АЛМАТ АМАНГЕЛДІ: «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕР – КӘСІБИ ДАМУДЫҢ МАҢЫЗДЫ АЛАҢЫ»

АЛМАТ АМАНГЕЛДІ: «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕР – КӘСІБИ ДАМУДЫҢ МАҢЫЗДЫ АЛАҢЫ»

Биыл Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ғасырға жуық тарихы бар өнер ордасы қазақ қуыршақ театрының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық мәдениеттің маңызды рухани институттарының біріне айналды. Осы жылдар ішінде театр бірнеше буын көрерменді тәрбиелеп қана қоймай, шығармашылық ізденістері мен жаңашыл қойылымдары арқылы халықаралық театр кеңістігінде де өз орнын қалыптастырды. Бүгінде театр ұжымы ұлттық қуыршақ өнерін әлемдік деңгейде насихаттап, Франция, Канада, Румыния, Түркия, Ресей, Грузия, Болгария және өзге де елдерде өткен беделді халықаралық фестивальдерге тұрақты қатысып келеді. Соңғы маусымда театр Румыниядағы әлемдік Шекспир фестивалінде жоғары бағаланып, халықаралық «BIKEN FEST» театр фестивалінде табысты өнер көрсетіп, сондай-ақ Қазан қаласында өтетін VI Халықаралық «Шомбай-fest – 2026» фестиваліне жолдама алды. Театрдың бүгінгі жетістіктері, халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстары және ұлттық өнерді әлемге танытудағы миссиясы туралы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының директоры, Мәдениет саласының үздігі Алмат Амангелдімен әңгімелескен едік.

 

– Алмат мырза, театр ұжымы жуырда Румыниядағы әлемдік деңгейдегі «The Craiova International Shakespeare Festival» фестиваліне қатысып келді. Бұл сапардың маңызы неде?

– Бұл фестивальге қатысу біздің театр үшін ғана емес, жалпы қазақ театр өнері үшін маңызды оқиға болды деп есептеймін. «The Craiova International Shakespeare Festival» – әлемдегі ең беделді театр форумдарының бірі. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген кәсіби театрлар өздерінің үздік жұмыстарын ұсынып, тәжірибе алмасады. Биылғы фестивальге 28 елден 90-нан астам театр ұжымы қатысып, 300-ге жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Осындай ауқымды халықаралық алаңда Қазақстан атынан өнер көрсету үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз көрермен назарына Уильям Шекспирдің мәңгілік туындысы негізінде сахналанған «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсындық. Қойылым аяқталғаннан кейінгі ұзаққа созылған қошемет, театр мамандарының оң пікірі біздің еңбегіміздің жоғары бағаланғанын көрсетті. Ең бастысы – халықаралық қауымдастық қазақ қуыршақ театрының шығармашылық әлеуетін, кәсіби деңгейін және заманауи ізденістерін көрді. Бұл сапар еліміздің мәдени имиджін нығайтуға қосылған маңызды үлес деп санаймын.

– «Ромео мен Джульетта» спектаклі халықаралық театр мамандарының ерекше қызығушылығын тудырды. Қойылымның табысының сыры неде деп ойлайсыз?

– Классикалық шығармаларды бүгінгі көрерменге жаңа тілмен жеткізу – кез келген режиссер мен театр үшін күрделі міндет. Біздің спектакльдің ерекшелігі де осында деп ойлаймын. Режиссер Дина Жұмабаева әлемге белгілі шығарманы қуыршақ театрының мүмкіндіктері арқылы жаңаша пайымдады. Қойылымда актерлік ойын, пластика, би өнері, қуыршақ жүргізу техникасы мен сахналық кеңістіктің тұтастығы үйлесімді үндестік тапқан. Спектакль адамның сезімі мен тағдыры туралы әмбебап тақырыптарды қозғайды. Сондықтан оның мазмұны кез келген ұлттың көрерменіне түсінікті. Біздің мақсатымыз – шығарманың сыртқы сюжетін ғана емес, оның ішкі философиясын жеткізу болды. Халықаралық сарапшылар дәл осы режиссерлік шешімге, актерлердің кәсіби шеберлігіне және қойылымның көркемдік тұтастығына жоғары баға берді.

– Фестиваль қорытындысында театр ұжымына жаңа шақырулар түсті. Мұны қалай бағалайсыз?

