Қала инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және оларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстың басты бағыттарының бірі. Ал бүгінде Таразда тұрғын үйлер, жолдар мен әлеуметтік нысандар салуға, аулаларды абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Іске асырылған әрбір жоба қаланы одан әрі жайлы, заманауи және қауіпсіз ете түседі. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері баспасөз туры барысында көз жеткізді. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков журналистерге облыс орталығының қалай дамып жатқанын, қандай жобалардың іске асырылып жатқанын және соңғы бір жылда қандай нәтижелерге жеткенін баяндап берді.
Қала расында айтарлықтай өзгеріп келеді. Жаңа тұрғын үй массивтерінің белсенді құрылысы жүргізіліп, көшелер абаттандырылуда, заманауи инженерлік желілер құрылып, жолдар салынуда. Әкім жобалардың мақсаты тараздықтардың өмір сүру сапасын арттыру, шаһардың жайлылығын, қауіпсіздігін және тартымдылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Біз бірінші табан тіреген Балауса тұрғын үй массивінде ауқымды инженерлік желілер мен жолдардың құрылысы жүргізілуде, жаңа үйлерге коммуникация тартылуда. Қала әкімінің айтуынша, бұл аудан жақын арада сапалы абаттандырылған аудандардың біріне айналады, мұнда жүздеген отбасы баспаналы болмақ. Жоба тапсырыс берушісі – Тараз қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімі. Шағын ауданның жалпы аумағы 100 гектарды құрайды, ал есептелген тұрғындар саны шамамен 14 400-ге жетеді деп күтілуде. Аталған аудан Жамбыл даңғылының жалғасындағы қалалық автовокзалға жақын орналасқан. Жалпы алғанда, тұрғындар үшін қолайлы аймақ десе де болады. Бас жоспарға сәйкес, Балауса массивінде 145 тұрғын үй, оның ішінде 64 таунхаус, 81 көпқабатты үй салынбақ. Сондай-ақ, онкодиспансер, екі мектеп, үш балабақша, көпсалалы аурухана, бейінді емхана, лицей-интернат, Салтанат сарайы, инновациялық-шығармашылық орталық, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары мен инженерлік желілер салу көзделген. 2016 жылдан 2023 жылға дейін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. Атап айтқанда газ, жылу, электр, су құбыры және кәріз желілері, сондай-ақ байланыс желілері тартылды. Яғни, массив базалық инженерлік коммуникациялармен толық қамтамасыз етілген. Жоба бойынша кезекте тұрғандарға жалпы ауданы 67 мың шаршы метрден асатын 800 пәтер (400 екі бөлмелі, 200 үш бөлмелі және 200 төрт бөлмелі) беру қарастырылған. Қазіргі уақытта мұнда 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Келісімшарт бойынша нысандарды аяқтау мерзімі – 2026 жыл, алайда мердігерлер мен тапсырыс беруші ретінде қала әкімшілігі нысандарды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беруді көздеп отыр.
– 23 мыңға жуық тараздық тұрғын үй алу кезегінде тұр. Біз жыл сайын құрылыс көлемін арттырып жатырмыз. Егер өткен жылы біз 50 үйді пайдалануға берсек, биыл 60 нысанның құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік тұрғын үйдің сапасы мен сәулеттік келбетіне ерекше көңіл бөлеміз. Біз құрылыс сапасына ерекше мән береміз. Бұрын әлеуметтік тұрғын үй әрлеу деңгейі мен материалдары бойынша коммерциялық үйлерден қалыс қалады деген пікір болған. Біз әрлеу тәсілдерін қайта қарадық. Нәтижесінде бүгінде қасбеттер, ішкі жоспарлау, құрылыс материалдары заманауи талаптарға сай. Әлеуметтік тұрғын үйдің сапасы өсті. Жобаларда сондай-ақ балалар мен спорт алаңдарын, футбол алаңын, аулаларды жарықтандыруды, көгалдандыруды, сондай-ақ көгалдарды автоматты суару жүйесін салу қарастырылған. Бұрын тұрғындар айтқан барлық ескертулер ескерілді және бүгінде тараздықтардың нақты сұраныстарына жауап беретін тұрғын үй салынуда. Қасбеттерге ерекше көңіл бөлінді. Олар заманауи материалдардан жасалған және кешкі уақытта сәндік жарықтандыруы бар. Шатыр конструкциясы жел жүктемесін ескере отырып күшейтілді. Әр кіреберіске мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифтілер орнатылған. Тағы бір жаңалық, енді жертөле үй-жайларын пайдалануға болады. Әр пәтер үшін ауданы шамамен алты шаршы метр болатын жеке қойма қарастырылған. Бұл велосипедтерді, балалардың арбаларын, қысқы шиналарды және басқа да заттарды сақтауға ыңғайлы. Бұл тілектер тұрғындардан бірнеше рет келіп түскен, енді олар толық іске асырылды, – деді Б. Орынбеков.
