Елімізде спорт саласындағы азаматтардың арасында діни теріс ағымдардың таралуы туралы мәселе қоғам талқысына жиі түсетін тақырыптардың бірі. Дегенмен біздің еліміз бұл жағындағы нәзік мәселелерді құқықтық тұрғыдан реттеуге назар аударып, жат ағымдардың спортшыларымыздың санасын улауының алдын алуға барынша көңіл бөліп келе жатыр. Жақында Алматы қаласында сондай бір танымдық жиналыс болып өтті. Дәлірек айтсақ, 9 шілде күні Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша ақпараттандыру мақсатында спортшыларға арналған профилактикалық іс-шара ұйымдастырған болатын. Бұл туралы ҚР Терроризмге қарсы орталығының сайтында хабарланды.
Алматыда өткен кездесуде негізгі назар құқықтық сауаттылықты арттыру мен сыни ойлауды дамытуға аударылды. Бұл – жастарды радикалды идеологиялардан қорғаудың маңызды тетіктері. Іс-шараға Алматы қаласының ТҚО бөлімінің қызметкерлері, прокуратура қызметкері, дін істері басқармасының қызметкерлері, спорт басқармасының қызметкерлері мен спортшылар және жаттықтырушылар қатысты.
Жиында аталған қызметкерлер «Радикалды идеологиялардың белгілері туралы жан-жақты түсіндіріп, экстремистік ұйымдардың жастар санасына әсер ету үшін қолданатын манипуляциялық әдістерін атап өтті және оларды дер кезінде тану жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар, күмәнді тұлғалардан немесе реттелмеген онлайн көздерден білім алу қауіптері де талқыланды. Әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы жиі таралатын қазіргі заманның өзекті мәселесі жайлы айтылды. Іс-шара қорытындысында қатысушылар мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Алынған ақпарат жастардың радикалды идеологияға қарсы иммунитетін қалыптастыруға және жеке әрі қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.