Алтайдың ақиығы. Хасан Оралтай хақында

Алтайдың ақиығы. Хасан Оралтай хақында

2010 жылдың 14 сәуірі таңғы сағат 8-де Алаштың ардақты ұлы, көрнекті қаламгер, журналист-зерттеушi, қоғам қайраткерi, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, ҚР Журналистика академиясының «Алтын самұрық» ерекше сыйлығының иегерi, ұлтшыл тұлға  Хасан Оралтай 77 жасында Мюнхенде ауыр науқастан қаза болды.

«Сен маған қаралысың, қайран сәуір» деген өлең жолдары ойыма оралды:

 

Санамда сағыныш күн

Сайран дәуір,

Басыма қайдағы ойлар айналды ауыр.

Талай-талай боздағым боздап өткен,

Сен маған қаралысың, қайран сәуір.

 

Басталған «31»-дің сәуірінде, 

Сескене қарады елім дауыл-үнге.

Қазақтың сүйегінен сарай салған,

Сталин-Голощекин дәуірінде.

 

Аталған «сары өзек шақ» жұты 

                                            бар мың,

Сонан бері сәуірдің бұлты қалың.

«37» талайды опат қылып,

Боздағы өліп, бораны құтырар күн.

 

Бермекке Гитлердей сотқарға айып,

Ажалын жатқан шақта оқтар жайып.

Суарып сәуір гүлін қазақ қаны,

Берлинге ту қадаған Қошқарбаев.

 

Ұраны – «жаудан қайтпа, тастан 

                                                  тайма!»

Қол созған азаттық деп аспанда айға.

Сәуірдің көк мырышы түйреп өткен,

Алаштың алдаспаны Оспан қайда?!

 

Сезінген туған жердің ұлтанын бақ,

Әкешім, асқар тауым, нұр таңым ақ.

Сәуірде қалғып кетті мәңгілікке,

Алтайдың топырағын қымтанып ап.

 

Тұманмен тұмшаланып қашанда айым,

Сәуірде неге, неге басар уайым.

«Азаттықта» «Алаш» деп ұрандаған,

Көз жұмды қайран ағам Хасандайын.

 

Түсіріп шымылдығын қаралы күн,

Әйтеуір сәуір сайын жаралымын!

Көктемде өлсе көкпен бір 

                                   көктей ме екен,

Қызғалдағын күтейін аралымның,

Жабатын жердің бетін дала гүлін!

 

Алашқа жоқшы болған, қайран аға!

 

Қалибек Райымбекұлы, Оспан батыр Сіләмұлы есімдеріне бала күнімізден қанық едік. Ес білген шақта елмен бірге (әрине, ұрлап) «Азаттық» радиосын тыңдай бастадық. Азаттық үшін Алаш рухын асқақтатар қоңыр үн сол күндерден бастап «құлақтан кіріп, бойды алды». 

Бәріміздің төркініміз аңызға толы Алтай өңірі болғандықтан, Хасан Оралтай есімін еш жатырқамай жылы қабылдады. Түп-төркіні туралы емес, түбінен қотара айтатын алашшылдығы барша қазақты баураған еді. «Шіркін, сол еркіндікке, жиі айтыла бастаған қазақ даласына жетер күн болар ма екен!». Бұл біздің «Азаттық» үнімен оянған асау жүрегіміздің атамекен топырағын аңсаған алғашқы арманы болатын. Ақыры тәуелсіздіктің ақ таңы атқанын да сол «Азаттықтан» естідік. Хасан ағамыздың үні жақсылық періштесінің күбіріндей тіпті те ыстық естілді. Көзімізге жас алдық.

«Хасан Оралтай! Алла сол аяулы жанды көрер күнді жазар ма екен, шіркін!» дейді  бұл екінші арман болатын. Ақ тілектің Алла қабылдамайтыны болмайтын шығар. Қазақстанға келгеннен кейін теледидардан көру мүмкіндігіне ие болып жүрген сол ағамызға 2007 жылы 14 сәуiрде ғана әзер қол жетті. Ағамыз осы сапарында Алматы қаласына арнайы шақырылып, 11 сәуiрде Қазақстан Журналистика академиясының БАҚ саласындағы ең мәртебелi жалпы ұлттық сыйлықтарын табыс ету жиналысына қатысып, академия президентi Сағымбай Қозыбаев мырзаның қолынан «Алтын самұрық» ерекше сыйлығын алған екен.

