Үкімет цифрландыру қарқынын күшейтті

Үкімет цифрландыру қарқынын күшейтті

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру шаралары, сондай-ақ халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Отырыста тиісті ведомство басшылары салада атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. 

Бекзат ҚҰЛШАР

 

Геологиялық мәліметтер толығымен цифрландырылмақ

Жиында сөз алған Өнеркәсіп министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан Үкімет отырысында жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау саласындағы ахуал туралы баяндады. Ол қазір ел бойынша 103-тен астам түрлі пайдалы қазба және 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынғанын, сондай-ақ, қолданыста 2,9 мыңнан астам лицензия және 250-ге жуық қатты пайдалы қазбалар бойынша келісім-шарт бар екенін хабарлады. Вице-министрдің айтуынша,  алтын қорының көлемі 98 тоннаға артқан.

«Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет 5 кен орыны мемлекеттік есепке алынды. Олар – Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр кен орындары. Қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 миллион тонна марганецке және 1,3 миллион тонна фосфоритке артты», – деді Иран Шархан.

Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі елімізде аумақтардың геологиялық зерттелуі кеңейтіліп жатқанын атап өтті. Ол Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанда елдің геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бүгінде шамамен 2 млн шаршы шақырым зерттелген. 

«Аталған тәсіл бойынша 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттелмек. Одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырымнан қамтылады», – деді Иран Шархан. Жұмысты жеделдету үшін 20 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге Үкімет резервінен 240 млн теңге бөлініп, геологиялық түсірудің жаңа стандарттары бекітілгені атап өтілді.

Тағы бір маңызды жайт, Қазақстанда геологиялық мәліметтер толығымен цифрландырылмақ.  Иран Шархан Үкімет отырысында геология саласын цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндай келе, қазір Бірыңғай платформа арқылы 66 мыңнан астам геологиялық есепті онлайн алуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сонымен қатар бастапқы геологиялық ақпаратты да цифрландыру жүргізілуде. 

«Бүгінде оның 73%-ы электронды форматқа ауыстырылды, жыл соңына дейін 97%-ға жетпек. Ал толық цифрландыруды келесі жылы аяқтау көзделіп отыр», – деді Иран Шархан.

Сонымен қатар Қазақстанда геологиялық зерттеулер жүргізу үшін зертхана салу жоспарланып отыр.  Геологиялық талдау сапасын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа заманауи зертханалық кешен құрылатын болады. Жобада зертханадан бөлек қор сақтау және керн қоймасы ғимараттары да қарастырылған. Бұл елімізде бірыңғай геологиялық деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

«Бүгінде құрылыс жұмыстарына Астана қаласынан 4 гектар жер учаскесі бөлінді. Жоба құны – 14 млрд теңге. Зертханалық кешенді 2028 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда. Геология секторында инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді», – деді Иран Шархан. 

Вице-министр жүргізіліп жатқан реформалар саланың ашықтығы мен тартымдылығын арттырып, инвестиция көлемінің жыл сайын өсуіне ықпал етуде екенін айтты. Қазіргі таңда ірі инвестициялар геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыруда табысты, тәжірибесі мол «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық тау-кен компаниясы арқылы тартылып жатыр. Компания Fortescue, Esan сияқты ірі халықаралық серіктестерді тартып, 21 бірлескен кәсіпорын құрды, 72 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды және 8 кен орны зерттеліп, мемлекеттік балансқа алынды. 

«Қазіргі уақытта 5 пилоттық жоба – Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде жұмыстар жүргізілуде. 2028 жылы бұл жобалар бойынша қорларды JORC стандартына сай есепке қою жоспарлануда. Осыған орай мемлекет мүддесін қорғау үшін «Тау-Кен Самұрыққа» жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық беру қарастырылуда», – деді Иран Шархан.

 

Жер қойнауын пайдалануға қатысты 320-дан астам келісімшарт жасалды 

2025 жылдың 9 айында геологиялық барлауға салыған инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев хабарлады. Ол бүгінгі таңда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың жалпы саны 324 екенін, оның ішінде барлауға – 15, барлауға және өндіруге – 170, өндіруге – 131, ӨБК – 8 болғанын айтты. 

