрксой» ұйымының іс-шарасы кезінде Ақтауға тіккен едік. Сонымен қатар жыл сайын 22 наурызда Ақтауға киіз үй тігеміз. Биыл да жоспарда бар, – дейді шетпелік қолөнерші Ләззат Төлемісова.
Көрмеде ұлттық киімдерді заманауи стильмен ұштастырған жандар да кезікті. Солардың бірі – Заманбек Сексенбай. Ол заманға сай үлгідегі тақия жасаумен айналысады. Бұл бұйымдағы басты ерекшелік – тақиядағы оюдың бойында тапсырыс берушінің ата-тек шежіресі жазылады.
– «DDS» брендінің негізін қалаушымын. Тарқатып айтсақ, атауымыз дәстүрді дәріптейтін стиль деген мағынаны білдіреді. Қазіргі таңда жеті атасын, шежіресін білмейтін жастар көп кездеседі. Ең алдымен, осыған байланысты жұмысты бастадық. Бұл идея бір жыл бұрын келіп, дизайны біраз уақыт дайындалды. Қазіргі таңда тақияларды сегіз түсте шығарамыз. Осы жылы толық қолға алып, жұмыс бастадық. Сұраныс уақыт өте келе артып келеді. Бірақ көбісі тек наурызда, той-жиындарда киеді. Ал біз ұлттық нақыштағы баскиімдерді күнделікті киюді насихаттағымыз келеді. Сол себепті ұлттық стильді заманауи стильге бейімдеп шығарудамыз. Өзім Ақтөбе қаласының тумасымын. Маңғыстауға жұмыс бабымен қоныс аударған болатынбыз. Былтыр «Aqtau Fest» іс-шарасына қатыстым. Маңғыстаудағы ұлттық киімге деген қызығушылыққа куә болып, ойлап жүрген идеяны іске асыруға ынтам арта түсті. Дегенмен Ақтөбеде де брендімізге қызығушылық танытып жүргендер көбейіп келеді. Себебі қазіргі кезде жастардың арғы тегін білмеуі аға буын өкілдері үшін алаңдататын мәселе болып тұр. Сол себепті жастар күнделікті киіп жүрсе, мұнда жазылған шежіре балалардың миында қалады деген ойымыз бар, – деді Заманбек Сексенбай.
Сонымен қатар мәдени-көпшілік іс-шара барысында қыран бүркіт пен құмай тазы иттер мерекенің көркін қыздыра түсті. Халық қазақтың жеті қазынасына үлкен қызығушылық танытып, фотосуреттерге түсті. Мұны құсбегілер қасындағы қалың көпшіліктен аңғаруға болады.
– Құсбегілікпен айналысып келе жатқаныма сегіз жыл болды. Бұл құс маған әкемнен қалған. Халықтың қызығушылығы бірте-бірте артып келеді. Тек осындай мерекелерде болмаса арнайы келіп, қызығушылық танытатындар саны көп емес. Отпан тауға жылда келіп тұрамыз. Әкем тазы баптаумен айналысқан. Ал мен құсбегілікті Мереке Өтеғали атты ұстазымнан үйрендім, – деді Жеңісқали Бақболатұлы.

БИЫЛҒЫ БІРЕГЕЙ БАСТАМАЛАР
«Ақсарай» кешенінде «Амалдың ақ дәмі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шарада «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне келушілерге сүрленген ет, май және дәнді дақылдармен арнайы дайындалған көже беріледі.
– Бұрын аналарымыз соғымға жылқыны сойғанда бір асым ет пен майды сүрлеп, сақтап қоятын еді. Амал мерекесінде сол өнімдерді пісіріп, ішіне жеті түрлі зат салып, келген қонақтарға ұсынатын. Біз де бүгінгі іс-шарада 60 литр көже дайындап, мұражайға келушілерге дәм татқыздық. Қонақтардың бәрі әрдайым риза болады, – деді «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің бөлім меңгерушісі Раиса Қаржаубаева.
Тарихи-мәдени кешеннің экспозиция залдарында биыл алғаш рет креативті экскурсия ұйымдастырылды. Анығырақ айтқанда, мұражайдың әр залында ұлттық костюм киген қызметкерлер келген қонақтармен кері байланыс орнатып, экскурсияны қызығырақ, есте қаларлықтай ұйымдастыруға тырысқан.