– Әрине, бұл – үлкен жетістік. Біз Румыниядағы көрсетілімнен кейін 2027 жылы өтетін халықаралық «Elvira Godeanu» театр фестиваліне арнайы шақыру алдық. Мұндай шақырулар кездейсоқ берілмейді. Олар театрдың кәсіби деңгейіне, шығармашылық әлеуетіне және халықаралық мәдени кеңістіктегі беделіне берілген баға деп қабылдаймыз. Соңғы жылдары біздің театр халықаралық байланыстарды жүйелі түрде дамытып келеді. Франциядағы «Off Avignon» фестивалі, Канада, Түркия, Болгария және басқа да елдердегі өнер сапарлары шығармашылық ұжымның тәжірибесін арттырып қана қоймай, жаңа серіктестік жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беруде. Сондықтан бұл шақырулар біздің алдағы халықаралық даму стратегиямыздың маңызды бөлігі саналады.

– Жуырда театр IV Халықаралық «BIKEN FEST» фестиваліне қатысып, «Мен кіммін...» спектаклін ұсынды. Бұл қойылым несімен ерекшеленеді?

– «Мен кіммін...» спектаклі біздің репертуардағы ерекше туындылардың бірі. Бұл қойылым адам болмысы, өзін-өзі тану, рухани ізденіс секілді күрделі философиялық мәселелерді көтереді. Қазіргі қоғамда адамның ішкі әлемі мен жеке тұлғалық дағдарыстары өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Сондықтан спектакль көрерменмен терең эмоционалдық әрі интеллектуалдық байланыс орната алады. Қойылымды грузиялық режиссер Николоз Сабашвили сахналады. Оның режиссерлік қолтаңбасы спектакльге ерекше көркемдік шешім алып келді. Символикалық қуыршақтар, пластикалық қозғалыстар, актерлік ансамбльдің үйлесімді жұмысы арқылы көрерменге күрделі ойлар жеткізіледі. Фестиваль сарапшыларының жоғары бағасы біз үшін үлкен мәртебе болды.

– «BIKEN FEST» фестивалі театр ұжымына қандай мүмкіндіктер ашты?

– Фестивальдің басты құндылығы – кәсіби шығармашылық диалог алаңы болуында. Мұнда әртүрлі елдердің театр мамандары бас қосып, тәжірибе алмасады, жаңа жобаларды талқылайды. Біздің спектакль халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып қана қоймай, түркі мәдениетін дамыту бағытындағы жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде театр ұжымы TÜRKSOY халықаралық ұйымының қолдауымен өткізілетін халықаралық фестивальге арнайы жолдама алды. Бұл қазақ қуыршақ өнерінің түркі әлеміндегі мәдени үдерістерге белсенді қатысып отырғанын көрсетеді.

– Театр ұжымы сондай-ақ Қазан қаласында өтетін «Шомбай-fest – 2026» фестиваліне қатысады. Бұл фестивальге қандай дайындық жүргізілді?

– «Шомбай-fest» – қуыршақ театрлары арасындағы ең беделді халықаралық фестивальдердің бірі. Биылғы фестивальге әлемнің әртүрлі елдерінен келген ондаған театр ұжымдары қатысады. Біз бұл фестивальде қазақ халқының дәстүрлі қуыршақ өнеріне негізделген «Ортеке» спектаклін ұсынамыз. «Ортеке» – ұлттық мәдениетіміздің терең тамырынан нәр алған ерекше жоба. Спектакль арқылы көрермен қазақтың көне музыкалық дәстүрімен, сал-серілік мәдениетімен және халықтық дүниетанымымен танысады. Біздің мақсатымыз – ұлттық мұраны тек сақтау емес, оны заманауи сахна тілі арқылы әлемдік аудиторияға ұсыну. Қазіргі таңда шығармашылық ұжым фестивальге тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр.

– Бүгінде Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының халықаралық бағыттағы даму стратегиясы қандай?

– Біздің негізгі мақсатымыз – қазақ қуыршақ өнерін әлемдік мәдени кеңістікте кеңінен таныту. Бүгінде театр халықаралық фестивальдерге тұрақты қатысып, түрлі елдердің жетекші театрларымен шығармашылық байланыс орнатуда. Бұл үрдіс ұлттық мәдениеттің танымал болуына ғана емес, театр мамандарының кәсіби тұрғыдан өсуіне де ықпал етеді. Сонымен қатар біз жаңа режиссерлермен, хореографтармен және суретшілермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріп келеміз. Театрдың шығармашылық әлеуетін арттыру, репертуарды байыту және халықаралық серіктестікті кеңейту – алдағы жылдардағы басты міндеттеріміздің бірі. Қазақ қуыршақ театрының әлемдік театр картасындағы орнын нығайтып, ұлттық өнерімізді жаңа биіктерге көтеру жолындағы жұмысымыз жалғаса береді. 

Сұхбаттасқан: Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

17.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25884
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25335
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42740
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38572
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43135