Содан кейін журналистер Барысхан және Қарасай тұрғын үй массивтерінде болып, мұнда инженерлік инфрақұрылым желілерінің қалай тартылып жатқанын көрді. Жұмыстар кестеге сәйкес орындалуда, қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілген. Тараз қаласының әкімі құрылыс сапасына және жұмыстың дер кезінде аяқталуына ерекше назар аударылатынын атап өтті.
– Барысхан тұрғын үй массивінде біз жол инфрақұрылымы мәселелерін дәйекті түрде шешіп жатырмыз. Мұнда бұрын көшелерді асфальттау, тротуарлар мен көше жарығының болмауы сияқты проблемалар көтерілген болатын. 2024 жылы асфальт төсеу бойынша ірі жобаны іске асыру басталды, тапсырыс беруші – Тараз қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімі. Мердігер – «Uniserv» ЖШС, техникалық қадағалауды «Аз и Мур Строй» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «Құрылыс инвест жоба» ЖШС жүзеге асырады. Жобаның құны 1,6 млрд теңгені құрайды, 24 көшенің ұзындығы – 16,21 шақырым. Жұмыстар 2023 жылдың қыркүйегінде басталып, 2025 жылдың соңына дейін толығымен аяқталады. Бүгінгі таңда негізгі көшелер асфальтталды, тротуарлар мен көше жарығын орнату аяқталды. Бұдан басқа, екі бағдар (№ 9 және № 29) қала орталығымен тұрақты қатынасты қамтамасыз етеді. «Таза Қазақстан» жобасы аясында апта сайын сенбіліктер өткізіледі, жақын арадағы демалыс күндері 5000 түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Жергілікті тұрғындардың бастамашылдық танытып жатқанын ерекше атап өтемін. Ал Қарасай тұрғын үй массивінде жолдарды орташа жөндеу жобасы толығымен аяқталды. Тапсырыс беруші – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, мердігер – «Жамбыл ДорМостСтрой-Сервис» ЖШС, техникалық қадағалауды «РДК-01» ЖШС жүзеге асырды, – деп түсініктеме берді қала әкімі.
Жобаны іске асыруға 38 млн 167 мың теңге бағытталған. Жұмыстар 2024 жылдың маусымынан қыркүйегіне дейін жүргізілді, 7,2 шақырым көше желісі жаңартылды. Бүгінде Барысхан және Қарасай массивтері жаңа жол төсемі, жарықтандырумен қамтамасыз етілген. Жолдарды жаңарту және қалалық ортаны жақсарту жұмыстары Тараздың әр ауданы заманауи, ыңғайлы және өмір сүруге қолайлы болуы үшін одан әрі жалғасатын болады.
Тараздың маңызды орындарының бірі – Тектұрмас та назардан тыс қалмады, ол бүгінде күн санап өзгеріп жатыр. Мұнда жағалауды абаттандыру, жаяу жүргіншілер аймақтарын құру, беткейлерді көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Тектұрмас этнографиялық кешенінде біз көптеген жұмыстар атқардық. Ұзындығы 3,689 шақырым болатын үш көше жөнделді. Бұл жол төсемінің сапасын айтарлықтай жақсартуға және көлік үшін жайлылықты арттыруға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, мұнда жаңа балалар ойын алаңы мен футбол алаңы пайда болды, бұл демалуға және спортпен шұғылдануға қосымша мүмкіндіктер береді. Жұмыстар Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша «Жамбыл ДорМостСтрой-Сервис» ЖШС мердігерлігімен орындалды, техникалық қадағалауды «Дирекция строительства и технического обследования» ЖШС жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны 84312,923 мың теңгені құрады, – деді Бақытжан Орынбеков.
Құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, бүгінде Тектұрмас абаттандырылған демалыс аймақтарының біріне айналды. Баспасөз туры Асқаров көшесіндегі көпірмен аяқталды. Қазір мұнда қаланың екінші бөлігіне өзен арқылы өтетін ыңғайлы жол бар, бұл көлік қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Бұрын қаланың екінші бөлігіне өту үшін 15-ші шағын аудан мен Бектөбе массивінің тұрғындары үлкен айналма жолмен жүруге мәжбүр болатын. Бұл мәселе бүкіл қала үшін маңызды инфрақұрылымдық нысанға айналған Асқаров көшесіндегі жаңа автомобиль көпірінің құрылысының арқасында шешілді. Жұмыстарды ТКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің тапсырысы бойынша «ЖБИ-С» ЖШС мердігерлігі орындады, техникалық қадағалауды «Орда Синдикат LTD» ЖШС жүзеге асырды. Құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы жылдың сәуірінен қыркүйегіне дейін өтті. Ұзындығы 61 метр және ені тоғыз метр болатын көпір көліктердің және жаяу жүргіншілердің ыңғайлы және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Осы жобаның арқасында 15-ші шағын аудан мен Бектөбе массивінің тұрғындары енді кедергісіз жүріп-тұра алады.
Баспасөз туры Тараздың жаңарып, өсіп және көркейіп жатқанын көрсетті. Заманауи үлгідегі жаңа нысандарды салумен қатар, өткен ғасырда салынған тұрғын үйлер де жаңғыртылуда.