14 сәуiр күнi ол кісіні Абай атындағы Алматы мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiнде студенттермен кездесу өткiзiп жатқан жерінен іздеп таптым. Ағамыздың мені сырттай білетіндігіне қуанып қалдым. Кездесуден шыққаннан кейін Досан Баймолдаұлы екеуміз ол кісімен арнайы сұхбат құрдық. Суретке түстік. Бір көруге ынтық болған ағамызбен ежелден таныс жандардай шүйіркелесіп кеттім. Десе де, кейде: «Қытайлар маған әдейі жіберген жоқ па» деп әзілдеп те отырды. Онысы бір жағы қалжың болғанмен,  бір жағы шын. Тағдыр тауқыметіне мейлінше кеп ұшырап, жат жұртта көп жүрген адамның айналасына күдікпен, сақтықпен қарайтын әдеті Хасан ағамызда да бар еді. Бірақ онысын зілсіз әзілмен білдіре салғанды жақсы көреді екен. Алғашқы кездесуде әңгімеміз жарасып, осыдан кейін ол кісімен үнемі интернет арқылы хат алысып тұрдым. 

2008 жылы маусымда сапар сәтi түсiп, Түркияның Стамбул, Анкара, Измир қалаларында болып қайтқан едiм. Осы орайда 8 маусым күні Измирдiң Өздере деген жерiнде жаздық демалыста жатқан Хасан Оралтай ағамызға арнайы сәлемдесе бардым. Жергiлiктi салт бойынша Егей теңiзiне шомылуға ұсыныс еткен ағамыз әңгiме-дүкенiн қыздырып, көп сырларға қандырды. Менің бір ғана күн болып аттанатынымды білгенде ағамыз едәуір көңілсізденіп қалды: «Мұндай аз уақытқа келгенше келмей-ақ қойғаның жөн еді ғой» деген өкпе-назын да жасырмады. Уақытымыз аз болғанмен, аузымыз әңгімеден босамады. Сонау Алтайдан Анадолыға, одан Қазақстанға дейін бір шарлап қайттық-ау деймін.

Енді ойласам, соның бәрі түс сияқты. Біздің соңғы рет көсіле әңгімелескенімізді есіме алсам, ағамыздың «көп күн неге болмадың» дейтін реніші бекер айтылмаған екен. Дидарын бір көруге зар болған Хасандай ірі тұлғамен онан кейін ұзақ сырласудың реті болмады. Соңғы рет Қалибек Хакімнің 100 жылдығына орай Алматыда болған сәттерінде қалың қарбалас жұмыстың арасында қысқаша әңгімеден ары бара алмадық. Соңғы көруім де сол болды. Әңгімесіне құмарым қанбай, «әттең, тағы бір сырлассам-ау» деп жүргенде тағдырдың жазуы басқаша болды. 

2010 жылдың 14 сәуірінде Түркиядан немере қарындасы Мәриям Хакім хабарласып тұр: «Хасан Оралтай қайтыс болды», – дейді.

Интернетте ғана хат алысып жүріп, ақыры мәңгілік алыстағанымызды мойындауға мәжбүр болдық. Әттең... уақыт қайырылмайды. Ағамыздың қоңыр үні, Алаш үшін ақтарылатын әңгімесін енді тек қана жазбалардан іздейміз. Қазақ рухани әлеміндегі «Хасан әліппесін» ақтарамыз.

Қазақ диаспорасы аталатын әлем туралы айтқанда соның аспанындағы жарық жұлдыздардың бірі Хасан Оралтай еді. Артына жолақты ізін қалдырып, ағып түсті. Шетте жатқан бес миллион қазақ қана емес, күллі Алаш жұрты қара жамылды. Шығыс Түркістанда туып, Такламаканды кесіп, Гималайды асқан, Үндістан-Пәкістанды басып, Түркияға тұрақтаған аяулы жанның соңғы демі Германияның Мюнхен қаласында үзілді. Алашқа жоқшы болған қайран аға, жатқан жеріңіз жаннат, топырағыңыз торқа болсын. Сіздің ұлтшылдық рухыңыз ұрпақтар бойына дарып, елдің ертеңі үшін еңіреп өтер ерлеріміз көбейсін.

