Адамның нағыз маман болуы өз кәсібін сүйіп, оған адал еңбек етуінен басталады. Осындай өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаздардың бірі – Арал қаласындағы Жарасхан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытбек Өтемұратов. Ол жас ұрпақтың бойына салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортқа деген қызығушылықты арттыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Бүгінгі таңда спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, тәртіптің, төзімділіктің және табандылықтың мектебі. Осы қағиданы берік ұстанған ұстаз шәкірттерін ұлттық және бұқаралық спорт түрлеріне баулып, олардың қабілеттерін шыңдауға ерекше көңіл бөледі. Әрбір оқушының спортқа деген қызығушылығын оятып, өз мүмкіндігін ашуға жағдай жасау – оның басты ұстанымдарының бірі.
Бақытбектің жетекшілігімен мектеп оқушылары түрлі аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі ғана емес, жастардың спорт арқылы өзіне деген сенімін нығайтып, үлкен жетістіктерге ұмтылуына жол ашқан маңызды қадам.
Соңғы жылдары елімізде ұлттық лига жарыстарының дамуы спорт саласына жаңа серпін беріп отыр. Мұндай додалар жастардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, үлкен спортқа жол ашады. Ұлттық лига – тәжірибе жинақтайтын, кәсіби деңгейге көтерілуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Осындай жарыстарға қатысу арқылы жас спортшылар өз мүмкіндіктерін дәлелдеп, биік белестерді бағындыруға талпынады.
Спорттың өзгешелігі – адамның тек физикалық күшін ғана емес, мінезін де қалыптастыруында. Ол жауапкершілікке, тәртіпке, уақытты бағалауға, жеңісті де, жеңілісті де дұрыс қабылдай білуге үйретеді. Сондықтан мектеп қабырғасынан бастап балаларды спортқа баулу – олардың болашағына жасалған маңызды инвестиция.
Бақытбектің кәсіби жолындағы маңызды жетістіктердің бірі – спорт төрешісі (судья) дәрежесіне көтерілуі. Бұл – оның спорт саласындағы білімінің, тәжірибесінің және әділдігінің жоғары бағаланғанының айқын дәлелі. Судья ретінде түрлі жарыстарда төрелік етіп, әділ шешім қабылдауы арқылы ол жас спортшыларға үлгі болып, спорттың басты қағидалары – адалдық пен әділдікті насихаттап келеді.
Ұстаздың қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденісі шәкірттерінің жетістіктерінен көрініс табуда. Білім мен спортты қатар алып жүрген жастардың қалыптасуына қосқан үлесі – қоғам үшін аса құнды еңбек.
Өз ісіне адал, кәсібіне жауапты, шәкірт тәрбиесін бірінші орынға қоятын Бақытбек сынды ұстаздар – еліміздің спорт саласының дамуына зор үлес қосып жүрген нағыз мамандар. Осындай азаматтардың еңбегі арқылы жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығы артып, дені сау, жігерлі әрі елжанды буын қалыптасары сөзсіз.
Гүлайым ИЛЬЯСОВА,
Қызылорда облысы
Арал қаласы
















