Биылғы вегетациялық кезең басталғалы «Қазсушар» РМК филиалдары суару қажеттіліктері үшін 4,8 млрд текше метр су алды. Бұл – жоспарланған көлемнің 55%-ы. Биыл мекеме филиалдары суаруға 8,8 млрд текше метр су алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді.
Жалпы республика бойынша 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін 12 млрд текше метр су алу жоспарланып отыр, оның 97%-ы оңтүстік өңірлерге тиесілі.
🗣«Биылғы вегетациялық кезең орташа көпжылдық мерзімдерден 20 күнге ерте басталды. Бұл көктем мезгілінде болған аномальді жылы ауа райы жағдайларымен түсіндіріледі. Атмосфералық жауын-шашынның тапшылығы байқалады. Осыған байланысты министрлік суармалы судың тапшылығы қаупін азайту мақсатында шаруалардың суды пайдалануын реттеу және жүйелеу бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Былтырдан бастап суармалы суды келісімшарт негізінде беру жұмысын ұйымдастырылды. «Қазсушар» РМК филиалдары мен фермерлер арасында тікелей келісімшарттар жасасу су беру шарттарының ашықтығын қамтамасыз етіп, тараптардың жауапкершілігін арттыруға және суды рұқсатсыз пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Алдамжаров.
Қырғыз Республикасы тарапымен жасалған келісімдерге сәйкес, биылғы вегетациялық кезеңде Жамбыл облысының диқандарын сумен қамтамасыз ету үшін Шу өзені арқылы 180 млн текше метр, ал Талас өзені арқылы 400 млн текше метр су келеді деп күтіліп отыр.
«Теріс-Ащыбұлақ», «Қарақоңыз» және «Бүркітті» су қоймалары бойынша шаруа қожалықтарымен келісілген жаңа су беру кестелері әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ Жамбыл, Талас және Байзақ аудандарының жергілікті атқарушы органдарымен кездесулер өткізіліп, оларға түнгі суаруды ұйымдастыру, кезектесіп суару әдісін енгізу және көпжылдық шөптерге суаруды бір айналыммен шектеу бойынша ұсыныстар берілді.
Қордай ауданындағы Қайнар ауылында орналасқан су айдайтын сорғы станциясының құрылысын 1 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл су жеткізуді арттырып, Георгиев магистральдық каналына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Георгиев магистральдық каналының бір тармағына қосымша су жіберуді қамтамасыз ету мақсатында «Қазсушар» РМК жергілікті филиалының күшімен Шу өзенінің учаскесі тазартылды.
Қызылорда және Түркістан облыстарының фермерлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында бұған дейін Орталық Азия елдерімен келісімдерге қол жеткізілген болатын.
Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан 2025 жылғы маусым–тамыз айларына арналған «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша үшжақты кестені бекітті.
Бұл құжат аясында вегетациялық кезең Қазақстанға кемінде 491 миллион текше метр су жеткізіледі деп жоспарланған. Қазіргі уақытта су жеткізу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысындағы егістік алқаптарды суару мақсатында жергілікті «Қазсушар» филиалы мен өңірдегі шаруа қожалықтары 357 сорғы станциясын пайдаланып жатыр. Оның 60-ы филиалдың меншігінде болса, 297-сі диқандарға тиесілі.
Оңтүстік облыстардың әкімдіктеріне, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына және «Қазсушар» филиалдарына қолда бар су қорын тиімді пайдалануды қадағалау жөнінде тапсырмалар берілді. Түркістан облысында Ордабасы және Сауран аудандарының суару жүйелерін қосымша қамтамасыз ету үшін су алатын 50 ұңғыманы қосу жұмыстары күшейтілді.
Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі фермерлерге су үнемдеу технологияларын сатып алу және орнату, сондай-ақ инфрақұрылым жүргізу кезінде ұңғымалар бұрғылауға кететін шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін арттырды.
Сондай-ақ тариф құнына қарай суармалы суға субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. Сумен үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ға дейін өседі, ал ондай технологиялар қолданылмаған жағдайда 2026 жылға қарай тарифке байланысты 50-75%-дан 30-55%-ға дейін төмендейді.
Лазерлік тегістегішті сатып алуға субсидиялар егіс алаңы кемінде 200 га болатын шаруашылықтарға ғана төленетін талап жойылды.
Лазерлік тегістеуші суды бүкіл аумаққа біркелкі бөлуге көмектеседі, бұл су басуға және аумақтардың кебуіне жол бермейді. Нәтижесінде суаруға қажетті су көлемі азайып, суару суын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе құрғақ аймақтар үшін маңызды. Бұл технология еліміздің күріш алқаптарында белсенді түрде қолданылып жатыр.
2024 жылдың соңына қарай су үнемдеу технологиясы шамамен 470,2 мың гектар аумаққа енгізілді.
Судың «көлеңкелі нарығымен» күресу мақсатында жыл басынан бері 82 профилактикалық және жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, су заңнамасын бұзудың 141 фактісі анықталды. Нәтижесінде 69 заңбұзушылықты жою туралы ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 24 млн теңгені құрайтын 254 әкімшілік айыппұл салынды.
Оның ішінде заңсыз су пайдалану фактілері бойынша 13 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 8,4 миллион теңге көлемінде 71 әкімшілік айыппұл салынды.
Мысалы, Қызылорда облысында Сырдария өзенінің Қараөзек тармағынан заңсыз су алған 5 сорғы қондырғысы анықталды. Министрліктің ішкі аудит қызметі жүргізген тексеру барысында Қызылорда облысында 300 гектар алқапта рұқсатсыз күріш суару фактілері анықталды. Заңсыз пайдаланылған су көлемі 2,4 миллион текше метрді құрады. Түркістан облысында Жаушықұм учаскесінде 24 заңбұзушылық тіркелді.
Сонымен қатар министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 1 861 шаруа қожалығын қамтыған 125 түсіндіру іс-шарасын өткізді. Нәтижесінде су пайдаланушылар арнайы су пайдалану бойынша рұқсаттарды белсенді түрде рәсімдей бастады. Жыл басынан бері 445 рұқсат берілді.