Облыста агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамуда

Облыста   агроөнеркәсіп   кешені қарқынды дамуда

 

Ауылшаруашылығы – Жамбыл облысы экономикасының негізгі қозғаушы күші. Мемлекет басшысының ауылшаруашылығының жалпы өнім көлемін 2024-2028 жылдары екі есеге ұлғайту жөніндегі нақты тапсырмасы өңірдің агроөнеркәсіп кешені үшін жаңа серпін берді. Бұл мақсатқа жету үшін биыл облыстық және республикалық бюджеттерден жалпы сомасы 48,2 млрд теңге бөлініп, салаға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілуде.

Бөлінген қаржының ішінде 32,2 млрд теңге субсидия ретінде, 11 млрд теңге «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау» бағдарламасы бойынша, ал 5 млрд теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасына бағытталды. Қазіргі таңда бұл қаржының 90 пайызы, яғни 29 млрд теңгесі игеріліп, 5 мыңнан астам шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауға ие болған. Қаржылық инъекциялардың нәтижесінде ағымдағы жылдың жеті айында 149,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрады. Салаға тартылған инвестиция көлемі де артып, 14 млрд теңгеге жетті.

Егіншілік – облыс экономикасының маңызды бөлігі. 2025 жылы ауылшаруашылығы дақылдары 640 мың гектар егістік алқапқа орналастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық. Егіс көлемінің негізгі бөлігін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар (362 мың га), мал азығы (181,3 мың га), майлы дақылдар (38 мың га), көкөніс (31,1 мың га), бақша дақылдары (12,7 мың га), картоп (8,2 мың га) және қант қызылшасы (6,6 мың га) құрайды.

Өңірде ауылшаруашылығы техникасының паркі де үздіксіз жаңартылуда. Биыл 400-ден аса техника сатып алу жоспарланған, қазіргі таңда 255 бірлік алынды (10 комбайн, 245 трактор). Көктемгі егіс жұмыстарына 8 мыңнан аса техника жұмылдырылды. Үкімет тарапынан бөлінген 20 мың тонна дизель отынының 16,4 мың тоннасы өтінім берген 1,7 мың шаруаға таратылды. Бұл – егін науқанын дер кезінде бастауға және қажетті ресурспен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік берді. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы «Кең дала-1» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында шаруаларға 5 пайызбен 4,8 млрд теңге несие берілді. Өнімділікті арттыруға бағытталған минералды тыңайтқыштарды ендіру де бақылауда. Биылғы жылы 99,6 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып, оның 89,7 мың тоннасы таратылды.

Шілде айынан бастап облыста егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 335,9 мың гектар дәнді дақылдардан 400 мың тоннаға жуық өнім, 3,5 мың гектар картоптан 86,9 мың тонна, 16,1 мың гектар көкөністен 548,2 мың тонна өнім жиналды. Жалпы биыл 3,8 млн тонна өнім алу жоспарланған. Күзгі жұмыстарға 9,3 мың ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылып, 4,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді.

Су тапшылығы мәселесін шешу үшін су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Биыл 11 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы орнатылып, жалпы көрсеткіш 66,5 мың гектарға жетті. Бұл технологияларды енгізгендер үшін мемлекет 50 пайыздық субсидия бөліп отыр.

Былтыр өзекті болған мәселенің бірі қант қызылшасы өнімін өткізу болған еді. Биыл облыс бойынша 5,2 мың гектардан қант қызылшасы жиналады деп күтілуде. Басқарма жүргізген таксация нәтижесі бойынша таза салмақта 250 мың тонна өнім алу күтіледі. Меркі қант зауыты «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы қарызын өтеп, қант сатып алу жөнінде форвардтық келісімшарт жасасу үшін жергілікті бюджет есебінен 2,3 млрд теңге бөлінді. Зауыт бұл қаражатты алғаннан кейін 2024 жылғы қабылданған өнім үшін берешегін толық өтеп, қыркүйек айының соңы немесе қазан айының басында жаңа өнімді қабылдауды жоспарлап отыр.

Өңірдің жалпы ауылшаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамы мал шаруашылығына тиесілі. 2025 жылдың жеті айында 64,8 мың тонна ет өндіріліп, көрсеткіш 5,4 пайызға артты. Ет экспорты да белсенді жүргізіліп, жыл басынан бері 1615,2 тонна ет пен 340 тонна шұжық өнімдері экспортталды. Облыста ет өндірісін дамыту мақсатында сыйымдылығы 1000 бастан жоғары 9 мал бордақылау алаңы, 2 ірі ет өңдеу кәсіпорны («Меркі ет комбинаты» ЖШС, «Первомайские деликатесы» ЖШС) жұмыс істеп тұр. Сүт өндірісі де өсіп, 130,8 мың тоннаға жетті. «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы аясында 15 инвестициялық жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 4 жоба сүт тауарлы фермаларын қарастырады. Құс еті өндірісінде «Әулие-ата Феникс» ЖШС-нің құс фабрикасының қуаттылығы 10 мың тоннаға жеткізілсе, Байзақ ауданында «Алель Агро» ЖШС-нің жылдық қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасы іске қосылды. Облыс көлемінде ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіпорын тіркелген, оның 160-ы тұрақты жұмыс істеп, 2,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту мақсатында ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жөніндегі жол картасы шеңберінде 2025-2027 жылдар аралығында 47,5 млрд теңгеге 19 инвестициялық жоба іске асырылып, 270 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 2025 жылы 32,1 млрд теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру көзделуде. 2024 жылы қаржыландырылған жобалар алдағы уақытта жылдық сүт өндірісін 15 мың тоннаға ұлғайтуға және қоймалардың сыйымдылығын 10 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді.

Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов бұл жұмыстар туралы: 

«Аграрлық сектор – біздің облыс экономикасының негізгі тірегі. Жамбыл облысының табиғаты шаруашылыққа өте қолайлы. Біздің басты мақсатымыз – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін екі есеге ұлғайту. Ол үшін мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржылық және техникалық қолдаулар өте маңызды. Субсидиялар, жеңілдетілген несиелер және жанар-жағармаймен қамту – шаруалардың еңбегін жеңілдетіп, өнімділікті арттыруға зор мүмкіндік береді. Біздің өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор. Қант қызылшасы мәселесінде де алға жылжу бар. Меркі қант зауытының шаруаларға қарызы толық өтеліп, жаңа өнімді қабылдауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаруаларға үлкен сенім ұялатады. Жылдан-жылға ауылшаруашылығының дамуына үлес қосып, өңір экономикасын алға жылжытатын боламыз», – деді. 

Қорыта айтқанда, ауылшаруашылығы облыс экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналып, жыл санап алға ілгерілеп келеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысымыз бойынша белгіленген межелерге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы
26.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 348
Бас жоспар   жарты млн тұрғынға арналған
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы (Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі негізінде дайындалды) - 25.09.2025 197
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 493
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 337

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18251
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18111
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33301
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31852
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35568