«2023 және 2024 жылдары жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауға тиісінше 150 млрд және 160 млрд теңге инвестициялады. 2025 жылдың 9 айында геологиялық барлауға салыған инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін геологиялық барлауға салынатын инвестиция көлемі алдыңғы жылдардың деңгейінен кем болмайды деп күтілуде», – деді Қайырхан Тұтқышбаев. Қазіргі уақытта мұнай саласында шамамен 220 мың адам еңбек етеді, оған өндіру, өңдеу, тасымалдау және мұнай сервисі кіреді.

Қайырхан Тұтқышбаев  Үкімет отырысында кен пайдалану саласындағы аукциондардың ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты жасалып жатқан жұмыстар туралы да айтып берді. Ол 2020 жылдан бері аукциондарды өткізу рәсімі толығымен автоматтандырылғанын, сауда-саттықтар e-qazyna.kz порталында өткізілетінін, бұл оны барынша ашық ететінін жеткізді. Мәселен, биыл министрлік 2 аукцион өткізген, оның нәтижесінде 11 келісімшарт жасалған. Бюджетке 10,6 млрд теңге аударылған. Алдағы 6 жылға барлауға $71,6 млн инвестиция тартылып отыр. 

«Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалануды басқарудың мемлекеттік бірыңғай жүйесі (БМБЖ) ақпараттық жүйесінде хабарламалар электрондық түрде жолданады. Жыл сайынғы мониторинг нәтижесінде 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың атына жалпы сомасы шамамен 19 млрд теңге болатын келісімшарттық міндеттемелерді бұзу туралы 167 хабарлама жолданды. Бүгінгі таңда мемлекеттік бюджетке шамамен 2 млрд теңге төленді. Бұл жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында», – деп атап өтті Қайырхан Тұтқышбаев. Министрлік қабылдаған келісімшарттық міндеттемелер ұзақ уақыт орындалмай бос тұрған жер қойнауы телімдеріне ревизия жасау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде биыл 17 келісімшартты бұзды.

 

Геологиялық ақпараттың ұлттық цифрлық қорын құру жоспарлануда

Қазақстанның геологиялық қорларында соңғы 80 жылда жинақталған 5 млн-нан астам бастапқы геологиялық ақпарат сақталған. Бұл туралы Үкімет отырысында «Ұлттық геологиялық қызмет» компаниясының басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев мәлімдеді. Ол бүгінгі күні мәтіндік есептер, графикалық материалдар және магниттік жеткізгіштен тұратын 3,8 млн бірлік (83 %) сканерленгенін атап өтті. 

«2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 97,5 %-ға жеткізу, ал 2026 жылдың соңына дейін – сканерлеу жұмысын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осылайша сканерлеу нәтижесінде алынған материалдарға жасанды интеллектті қолданып, геологиялық деректердің ақпараттық қорын құрамыз», – деді Ерлан Ғалиев.

Жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру қызметкерлердің әкімшілік жүктемесін 35%-ға төмендетті.  ЖИ министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков Үкімет отырысында геология саласын цифландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол цифрлық трансформация шеңберінде жер қойнауын пайдалану саласындағы бизнес-процестердің реинжинирингі өткізілгенін атап өтті. Соның ішінде геологиялық және тау-кен телімдерін бөлу құжаттарын беру және қайта ресімдеу үдерістері жетілдірілген. 

«Бұрын өтінімдер қағаз түрінде, азаматтардың өздері келіп тапсырған кезде қабылданатын. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері басқа ведомстволардың деректерін қолмен тексеріп, салыстыратын, соның салдарынан ақпараттар қайталанып, орындау мерзімдері созылып кететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция және деректерді автоматты тексеру тетіктері болған жоқ. Қазіргі уақытта бұл процесс толықтай автоматтандырылды және minerals.e-qazyna.kz бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы арқылы жүзеге асырылады. Біз қағаз құжат айналымынан интеграцияланған цифрлық экожүйеге көштік», – деді Мәлік Олжабеков. 