– Уақыт өткен сайын жаңашылдықтар енгізу – заман талабы. Біз де келген қонақтардың назарын аудару үшін, экскурсия қызық болу үшін креативтілікке ден қойдық. Мәселен, «Маңғыстау тарихы» залында қазақтың ұлттық аспабы қойылған. Мұнда келушілерге залдағы тарихи жәдігерлерді таныстырып қана қоймай, өз өнерімізді көрсетіп, қонақ кәде сұраймыз. Домбырадан хабары бар, ұлттық өнерді бойына сіңірген қонақтарымызға қолқа саламыз. Сонымен қатар оларды құр қол жібермей арнайы дайындаған сыйлықтарымызды да ұсынамыз. «Өнер» залында қазақша киінген ақсақал келушілермен бестас, ханталапай секілді ұлттық ойындар ойнап, оларға арнайы сыйлықтар береді. Ал «Ислам» залында дін, құран жөнінде сұрақтар қойылады. Бастама келушілерге ұнап жатыр. Алғысын жаудырып жатқандар көп, – деді «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің бұқарамен жұмыс жөніндегі маманы Дулат Сырым.

Креативті экскурсия көпшіліктің көңілінен шығып, ықыласқа бөленгені рас. Біз мұражайға келген кезде түркістандық Әбдіғаппар Айдаровтың жыр айтып жатқан сәтіне тап болдық. Музейдің экскурсия жетекшісі айтқанындай-ақ қонаққа дайындаған сыйын тарту етті. Отпан таудағы тойға куә болып, мұражайдан тарихи деректерден мәлімет алған қонағымыз сол бойда Маңғыстауға өзінің өлең жолдарын арнады.
– Маңғыстауда бұған дейін бірнеше рет болғанмын. Бекет атаның басына да бардым. Бұл жолы Ақтаудағы ағайындардың шақыртуымен келдім. Амал – ынтымақ пен бірлікке үндейтін ерекше мереке. Жылдың басында Отпан тауға келіп тұрғаныма өте қуаныштымын. Қазақ елінің бірлігі ажырамасын. Өшкеніміз жаңғырып, кейінгі ұрпаққа мирас болып қалып жатыр. Маңғыстаудың ерлерін, Кеңес Одағының батырларын, Жалау ағамыздың суретін көріп, риза болып тұрмын. Біздің бала кезімізде ұлттық мейрам наурыздың 13, 14-і тойланатын. Кейін 22-сіне ауыстырды. Амал мерекесін батыстағы ағайындар тоқтатпағанының арқасында біртіндеп дегенімізге жетіп келеміз. Алдағы уақытта бүкіл ел болып тойлауға міндеттіміз деп ойлаймын, – деді Әбдіғаппар Айдаров.
Сондай-ақ биылғы Амал мерекесінде жергілікті тарихи-мәдени кешенде Ұлытау өңірінің фотокөрмесі ұйымдастырылды. Мұнда тарихи орындары керемет табиғи ландшафттарымен белгілі өлкенің табиғи ескерткіштері, табиғат пейзаждары көрермен назарына ұсынылған.
– 2024 жылы мұражай ұжымы болып Ұлытау облысына іссапарға барған едік. Соның нәтижесінде біз Ұлытау өңірінің кейбір жерлері Маңғыстауға ұқсайтынын байқадық. Биыл Амал мерекесіне орай ұлытаулық мұражай қызметкерлері өңірімізге арнайы келіп, фотокөрме ұйымдастырды. Мұндағы фотосуреттер арқылы Ұлытау өңірінің кей жерлері Маңғыстауға ұқсайтынын байқауға болады. Мәселен, Ақжар таулары біздегі Бозжыра шатқалына ұқсаса, суреттегі кейбір таулар Қаратаудың өзі деп ойлауға болады. Ал Алтын шоқы деген жерде біздің Отпан таудағыдай жаугершілік заманда от жаққан жерлер болған. Алаша хан кесенесінен нысанның қызыл кірпіштен, арнайы ою-өрнектердің қашалғанын байқасақ, Жошы хан кесенесінен нысанның күмбезі шамалыға кетпейтін арнайы бояумен боялғанын аңғаруға болады, – деді Раиса Қаржаубаева.
