Шабыт мектебінің ғимараты жаңарды

Шабыт  мектебінің  ғимараты  жаңарды

Бұл мектеп ондаған жылдар  Көкшетау қаласының мәдени өмірінің маңызды бөлігі арқалап,  суретшілердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған. Алайда уақыт өте келе бұрынғы ғимарат білім беру үдерісін ұйымдастыруға, қауіпсіздік пен жайлылыққа қойылатын заманауи талаптарға сапасы сай келмеген. Осыдан туындап жаңа ғимарат салу жоспарланып, іске асып отыр.

Жобаны іске асыру алдында мамандар техникалық тексеру жүргізіп,  ғимараттың бірқатар конструкцияларында ақаулар анықталып, пайдалануға мүмкін емес деген қорытынды шыққан. Жаңа ғимараттың құрылысы өткен жылдың қазан айында басталып, 11 ай шамасында  аяқталыпты. 

Жаңа мектепте жарық шеберханалар мен оқу кабинеттері, көрме залы, күту орындары, терраса және оқу үдерісіне қажетті өзге де бөлмелер қарастырылған. Панорамалық терезелер табиғи жарықтың мол түсуін қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе сурет пен кескіндеме сабақтары үшін маңызды. Жобалау барысында қауіпсіздік пен қолжетімділікке қойылатын заманауи талаптар да ескерілген. Мектеп 360 оқушыға арналған.

Мұнда балалар классикалық көркемдік білімге бейімделіп,  сурет, кескіндеме, композиция, мүсін, бейнелеу өнерінің тарихы және компьютерлік графика пәндерін меңгереді.

Мектеп директоры Юлия Желобкова облыс әкіміне  жаңа мектепті жобалау кезінде педагогикалық ұжымның ұсыныстары ескеріліп, материалдық-техникалық база толығымен дерлік жаңартылғанын жеткізіп:

 «Біздің барлық тілегіміз ескерілді. Бөлмелердің биіктігі, эргономикасы мен жарықтандырылуы жағынан бұл ғимаратты Өнер академиясымен салыстыруға болады. Мұнда барлық қажетті кабинеттер мен шеберханаларды орналастыра алдық, жабдықтардың басым бөлігі жаңадан сатып алынды. Балалар мұнда таңданыспен кіріп келеді. Мұндай кеңістікке тіпті ересек суретшілердің өзі қызығатыны сөзсіз», – деп, қуанышын жасырмады.

Мектепті аралау барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов оқушылар мен ұстаздарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Өңір басшысы:

«Мемлекет басшысы атап өткендей, өнер, шығармашылық пен білім елімізді алға бастайды. Дәл осындай ортада балалардың адами әлеуеті қалыптасып, қабілеті ашылып, дүниетанымы кеңейеді және жан-жақты дамыған тұлға тәрбиеленеді. Сондықтан біздің міндетіміз – жас ұрпақтың сапалы білім алып, шығармашылықпен айналысуына және өз талантын жүзеге асыруына барлық жағдай жасау. Осы мектеп қабырғасынан Ақмола облысы мен бүкіл Қазақстанды әлемге танытатын болашақ суретшілер шығатынына сенімдімін», – деп, жас суретшілерге табыс тіледі.

Әкім ресми кездесуден соң мектеп оқушыларымен ашық форматта әңгіме қозғап, Ақмола өңірінің тумасы Қазақ КСР-інің халық суретшісі Жанатай Шарденовтің өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты деректер келтірді.

 Марат Мұратұлы: 

«Біз әрдайым даңқты ата-бабаларымыз бен көрнекті жерлестерімізді мақтан тұтамыз. Ұлы суретші Жанатай Шарденов – халқымыздың мақтанышы, ұлттық пейзаж жанрының шебері. Оны заңды түрде «қазақтың Ван Гогы» деп атаған. 2027 жылы суретшінің туғанына 100 жыл толады.

Нағыз талантқа ешқандай жағдай кедергі бола алмайды. Бала кезінде қозы бағып жүріп, құмға қамшының сабымен сурет салған. Табиғи дарынының арқасында «Ат үстіндегі Чапаев» суретімен бүкілодақтық байқауда жеңіске жетіп, Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түскен. Естеріңізде болсын: бәрі өз қолдарыңызда», – деп, жас түлектерге ерік-жігер сыйлады. 

Жоба қоғамдық талқылаудан өтіп, «KOKSHE» ӘКК» АҚ үйлестіруімен инвестициялық модель аясында және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың жеке бақылауымен жүзеге асқанын мектеп директорының әңгімесінен білдік.

Мектеп түлектерін қолдау мақсатында облыс әкімі ұжымға заманауи модификацияланған автобус алуға сертификат сыйлады.

16.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27889
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27387
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44737
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40442
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45064