Тусоннан Алматыға: Қазақстан мен АҚШ музыканттары бір сахнада өнер көрсетеді

Тусоннан Алматыға: Қазақстан мен АҚШ музыканттары бір сахнада өнер көрсетеді

2026 жылғы 22 тамызда «Ғұндар» этноауылында (Солдатское ущелье, 5) UNBOUND: Tucson x Almaty халықаралық музыкалық коллаборациясы өтеді. Жоба аясында АҚШ пен Қазақстан музыканттары бір сахнада бас қосады. Іс-шара Smithsonian Institution (Вашингтон, АҚШ) және Southwest Folklife Alliance (Аризона, АҚШ) делегациясының Қазақстанға екінші сапары аясында ұйымдастырылады. Жобаның бас серіктесі – Samruk-Kazyna Trust. Іс-шара «Chevron» компаниясының қолдауымен өтеді.

Бұл күні дәстүрлі және заманауи мәдениетті тоғыстырған музыканттар бір сахнада өнер көрсетеді. Олардың қатарында қазақстандық «Duana» (көне дала дәстүрлері мен заманауи рок-музыканы ұштастыратын эксперименттік фолк), «Aldaspan» (этно-рок), «Steppe Sons» (альтернативті фолк), «Hassak» (этно-фолк) ұжымдары қатысады. Сондай-ақ Паскуа-Яки тайпасының өкілі, классикалық гитарист, «JazzMenco» стилінің авторы Gabriel Ayala; Old Time/American Folk жанрындағы музыкант, педагог, автор әрі орындаушы Dan Levenson; Тусон қаласынан (Аризона) келген, Латын Америкасының музыкалық мәдениетін дәріптейтін Las Azaleas әйелдер музыкалық тобы өнер көрсетеді. Көрермендер екі ел өнерпаздарының жеке репертуарымен қатар, олардың бірлескен шығармашылық жұмысы нәтижесінде дүниеге келген бірегей туындыларды да тыңдай алады.

«Бірлескен жұмыс өнерпаздар Қазақстанға келгенге дейін әлдеқашан басталып кетті: музыканттар бір-бірінің шығармашылығымен танысып, идеяларымен бөлісіп, ортақ музыкалық үндестіктің бағыттарын айқындады. Мұның барлығы – материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың сан алуан жолдары туралы. Далалық, америкалық және латынамерикалық дәстүрлердің біртұтас кеңістікте соншалықты табиғи үйлесе алатыны таңғалдырады. 22 тамызда келіп, мұны өз көзіңізбен көріп, өз құлағыңызбен естіңіз!» – дейді Music Unbound директоры Раушан Джуманиязова.

Концерттік бағдарламадан бөлек, UNBOUND: Tucson x Almaty аясында «Ғұндар» этноауылында күні бойы мазмұнды бағдарлама өтеді. Қонақтар қазақтың дәстүрлі салт-жоралғыларымен танысып, олардың көрсетілімін тамашалай алады. Сондай-ақ ат үстіндегі ұлттық ойындар, ұлттық билер, artist talk форматындағы кездесулер және киіз үйлер кеңістігінде америкалық әрі қазақстандық музыканттардың шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

UNBOUND: Almaty x Tucson жобасы – «Kazakhstan-Smithsonian Professional Development Project in Intangible Cultural Heritage» бірлескен жұмысының бір кезеңі. Оны жүзеге асыру үшін қазақстандық Music Unbound ұйымы (Алматы) мен Smithsonian Center for Folklife and Cultural Heritage зерттеу орталығы (Вашингтон) күш біріктірді. Жоба Samruk-Kazyna Trust қолдауымен жүзеге асырылып, Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға және халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған.

Келесі жылы Қазақстанның ұлттық өнері Smithsonian Folklife Festival аясында таныстырылады. Бұл – тірі мәдени мұраға арналған әлемдегі ең ірі фестивальдердің бірі. Фестиваль жыл сайын Вашингтондағы Ұлттық аллеяда өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген мың көрерменді жинайды.

Ауқымды бастаманың бас серіктесі – ұлттық мұраны жаһандық деңгейде жүйелі түрде ілгерілетуге қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» қоры. Айта кетейік, қор Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Биыл «Самұрық-Қазына» әйгілі Венеция биенналесіндегі Қазақстанның Ұлттық павильонының да бас серіктесі болды. Енді қор АҚШ-та Қазақстанның ұлттық мұрасын ұзақ мерзімді негізде таныту мен ілгерілетуге қолдау көрсетуде.

Анықтамалық ақпарат

Music Unbound – музыка, ғылым және инклюзивті тәжірибелер тоғысында жұмыс істейтін мәдени бастама. Ұйымның жобалары адамның физикалық ерекшеліктеріне қарамастан, музыкалық үдеріске кәсіби деңгейде қатысуына мүмкіндік беретін жаңа көркемдік ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Смитсон институты (Smithsonian Institution) – 1846 жылы Вашингтонда құрылған, әлемдегі ең ірі музейлер, зерттеу орталықтары мен архивтер кешені. Бүгінде оның құрамына 19 музей, 21 кітапхана, Ұлттық зоологиялық парк және бірнеше зерттеу орталығы кіреді. Институттың миссиясы – «білімді арттыру және тарату». Center for Folklife and Cultural Heritage – осы зерттеу орталықтарының бірі. Орталық әлемнің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлер, қолөнер, тілдер мен музыкалық қауымдастықтар арқылы көрініс табатын тірі мәдениетті зерттейді.

19.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27038
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26489
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43836
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39630
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44202