Әділ шешім сотқа сенімді арттырады

Әділ шешім сотқа сенімді арттырады

Сот залдарында адам тағдыры шешілетін болғасын ба, әлде мемлекеттік рәміздер тұрғасын ба, аурасы да тым ресми, тым салмақты ғой. Ауырлық басым. Әсіресе қылмыстық істер қаралатын залдарда. Сосын титтей кемшілік жасаған судьялар үшін елдің бүкіл сот атаулыға күйе жаққылары кеп тұратыны бар. Ал кез келген салада өз ісінің майталман мамандары мен адал азаматтар көп. Сотта да солай. Бірақ істі (қанша шым-шытырық, күрделі болса да) сауатты судья жүргізсе, сот залындағы ауыр аураның  өзі санаға салмақ салмайды екен, керісінше сәуле құйыла ма, қызық.

2025 жылдың ақпаны еді. Елорданың  мамандандырылған қылмыстық  сотында  (СМУС) өткен аптадан бері бір іске қатысқанда, сот отырысын да осындай жоғары деңгейде, майдан қыл суырғандай етіп өткізуге болады екен-ау деп, тәнті болдым. Кәсіби деңгейіне, тіл тазалығына сөз жоқ. Жаңадан келген судья шығар деп топшыладым. Өйткені  осыдан 4-5 жыл бұрын шулы істерге қатысқанда, сол соттың бірнеше судьясының (төрағасынан бастап) үстінен мемлекеттік тілді білмегені үшін талай арыз түсіріп, біраз резонанс болғаны естеріңізде шығар. Ислам Әбішевтің ісі бойынша екі судья жұмыстан да кетіп еді. Қазақша іс жүргізбек түгілі, қаулыны ежіктеп, әзер оқып берген еді, соттың төрағасы. Түк түсінбесе, қазақша істі қалай зерттейді, қалай жүргізеді, қалай шешім шығарады, адам тағдырын қалай шешеді деп, Абзал Құспан бастаған адвокаттар  Ақордаға дейін барып, біраз  шулатқан болатын...

Сол істен кейін тағы 2-3 іске қатыстым-ау. Соңғы жылдары  біраз уақыт адвокаттық қызметті тоқтата тұрғаным бар, қылмыстық сотқа келмегеніме де біраз болған екен. Кешегі соттағы көрініс, бұдан 4-5 жыл бұрынғы дау кезіндегі көріністен мүлде басқа. Мемлекеттік  тілде жатық, таза сөйлейтін, сұрақтарды орнымен қоя алатын, істің  қиын тұстарын күрделендірмей, алқабилерге де міндеттерін рет-ретімен түсіндіріп, шебер алып шыққан  судьяның еңбегіне респект! «Сырт көз – сыншы» ғой, бірақ ол оңай еңбек емес. Процессті сауатты жүргізу – бер жағы, ар жағында адам тағдырын шешетін салмағы ауыр жүк бар. Әсіресе, бір сөзді мың қайталап, әр нәрсені мыжып, процеске қатысушылардың ғана емес, қорғаушысы менің де біраз нерв талшықтарымды «өлтірген» сотталушының (бірақ оны да түсінуге болады, кім ұзақ мерзімге түрмеге кеткісі келеді) «занудалығын» да сабырмен көтеріп, пәлен сағаттық сөзін соңына дейін  шыдап, тыңдады ғой. Судьялардың жүйкесі темірден жасала ма екен деп ойлаймын сондай кездерде...

Мұндай күрмеуі көп, күрделі істің шешімі қалай болар екен деген наркүмәнім көкейімде тұрған. Оның үстіне бүкіл айыпты үйіп-төгіп отырған прокурордың уәжінің де салмағы батпан еді. Үкім оқылды. Кез келген дауды «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», қара қылды қақ жарып, алып шығатын  баяғы билеріміз осындай-ақ болған шығар деген ой келді сол шақта. Сенсеңіз, қорғап жатқан адам сотталса  да, әділетті сотталып жатқанын түсінгенде, үкім кескен сотқа реніштен гөрі, құрмет басым боп тұрады екен. Өйткені істің салмағына қарай белгіленген тармақтарға қарап, кемінде 15 жылға кетер деп болжап та қойған едім. Өздері қалаған шешім шығармаған судьяны жөнсіз қаралай беретіндер кейде шындыққа да тура қараса дейсің. Айтпақшы, судьяның аты-жөні – Сейфулла Тасымбетов. 

Сөз саптауынан батыстық-ау деп ойлап едім, қателеспеппін. Ақтөбеде бірнеше соттың төрағасы болған кісі екен. Интернет аман болсын, қалаған ақпаратты тауып алатын...

Айтқым келгені – қазіргі таңда соттарда  көп  ілгерілеу  бар. Білікті мамандар көп. Тілдік тұрғыда да Астанада жылдан-жылға өсу бар. Қазір кез келген министрлікте, мекемелерде мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін мамандар көп. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Прокурор да қазақшаға сауатты жігіт екен. Ойын еркін жеткізе алады. Осыдан екі жыл бұрын бір сот отырысында түрі қазақ болғанмен тілі басқа прокурорға әр сөзімізді аударып беріп, шаршағанбыз. Қысқасы, «соттан емес, оттан келем» дейтіндей күйде емес, көңілім толып қайтты. Барды бар деп айтқан дұрыс қой.

Біздің елімізде «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, әркім бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға кепілдік берілген. Сот жүйесі адам құқықтарын қорғаудың негізгі тетігі ретінде әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етеді, бұл ретте мүдделі тұлға білікті заң көмегін алуға құқылы», – деп белгіленген. Бір қуанарлығы – жыл өткен сайын азаматтардың құқықтық сана деңгейі көтеріліп, құқықтық мәдениет қалыптасып, бостандықты және құқықтарды сот арқылы қорғау тақырыбы күнделікті өмірімізге еніп жатқаны еді.

Ләззат КЕНДЕБАЙҚЫЗЫ,

Ақмола облыстық Адвокаттар 

алқасының мүшесі

12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24161
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23830
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41302
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37216
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41509