Цифрландыру нәтижесінде рәсімдер саны 45%-ға қысқарып, өтінім берушілерге түсетін бюрократиялық жүктеме азайды, ал қызметкерлердің әкімшілік жүктемесі 35%-ға төмендеді. Деректерді өңдеу жылдамдығы артты, координаттарды қолмен тексеру кезіндегі қателіктер толығымен жойылды. Мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың өзара іс-қимылы толық цифрлық форматқа көшірілді. Платформаға 3 мыңнан астам жер қойнауын пайдаланушы қосылып, бұл салалық рәсімдердің бірыңғайлығын және жүйенің кеңейту мүмкіндігін қамтамасыз етті.

 

3,5 млн-ға жуық бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды

Геологиялық барлау еліміздің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға ықпал етеді. Үкімет Президент тапсырмасы бойынша барланған жер қойнауы көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізеді. Үкімет отырысында геология саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды. 

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндет ретінде айқындады. Саланың дамуы еліміздің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға ықпал етеді. Осы орайда барланған жер қойнауының көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл міндет келесі жылы орындалатын болады», – деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов. 

3,5 млн-ға жуық бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды.  Премьер-министр аталған жұмысты 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Премьер-министр бүгінде елімізде 22 түрлі мемлекеттік қызмет көрсететін жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылғанын атап өтті. Аталған платформа лицензияларды автоматты түрде беруге және міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 3,5 млн-ға жуық бастапқы геологиялық ақпарат цифрландырылды, олар бұрын дәстүрлі қағаз нұсқада, магниттік таспаларда және фотосурет түрінде сақталған. 

«Өнеркәсіп министрлігіне Қаржы, Жасанды интеллект министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, келесі жылдың соңына дейін тарихи деректерді цифрландыру жұмыстарын аяқтауды тапсырамын. Бұл, жалпы алғанда Қазақстан бойынша тарихи және жаңа геологиялық ақпаратқа қол жеткізуді оңайлатып, инвестициялар тарту, кен орындарын барлау мен игеру жөніндегі жобаларды жүзеге асыруды жеңілдетеді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

Қолданыстағы геологиялық карталар біршама ескірген

 Астанада геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана салынады. Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Астанада геологиялық кластер құрамындағы заманауи зертхана құрылысын жеделдетуді тапсырды. 

«Мамандардың айтуынша, қазіргі қолданыстағы геологиялық карталар біршама ескірген. Олар кен орындарының әлеуеті мен нақты орналасқан жерін дәл анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан геологиялық карталардың ауқымын кеңейту жұмыстарын жалғастыру қажет. Сондай-ақ геологиялық барлау ісіне заманауи ғылыми әдістерді енгізуге жағдай жасаған жөн. Осы орайда елордада геологиялық кластер құрамында заманауи зертхана құру жоспарланып отыр. Ол минералдық-геохимиялық және талдамалық зерттеулер жүргізу үшін қажет. Өнеркәсіп министрлігі Қаржы министрлігімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, 2026 жылы аталған зертхана құрылысын бастауды қамтамасыз етуі қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы аясында кеңістіктік деректерді интеграциялауды тапсырды. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов салалық министрліктер мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.

➤ Өнеркәсіп министрлігі осы жылдың соңына дейін ел аумағының 1:50 000 масштабындағы нақты геологиялық картасын жасау үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қамтамасыз етсін. 

➤ Өнеркәсіп министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы карталарды әзірлеудің заманауи әдістеріне көшу жобасын жүзеге асыруға кірісуі керек. Ол үшін озық технологиялар мен пилотсыз ұшу аппараттарын барынша пайдалану қажет. 

➤ Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы аясында кеңістіктік деректерді интеграциялауды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл инвесторларға жер қойнауын пайдалану саласындағы мүмкіндіктер мен шектеулерді көріп, бағалауына мүмкіндік береді. 

«Қорыта айтқанда, геологиялық саланы қолдау, оны қаржыландыру көлемін ұлғайту, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау Үкіметтің ерекше назарында болады», – деп атап өтті Олжас Бектенов. Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.

