Украина тағдыры Аляскада шешіле ме?

Украина тағдыры Аляскада   шешіле ме?

Бірнеше күннен бері әлемдік баспасөз беттерінде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путиннің Аляскада кездесіп, орыс-украин қақтығысын тоқтату мәселесін талқылайтындығын жазып жатыр.

9 тамызда ақпарат көздері Трамптың пікірін жариялады. Трамп бұл сөздерін 8 тамыз күні үйде Армения және Әзербайжан басшыларын қабылдау барысында айтты. Ол өз сөзінде кез келген бейбіт келісім аумақтың «бір бөлігін алмастыруды» қамтуы мүмкін екенін айтып, бұл пікірдің даулы екенін жасырмады.

«Біз Ресеймен кездесу өткіземіз. Алдымен Ресейден бастаймыз. Бұл өте күрделі. Бірақ біз бір нәрсені қайтарамыз, бір нәрсені алмастырамыз. Екі тарапқа да пайдалы белгілі бір аумақтық айырбас болады, бірақ бұл туралы кейінірек немесе ертең айтамыз», – деді ол. АҚШ Президентінің бұл сөзі қызу талқыланып, көптеген саясаткерлердің қарсылығына ұшырап жатыр. Украина мен оның еуропалық одақтастары Ресей басып алған Қырым, Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын басы бүтін Ресейге беру арқылы бұл соғысты тоқтатуды көздейтін кез келген келісімге қарсы екендіктерін соғыс басталғалы бері айтып келе жатыр. Ал Путин болса, кез келген келісім Украина 2014 жылдан бері Ресей бақылауында тұрған аумақтардан бас тартуы тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеді. Ол сонымен қоса Батыстың Украинаға көрсетіп отырған көмегін тоқтатуға және Киевтің НАТО-ға кіру әрекеттерінен бас тартуға шақырып отыр.

Соғысты тез арада тоқтата аламын деп уәде берген Трамптың сөзі әлі күнге орындалмай келе жатыр. Ресейді ары-бері айналдырып көрген Трамптың ендігі жерде үміті үзіле бастаған сыңайлы. Дегенмен қысқа күнде қырық құбылатын саудагер Президенттің нақты жоспарларын білу өте қиын. Қазір көп адамдар «Трамп Ресейдің құпия қызметі үшін жұмыс істеген адам» дейтін күдікті сөзге сене бастағандай.

15 тамызда өтеді деп жатқан кездесу расқа айналар болса, бұл Трамп пен Путиннің 2019 жылдан бергі алғашқы бетпе-бет кездесуі болмақшы. Қазірге белгілі болғаны – бұл кездесуге тек Трамп пен Путин ғана қатысатындығы ғана. Бір қызығы, Еуропалық одақтастар егер Трамп Ресейдің мүддесіне тиімді шарттарға келіскен күннің өзінде де Украинаны қолдауын жалғастыра беретіндіктерін ашық айтып, Трампты солқылдақтық танытпауға шақырып жатыр. Бастапқыда Ресейге жұмсақ саясат ұстанғанымен, соғыс жалғаса берген сайын Трамптың Путинге деген наразылығы күшейгендей. Өткен аптада ол Ресейдің Киевке жасаған әуе шабуылдарын «жиіркенішті» деп атап, егер атысты тоқтатпаса, Ресей мен оның негізгі сауда серіктестеріне санкция салатынын ескертті. Ал сәрсенбі күні АҚШ Үндістанның Ресейден мұнай сатып алуына жауап ретінде оның тауарларына кедендік баж салығын 50%-ға көтерді.

Трамп 15 тамызда Аляскада Путинмен кездесетіндігін жариялағаннан Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты аяқтауға бағытталған кез келген шешімге Киевтің қатыспауы «бейбітшілікке қайшы» және «ешқашан табысқа жетпейтін тұйық жол» болатынын мәлімдеді. Ол Украина бейбітшілікті қамтамасыз ете алатын шынайы жоспарларды қабылдауға дайын екенін, бірақ кез келген шешім Украина Конституциясында бекітілген аумақтық тұтастық принципін бұзбауы тиіс екенін айтты. Зеленский Украинаның өз жерін «басқыншыға сыйға тартпайтынын» және Ресейдің әрекеті үшін ешқандай марапатқа ие болмайтынын мәлімдеді.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
15.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16486
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16339
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31512
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30133
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33722