Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов аппарат кеңесін өткізді. Жиында биылғы вегетация кезеңінің қорытындылары шығарылып, 2027 жылға арналған жоспарлар қаралды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы вегетация кезеңі штаттық режимде өтті. Жедел мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда суару қажеттілігі үшін нақты су алу көлемі 11,1 млрд текше метрді құрап, шамамен 1,1 млн гектар егістік алқап суарылды.
Келесі суару маусымына дайындық аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі.

Құжатта суару және коллекторлық-дренаждық желілерді, соның ішінде оларды тазалау және жөндеу жұмыстарын дайындау, ауыспалы егістікті қамтамасыз ете отырып, егіс құрылымын орналастыру және келісу, Қызылқұм суармалы алқабында ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырудың ғылыми негізделген жоспарын әзірлеу, сондай-ақ су көздерінің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, су пайдалану режимдерін бекіту шаралары қамтылған.
Сонымен қатар биік орналасқан учаскелерге сорғы қондырғылары арқылы су беруді ұйымдастыру, суды бөлу мәселелерін шешу және төтенше жағдайлар туындаған кезде жедел әрекет ету үшін тұрақты мобильді жұмыс топтарын құру көзделген. Бұдан бөлек, азаматтарға су үнемдеу технологияларына көшудің артықшылықтары, шарт жасасу тәртібі, су есептеу құралдарын орнату және суды заңсыз алғаны үшін жауапкершілік туралы тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Кеңес қорытындысы бойынша Нұржан Нұржігітов Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетіне, «Қазсушар» РМК-ға және жауапты департаменттерге келесі вегетация кезеңіне дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды.
«Келесі жылға дайындықты қазірден бастау керек. Біз шарттарды рәсімдеуге және су беруге дайын болғанша ауыл шаруашылығы күтіп отырмайды. Қалай болғанда да, су берудің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Қай уақытта болатыны маңызды емес. Сондықтан жұмысқа алдын ала кірісу керек», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігінің баспасөз қызметі