 

Генерик препараттардың бағасы 30%-ға төмендетілді

Мемлекет басшысының бағаны қалыптастыру тетігін реформалау бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Денсаулық сақтау министрлігі жүйелі жұмыстар жүргізді. Оның нәтижесінде генерик препараттардың шекті бағасы түпнұсқалық дәрілердің құнынан 30%-ға төмендетілді. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов баяндады. Аталған шара халық үшін дәрілердің экономикалық қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Реформа аясында баға құрау тізбегінен маркетингтік және көлік шығындары алынып тасталды. Әділ баға белгілеу үшін Денсаулық сақтау министрлігі оларды халықаралық нарық бағасымен салыстыра бастады. Ведомство мамандары 100-ден аса елдің өзекті бағалары бар халықаралық дерекқорға қол жеткізді. Жаңа баға қалыптастыру механизмі негізінде тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі мен МӘМС шеңберінде дәрілік заттардың 2,9 мың сауда атауы, бөлшек және көтерме сауда үшін 4,9 мың атауы бойынша бағалар қайта қаралды. 

«2025 жылы Бірыңғай дистрибьютор өткізген сатып алулар нәтижесінде 70,5 млрд теңге үнемделді. Үнемделген қаражат қосымша қажет дәрі-дәрмектерді сатып алуға жұмсалды. Биылғы қазан айындағы бөлшек сауда желісін мониторингтеу нәтижесінде халық арасында сұранысқа ие препараттардың бағасы орта есеппен 11%-ға төмендеді», – деп атап өтті вице-министр.

Соынмен қатар Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларда тегін дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқандарға қатаң шаралар қабылдайтын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай фактілерді анықтау 2024 жылдың шілдесінен бастап енгізілген дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің нәтижесінде мүмкін болды. 

«Бүгінгі күні дәрілік заттар нарығының барлық қатысушылары таңбалау жүйесіне қосылған. Бұл қадағалау мен реттеу тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Таңбалау жүйесін енгізу дәрілік заттардың айналым ашықтығын арттырды. Таңбалау жүйесінің көмегімен тұрғындарға тегін берілген амбулаториялық дәрілердің дәріханаларында сату фактілері анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен Бас прокуратура бірлесіп жоспардан тыс тексерулер жүргізуде. Министрлік осындай заңбұзушылықтарға жол берген субъектілерге қатысты қатаң шаралар қабылдайтын болады», – деді Тимур Мұратов. Ол осы жылдың желтоқсан айында медициналық бұйымдар мен биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау бойынша пилоттық жоба басталатынын атап өтті.

Тағы бір маңызды жайт, жасанды интеллект дәрі-дәрмектерді жеткізуді жоспарлайды және жалған рецепттерді анықтайды. Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процестерін оңтайландыру және қауіпсіздікті арттыру үшін жасанды интеллекті белсенді пайдалануды жоспарлап отыр. 

«Министрлік дәрі-дәрмектерді жоспарлау және уақтылы жеткізу кезінде ЖИ-ді пайдалануды жоспарлап отыр. Жасанды интеллект жалған рецепттерді анықтау үшін де қолданылады», деді Тимур Мұратов. Вице-министр ЖИ енгізу жөніндегі жұмыс Президенттің саланы ауқымды цифрландыру бойынша берген тапсырмалары шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Медициналық ақпараттық жүйелерде электрондық рецепт жазу мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді біріктіру нәтижесінде рецепт рәсімдеу және жазып беру тиімділігі едәуір артып, рецепт беру уақыты 2 есе қысқарды. Сонымен қатар «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында «e-Densaulyq», «Halyk», «БСК», «Face ID», SMS-кодтар және басқа да цифрлық тетіктерді пайдалана отырып, 708 медициналық ұйымда 10 млн-нан астам электрондық рецепт жазып берілген.

 

Дәрілік заттардың азаймайтын қорының тізбесі 28 есе кеңейтілді

Азаматтардың өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін «СҚ-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмектердің азаймайтын қорының тізбесін кеңейтті. Бұл туралы Үкімет отырысында «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді. Оның айтуынша дәрілік заттардың азаймайтын қорының тізбесі аурулардың негізгі топтары бойынша дәрілік заттардың 2024 жылы 12 атауынан 2025 жылы 341 атауға дейін кеңейтілді. Дәрімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы дәрілік заттар азаймайтын қоры құрылды, бұл 2-3 айлық қажеттілікті жабуға мүмкіндік береді. 