 

«Бiзге жетпейтiнi – ұлттық сана»

(Егей теңізінің жағасында Хасан Оралтаймен әңгіме)

 Сондағы әңгімеміздің біреуі биыл 100 жасқа толып отырған Қалибек Хакім жайында болып еді. Енді сол әңгімемен өздеріңізді ортақтастырудың орайы келіп отыр. 

 

– Хасан аға, Қалибек Хакім  жайында айтар болсақ, ол сізге әке болғанымен емес, Алаштың ардагері болғанымен танылған тұлға. Ең әуелі, Қалибек Хакімнің өмірі жайында қысқаша айтып кетсеңіз екен?

– Қалибек Хакім 1908 жылы қазіргі Қытай мемлекеті құрамындағы Тарбағатай аймағында дүниеге келген. Әкесінің аты – Райымбек, шешесінің аты – Жаңыл. 1935 жылы Еренқабырға бөктеріндегі Сауан жеріне барып қоныстанған.  Қалибек Хакім сол жылдардан кейінгі елінің ұлт азаттығын алу үшін орыс пен қытайға қарсы соғысқан. Такламакан шөлінен өтіп, Гималай тауынан асып, Қытай қарулы күштерімен 7 рет кескілескен соғыс өткізіп, 1951 жылы 26 қыркүйек күні Үндістан шекарасынан өтіп, баспана алған. 1954 жылы 29 шілдеде Үндістаннан Түркияға барып қоныстанған. 1986 жылы 16 қарашада Түркияның Салиқылы қаласында қайтыс болған. Оның 77 жылдық өмір жолы туралы «Елім-айлап өткен өмір» деп аталатын бірінші басылымы 1999 жылы Түркияның Стамбул қаласында, екінші басылымы 2005 жылы Алматыда қазақ тілінде шыққан кітабымда егжей-тегжейлі баяндалған. 

– Ұлтшылдың бірі зор ұлтшылдық жағынан үстем ұлттың өзін қорғауынан көрінетіндігін айтқаныңыз есімізде. Бұл жағынан Қалибек Хакімге баласы тұрғысынан емес, қазақ азаматы тұрғысынан қалай қарайсыз?  

– Иә, ұлтшылдықтың баршаға айқын екі түрі бар.  Бірі ұлы – держава елдер деп аталатын мемлекеттер ұстанған шовинистік  ұлтшылдық. Екіншісі – кішігірім мемлекеттердің қорғану ұлтшылдығы. Мәселен, кезіндегі патшалық ақ, кешегі кеңестік Ресейдің және бұрынғы гоминдаңдық Қытай мен қазіргі коммунистік партия әкімшілігі астындағы қазақ сияқты  шағын халықтарға қолданған саясаты  – шовинистік ұлтшылдық саясат. Олардың бұрынғы, соңғы, қазіргі басшылары – нағыз ұлтшылдар. Сондықтан олар өздерін  ұлы орыс халқы,  ұлы хан халқы деп дәріптей отырып, әкімшілдік билігі астындағы шағын халықтарды орыстандыру, қытайландыру саясатын өзгертпей жалғастырады. Ал сол елдердің отаршылдық әкімшілігі атындағы қазақтар секілді шағын халықтар ана тілінен, ұлттық ерекшеліктерінен, туған жерінен жұрдай болып, түбегейлі түрде ассимиляцияланбау үшін тырысады. Оны әкімшілік етуші жаңағы ұлы держава мемлекеттер жағының санасыз  сойылсоғарлары ұнатпайды. Сол үшін кезінде мәскеулік және алматылық «Правда» газеттері мен пекиндік «Рынмын Рыбау» газеттері Қалибек Хакімді ұлтшыл, пантүрікшіл  деп шабуылдаған болатын. 

– Қалибек Хакім өз ұлтына не істеп берді немесе ұрпаққа қандай ұлағатымен танылды?

