Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыстың астықты өңірі Есіл, Жақсы аудандарын аралады. Бірінші кезекте әкімнің Есіл ауданының халқымен кездесуі Заречное ауылдық клубында «сұрақ-жауап» сипатта өтті.
Өңір басшысы ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуында ауылшаруашылығы басымдық ие екенін атап өтті. Ауданның егіс алқабы – 486,6 мың гектар. Бұл – облыс бойынша үшінші орын. Ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл майлы дақылдардың көлемі екі есеге жуық артып 25 мың гадан 45 мың гектарға жетті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ауылшаруашылығы – ел экономикасының драйвері. Биыл біз астықтың рекордтық өнімін – шамамен 7 млн тонна күтіп отырмыз. Өңір кәсіпорындарына бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Бүгінгі басты міндет – орақты дер кезінде жүргізіп, астықты сақтау, өңдеу және өткізу».
«Президент инвесторлармен жұмысты қайта құруды тапсырды. Оның ішінде шағын және орта бизнесті белсендірек қолдау, жаңа преференциялар беру, ұзақ мерзімді инвестицияларға жағдай жасау бар. Келесі жылдан бастап жергілікті бюджеттерде қаржы көбірек қалады: шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы сіздердің бюджеттеріңізге бағытталады. Бұл – ауданның дамуының негізгі көзі әрі әкімдік жұмысының нәтижесін айқындайтын көрсеткіш» – деді облыс әкімі.
Қазіргі уақытта Есіл ауданында жалпы құны 1,7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, кездесуге қатысқан инвестор ауданға құрама жем зауытын, майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын және сыйымдылығы 100 мың тонна болатын астық элеваторын салуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Кездесу алдында әкім Марат Мұратұлы Ақмола облысында өз алқаптарын аграрлық өндіріске алғашқылардың бірі болып цифрландырған кәсіпорын – «Заречное» серіктестігінің диқандармен кездесіп, әңгімеге тартқан болатын.
Шаруашылық 45 мың гектардан астам жер игерсе, оның 42 мыңы егістік. Негізгі өнім – бидай, ол 26 мың гектар жерге егілген. Цифрландыруды енгізу алқаптардың жағдайын нақты бақылауға және өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Алайда бұл қарапайым еңбек адамдардың рөлін кемітпейді. Орақ науқаны тәулік бойы жүргізіледі, ал механизаторлардың еңбегі жоғары бағаланады – науқанның қызған шағында машинистердің жалақысы күніне 120 мың теңгеге дейін жетеді деген мәліметтерде.