Отпан тау баурайында бәйге, қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту және қол күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Арнайы спорт алаңдары жасақталған алаңдарда облыс атынан республикалық және халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген спортшылармен қатар, өңір тұрғындары да белсенді қатысып, өзара бақ сынады. Сонымен қатар Алматы, Ақтөбе, Атырау, Орал және Шымкент қаласынан келген палуандар да қатысып, тартысты белдесулер өткізді.
– Мен Шымкент қаласының тумасымын. Отпан таудағы Амал тойына алғаш рет келіп тұрмын. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. 74 келі салмақ дәрежесінде 2-орын иелендім. Қарсыластар өте мықты болды. Жергілікті палуандар жақсы дайындалған, – деді Жұмажан Қожамбет.
Сонымен қатар гір тасын көтеру, арқан тарту және күш сынасу жарыстарына да көптеген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, жастардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді әрі ұлттық дәстүрді дәріптеп, Амал мерекесінің маңызын арттыруға және халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған.

АМАЛ ТОЙЫН КӨРУГЕ САЯХАТШЫЛАР КЕЛДІ
Маңғыстауға биылғы Амал мерекесін көру үшін арнайы келген қонақтардың қатарында танымал саяхатшы ерлі-зайыптылар Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы да болды. Бұған дейін бірнеше рет Маңғыстауға сапарлап келген саяхатшылар бұл жолы тек аймақтың табиғатын тамашалауға емес, елдегі дәстүрлі мерекелердің бірін – Амал тойын өз көздерімен көріп, «Бірлік отының» жағылуын тамашалау үшін ат басын тіреген. Ерлі-зайыптылар мереке аясында өз пікірін білдіріп, маңғыстаулықтарды құттықтап, ерекше естеліктерімен бөлісті.
– Амал мерекесі туралы бұрын баспасөз беттерінен, жаңалықтардан оқып, видеосын көріп жүрдік. Бірақ «мың рет естігенше, бір рет көр» демекші, осы жолы арнайы Амал тойына келіп, мерекелік рәсімдерді өз көзімізбен көріп, оны таспалап, барша Қазақстанға насихаттауға бел будық, – деді Ернар Алмабек.
– Біз үшін бұл – мереке ғана емес, мәдени құндылықты сақтау мен насихаттаудың бір амалы. Маңғыстау табиғатының кеңдігі, дала желінің демі мен халықтың бірлікке, татулыққа деген ынтасы барлығына ерекше әсер қалдырды. Мұндай мерекені көріп, сезіну – өмірде бір мәрте ғана кездесетін ерекше тәжірибе.
Жазира Байдалы өз сөзінде Амал мерекесін кеңінен насихаттап, оны Қазақстанмен қатар Азия көлемінде де танымал етуге болатынын айтты.
– Бұл таспаланған видео біздің «Саяхат Time» ютуб арнасының «Әз Наурыз» мерекелік санына арналған болады. 22 Наурыз күні жарыққа шығатын шығарылым дастарқан басында отырған барлық отбасы мүшелері үшін қызықты әрі мерекелік көңіл күй сыйлайтын болады. Амал мерекесінің аясын кеңейту арқылы туризм саласын дамытуға да мүмкіндік бар деп сенеміз. Біз бұл мерекені тек көру емес, оны баршаға жеткізіп, ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында таратпақпыз. Мереке құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Өміріміз қуаныш пен татулыққа толы болсын! – деді Жазира Байдалы.
Саяхатшылардың айтуынша, Амал тойының ерекшелігі – халықтың бір-біріне деген жылы ықыласы, қыстан аман шыққанына қуануы, бір-бірін құшақтап көрісуі және дәстүрлі рәсімдердің ерекше мән-мағынаға ие болуы. Мұндай көріністі көріп, елдің мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін өз көздерімен сезіну, оны таспаға түсіру нағыз тарихи миссия екенін жеткізді.
Осылайша, Ернар мен Жазира Маңғыстаудағы Амал мерекесін көріп, халықпен бірге қуанып, мерекенің рухын сезініп қана қоймай, оны кең ауқымға насихаттап, мәдениет пен туризмді ұштастыруға атсалысты. Бұл сапар олардың саяхат тәжірибесін байытып қана қоймай, ұлттық дәстүрді сақтау мен дамытуға үлес қосқан маңызды оқиғаға айналды.
Голрох Жеменей,
Маңғыстау облысы













