Талғар қаласында Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегерлері — қазақстандық Нұрбақыт
Теңізбаев пен қырғызстандық Қанатбек Бегалиевтің жүлдесіне арналған грек-рим күресінен
халықаралық турнир өтті.
Үш күнге созылған додаға Қазақстанның әр өңірінен және Қырғызстаннан келген 250-ге жуық
жас балуан қатысып, боз кілемде өз шеберліктерін көрсетті. Турнир 15 жасқа дейінгі
спортшылар арасында ұйымдастырылды. Олар 35 кг-нан 110 кг-ға дейінгі 12 салмақ
дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды. Турнир жеңімпаздары медальдармен марапатталып,
ақшалай сыйлықтар табысталды.
Жарыстың ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, спорт
ардагерлері мен Олимпиада жүлдегерлері қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі.
«Бұл жарыс жас балуандарды біріктіріп, олардың өсуіне мүмкіндік береді,
Қазақстан мен Қырғызстан халықтарының достығы мен өзара түсіністігін
нығайтады. Сенімдімін, бұл турнир жақсы дәстүрге айналып, қатысушылар
географиясы жылдан жылға кеңейе түседі», - деді өңір басшысы өз сөзінде.
Жарыс аясында Олимпиада жүлдегерлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Қанатбек Бегалиев арнайы
шеберлік сабағын өткізді. Олар жас балуандарға күрестің тиімді әдіс-тәсілдерін көрсетіп,
өздерінің спорттағы тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, атақты спортшылар шәкірттерге
табандылық, еңбекқорлық және тәртіптің маңызын айтып, үлкен спортқа жетудің құпияларын
айтты. Шеберлік сабағы жас балуандар мен бапкерлер үшін үлкен шабыт пен мотивация
болды.
Жарыстың ашылуы барысында облысы әкімі мен жарыс ұйымдастырушылары, Нұрбақыт
Теңізбаев және қырғызстандық қонақтарға қазақтың салтымен шапан жауып, Қанатбек
Бегалиевке ат мінгізді. Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғыман да аудан
жұртшылығы атынан сый-сыяпат көрсетті.
Бұл турнирдің алғашқы тұсауы 2024 жылы Қырғызстанда кесілген еді. Ол жайлы Алматы
облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дамир Күзе баев
былай деді:
«Турнирдің идеясы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық пен
спорттық бауырластықтың нышаны ретінде дүниеге келді. Алғашқы турнирөткен жылы Қырғызстанда өтті және спорт қауымдастығы арасында үлкен
қолдау тапты. Ол кезде жарысқа ондаған спортшы қатысып, жаңа дәстүрдің
бастамасына айналды. Биылғы турнирді қазақстандық тарап қабылдап,
жарысты Алматы облысында өткізу туралы шешім қабылданды. Келесі,
үшінші турнир қайтадан қырғыз жерінде өтеді.»
Кезінде боз кілемдегі қарсыластар бүгінде бауырластықтың, спорт арқылы ел арасындағы
достықтың символына айналды. Олимпиада шыңын бағындырған қос балуан бүгінде өз
елдерінде халыққа қалтықсыз қызмет етуде. Қазіргі таңда Нұрбақыт Теңізбаев — Алматы
облысы Кеген ауданының әкімі, ал Қанатбек Бегалиев — Қырғыз Республикасындағы
«Спорттық нысандар мен спорттық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесінің
директоры қызметін атқарады.
«Мен 2005 жылы Қазақстанда тұрып, жаттықтым. Біз Нұрбақытпен бір кілемде
күресіп, бір-бірімізге бәсекелес әрі қолдаушы болдық. Қазіргі ұрпақтың
спорттық бауырластық пен адал күрестің үлгісін көруі өте маңызды. Мұндай
турнирлер халықтар арасындағы достықты нығайтады», — деді қырғыздың
балуаны Қанатбек Бегалиев.
Мұндай жарыстар екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ грек-
рим күресін дамыту, жас спортшыларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған. Турнир алдағы
жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.