«Бұл қатерлі ісік, қант диабеті, қатерлі қант аурулары, қан ұйығыштығының бұзылуы, ағзалар мен тіндерді трансплантациялау және басқа аурулардың негізгі топтарын қамтиды», – деді Нұрлыбек Асылбеков.

Жалпы алғанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жөнелту мерзімі, логистикалық үдерістерді оңтайландыру, жеткізу маршруттарын жоспарлау, нақты уақыт режимінде жүктердің қозғалысын бақылау және шарттық міндеттемелердің орындалуын қатаң қадағалау арқылы дәріні жеткізу уақыты 10 күннен 5 күнге дейін қысқартылды.

Олжас Бектенов Президенттің дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар бағасын барынша қолжетімді ету бойынша тапсырмасының орындалуы туралы Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін қарау кезінде Премьер-министр еліміздің фармацевтика нарығын дамытудағы жаңа тәсілдерді атап өтті. 

«Мемлекет басшысы өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейтуге қатысты маңызды міндет қойды. Ол үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тіркеудің жеңілдетілген тетігі енгізілді. Нәтижесінде Қазақстанда жаңа препаратты тіркеу 2-5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарды. Яғни, дәрілердің ең жаңа түрлері, емдеу және диагностикалау әдістері тұрғындар үшін қолжетімді бола түсті», – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр сапаны бақылаудың жаңа форматы нарықта контрафактілік өнімдердің жолын кесуге мүмкіндік беретінін атап өтті.   

«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылаудың қосымша форматы енгізілді. Ол дәрі-дәрмекті нарықтан және денсаулық сақтау ұйымдарынан сұрыптап, таңдап сатып алуды көздейді. Мұндай тәсіл отандық нарықта контрафактілік өнімдердің жолын кесуге мүмкіндік береді», – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Олжас Бектенов Үкімет отандық фармацевтика өндірушілеріне жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Басты мақсат – сыртқы нарықтарға тәуелділікті азайту және дәрілік заттарды барынша қолжетімді ету. Десе де дәрілерді дер кезінде жеткізуге қатысты мәселелер, әсіресе, жыл басында жиі туындайды. Логистика мен сатып алу рәсімдерінің созылып кету мәселелері тағы бар. Ал көптеген науқастар дәрі-дәрмекті үзбей, кестеге сай қабылдауы тиіс. Премьер-министр осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. 

«Аталған мәселелерді шешу үшін белсенді түрде саланы цифрландыру жұмыстары қолға алынды. Қазір нақты уақыт режимінде дәрі-дәрмектің бар-жоғын тұрақты бақылап, есепке алуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр. Дәріханаларда рецепт бойынша берілген дәрілердің тиісті сапада және қолжетімді бағада міндетті түрде болуын қамтамасыз ететін жүйені жолға қою қажет. Денсаулық сақтау министрлігіне “СК-Фармация” компаниясымен және әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды уақтылы сатып алу және үздіксіз жеткізу жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырамын», деді Олжас Бектенов.

 

Бірқатар тапсырма берді

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.  Олжас Бектенов халық тарапынан келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беруді тапсырды.

 Денсаулық сақтау министрлігі Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу шараларын қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жоспарлау, тағайындау және сатып алу рәсімдеріне қатысты. Сонымен қатар халық тарапынан келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беру қажет. Денсаулық сақтау министрлігіне Мәдениет және ақпарат министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, дәрілік заттармен қамтамасыз ету туралы халықпен тұрақты негізде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарын, цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілерді және өңірлік іс-шараларды барынша пайдалану керек. 

«Біздің міндетіміз – денсаулық сақтау саласын барынша ашық, әділетті және ең бастысы, әрбір азамат үшін қолжетімді ету», – деп қорытындылады сөзін Премьер-министр Олжас Бектенов. Үйлестіру мен бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

11.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19771
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19585
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34718
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33290
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37109