– Отаршылдық әкімшілік астында арпалыспен өткен Қалибек Хакім өз ұлты үшін істеуді армандаған  істерінің көбін жүзеге асыра алған жоқ. Оның ізіне түскен орыс-қытай әскерлерімен соғыса отырып, бір бөлім елді бастап Манас-Сауаннан шығып, Қаратау-Көклікті басып, Такламакан шөлінен өтіп, Түркияға барып қоныстанып, жеті рет қажыға баруы, шынында, оңай іс емес. Әсіресе, халықтың түп мүддесіне, ұлтының болашағына көлеңке түсіретін немесе оны құртып жоғалтуға ұрынған зор ұлтшылдыққа, зұлымдыққа қарсы тұра білді. Коммунистік жүйенің тұзақтарын баспай, елінің ертеңіне нұрлы жарық іздеді. Ұлттың ұжданын, елінің намысын жат табанға бастырмау жолында күресті. Оның бәрін қазір бірден айтып беру мүмкін емес. Оның кейбір деректері менің «Елім-айлап өткен өмір» атты естелігімде бар.

– Бүгінгі қазақтарға не жетіспейді, біз оның бостығын немен толықтырамыз?

 – Аллаға шүкір, бүгінгі қазақтарда кешегімен салыстырғанда бәрі бар. Жетіспей, толықтанбай тұрған – бүгінгі отаршылдық езгі, ауыр зұлмат-зомбылық қалыптастырған жасқаншақтық пен ұлттық сана-сезімнің аздығы. Оны толықтауға тырысатын шаралар бар. Оның ең бастысы – қазақ жастарының Мағжан Жұмабаев армандаған «Мен жастарға сенемін» дегеніндей, жастарды тәрбиелеп жетістіруге мықтап кірісуі дер едім. 

– Қалибек Хакім жайында жазылған қандай еңбектер бар?

– Түрлі тілде жазылған бірқатар кітаптар баршылық (бір бөлімін www. AlibekHakim.com;  Kazakhaber.com сайттарынан көруге болады). Шетел басылымдарын айтпаған күннің өзінде, қазақ тілінде шыққан «Қилы заман, қилы күндер» (2000 ж. Алматы), «Алтайдан ауған ел» (2000 ж. Алматы), «Елім-айлап өткен өмір» (2005 ж. Алматы), «Қытайдағы қазақтар», Ж.Сәмитұлы «Сергелдең» (2004 ж.) «Қытайдағы қазақтар» (Ж.Шәкенұлы), «Оспан батыр» (2007 ж.) кітаптарында Қалибек Хакімнің іс-қимылдары немесе өмірдерегі секілді мағлұматтар бар.

Бұдан сырт қазақстандық басылымдардан «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Жас қазақ», «Шалқар», «Парасат», «Білім және еңбек» секілді газет-журналдар әртүрлі мақалалар жариялап келеді. 

– 2008 жылы Қалибек Хакімнің туғанына 100 жыл толыпты. Мерейтойдың аталу шаралары қалай болып жатыр?

– Қалибек Хакімнің менің әкем екені рас, бірақ ол халықтың батыры ғой. Осы тұрғыдан алғанда, мен «әкемнің мерейтойын неге атамайсыңдар» деп жүгіріп жүрсем, ол халыққа деген, ел басқаруға араласып жүрген азаматтарға деген сенімнің аздығы болар еді. Десе де, Аллаға шүкір, Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған, Бекболат Тілеухан, Ерден Қажыбек, Талғат Мамашев секілді елдің мұң-зарын жоқтап, ұлттық рухты көтеруге ұмтылып жүрген азаматтар бұл мәселені көтеріп жатқанын естіп, қуанып жатырмын. Осыған қарағанда, «Елім-айлап» өткен Қалибек Хакімнің жоқтаушылары да бар сияқты. Ұлттың ұжданды ұлдары етігімен су емес, қан кешіп, елі үшін күрескен ерлерге жоқшы болып, ертеңгі ұрпаққа ұлт рухының асыл қасиеттерін жеткізіп жатса, неге қуанбасқа?!

Осыған қарағанда, қазақ елінің қасиетті қара шаңырағында бір үлкен тойдың күтіп тұрғаны жасырын емес.

 – Әңгімеңізге рақмет, елі үшін күрескен ерлердің рухы жасай берсін!    

 

Сұхбаттасқан – Жәди Шәкенұлы

26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23623
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23277
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39826
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36761
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40932