Кітапқа қызығушылық әлі жоғалған жоқ

Кітапқа қызығушылық әлі жоғалған жоқ

Цифрлық дәуірде жастардың кітап оқуға деген ықыласы төмендеді деген пікір жиі айтылады. Алайда бүгінгі оқырманның талғамы мен ақпаратты қабылдау тәсілі өзгергенімен, кітаптың адам руханиятындағы орны әлі де берік.

Қазіргі қоғамда жастардың қолынан смартфон түспейтініне қарап, олардың кітаптан алыстағанын айту оңай. Әлеуметтік желі, қысқа бейне, жедел ақпарат тасқыны оқу мәдениетіне әсер етпей қоймайды. Дегенмен жастарды жаппай «кітап оқымайды» деп бағалау дұрыс емес. Өйткені оқу мәдениеті технологияға ғана емес, адамның ішкі қызығушылығы мен ізденісіне байланысты.

Жастар арасында жүргізілген шағын бақылау да осыны аңғартады. Кітапқа қызығушылық жоғалмаған, тек оны таңдау және оқу формасы өзгерген. Бірі қағаз кітапты ұнатса, енді бірі электрондық немесе аудионұсқаны пайдаланады. Яғни цифрлық технология кітапты ығыстырып қана қоймай, оның таралу арнасын да кеңейтті.

Сонымен бірге қағаз кітаптың өзіндік артықшылығы бар. Телефоннан мәтін оқып отырғанда әлеуметтік желіден келген хабарлама адамның назарын оңай бөледі. Ал кітапты қолға алып, тыныш ортада оқу зейінді бір арнаға жинауға мүмкіндік береді. Сондықтан дәстүрлі кітаптың құндылығы цифрлық орта күшейген сайын да сақталып отыр. Оқырманның кітаппен бетпе-бет қалатын сәті әлі де маңызды.

Бүгінде жастардың кітап таңдауында да өзгеріс байқалады. Классикалық шығармалармен қатар психология, тұлғалық даму, мотивация және ғылыми-танымдық әдебиеттерге сұраныс артқан. Бұл жас буынның өзін тануға, қабілетін дамытуға ұмтылысын көрсетеді. Ең маңыздысы – жастар оқығанын өз ортасында талқылап, пікір алмасуға бейім.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жеке адамның таңдауы ғана емес, қоғамдық ортаға да байланысты. Осы бағытта қолға алынған бастамалардың маңызы зор. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның мақсаты – ұлттық әдебиетті қолдау, оқырман қатарын көбейту және отандық кітап индустриясын дамыту.

Меморандум аясындағы негізгі жобалардың бірі – республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны. Биыл оған бір миллионнан астам адамды тарту жоспарланып отыр. Қатысушылар қазақ және орыс тілдеріндегі 300-ден астам шығарма ұсынылған тізімнен таңдау жасап, 15 кітапқа дейін оқи алады. Жоба нәтижесінде оқылым санын 15 миллионға жеткізу көзделген.

ҚР Журналистер одағының мүшесі Назым Қожамардың пікірінше, оқу мәдениетін қалыптастыруда мерзімді басылымдардың да өзіндік орны бар.

«Бүгінгі газет – тек қолға ұстайтын қағаз емес. Оның баспа нұсқасы, сайты, әлеуметтік желідегі парақшалары, бейнежобалары мен электронды мұрағаты біртұтас ақпараттық жүйеге айналды. Сондықтан газет оқу да адамның ақпаратты саралап қабылдауына ықпал етеді», дейді Назым Қожамар.

Философия ғылымдарының докторы Эльмира Мырзалиева кітаптың тұлға қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, кітап оқу адамның сыни ойлау қабілетін дамытып, дүниетанымын кеңейтеді әрі сөздік қорын байытады. Сондықтан жас ұрпаққа кітап таңдауды үйретудің өзі маңызды.

«Кітап оқу адамның сыни ойлау қабілетін арттырып, дүниетанымын кеңейтетін және сөздік қорын байытатын маңызды рухани құрал. Жастарға жасына сай, қызығушылығына сәйкес әдебиет ұсыну олардың кітапқа деген ынтасын арттырады», дейді Эльмира Мырзалиева.

Сондықтан бүгінгі жастарды жаппай кітап оқымайды деп кінәлау мәселені шешпейді. Керісінше, олардың ақпаратты қалай тұтынатынын түсініп, кітап оқудың заманауи әрі тартымды жолдарын көбейту қажет. Смартфон мен әлеуметтік желі уақыт талабына айналғанымен, кітаптың адам ойына, танымына және рухани дамуына берері бөлек.

Сағадат Бақытбек

25.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26976
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26429
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43783
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39565
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44144