Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Еңбекшіқазақ ауданына барды. Аймақ басшысы сапар барысында мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы жөндеу жұмыстарының сапасына, сондай-ақ оларды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына баса назар аударды.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі ауданның бірнеше елді мекенін аралап, білім беру, мәдениет және төтенше жағдайлар саласындағы бірқатар нысандардың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар өңірде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысы пысықталды. Іссапарға аудан әкімі Талғат Байеділов, оның орынбасарлары мен тиісті салалық бөлім басшылары қатысты.
Алдымен Марат Елеусізұлы Шелек ауылындағы модельді кітапхананы көрді. Сондай-ақ әкім №11 өрт сөндіру бекетінің жұмысымен де танысты. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі барлық құрылыс және жөндеу жобаларын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.















